Кешеннің ашылу салтанатында Елбасы Н.Назарбаевтың жолдаған құттықтау хаты оқылды. «Көне де қасиетті Маңғыстауда сан қилы сын сағаттарында ұран отын жаққан кәрі сеңгір Отпан таудың бүгінде мәңгілік отын маздатар тағзым биігіне айналуы жан сүйсінер жаңалық, өткенге деген құрмет – болашаққа деген жауапкершіліктің биік өнегесі дер едім. Бұл кешен түбі терең тарихымызды ұрпақтарымыздың есіне салып, жүректеріне имандылық нұрын сеуіп, ұлы мұраттарға үндеп тұратын болады. Ол, сондай-ақ Маңғыстау өңіріне жолы түсетін қазақстандықтар мен шетелдік туристердің де арнайы іздеп барып тәу ететін қасиетті мекенжайына айналады деп үміттенемін» деген болатын.
Айтқандай-ақ көптеген мәдени, танымдық, патриоттық және рухани көпшілік шаралардың ізгі ордасына айналып үлгерген кешенде қысы-жазы ұрпақты тәрбиелеу, өткенді жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Алыс-жақыннан келген туристердің ат басын тірер нүктесіне айналды. Елімізде жүргізіліп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсат-міндетімен үндес шаралардың қызу ордасына айналған.
Қыста саятшылар мен құсбегілерге арналған «Салбурын», көктемде өлкемізде жаңа жыл боп есептелетін «Амал» мерекесі, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батыр жерлестердің ерлігіне арналған «Ер есімі өшпейді ел есінен», «Ағадан – ақыл, атадан – бата» атты ақындар кездесуі, жазда жастарға арналған «Ай астында алтыбақан» атты этнографиялық шаралар дәстүрге айналып, тұрақты өткізіліп келеді.
Келешекке жоспарланған татымды шаралар да аз емес. Солардың бірі – биыл күзде Маңғыстау облыстық ауылшаруашылық басқармасымен бірігіп егіншілер мен малшыларға арналған «Еңбек мерейі» мерекесін өткізу.
Кешеннің қызметіне Маңғыстау ауданы әкімдігі қолдау көрсетіп келеді. Кешен басшылығы кейбір шараларды бірлесіп өткізіп жүрген Маңғыстау аудандық «Өрлеу» ұжымына ризашылықтарын айтуда. Алайда, кешенде күні бүгінге дейін шешімін таппай, талай әкімнің құрғақ уәдесіне айналып кеткен мәселелер де жоқ емес.Маңғыстау – туристік әлеуетті арттыруға зор мүмкіндігі бар өлке, оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп те келеді. Дала кезіп, Маңғыстаудың табиғатын тамашалап жүрген әрбір турист Отпан тауға келмей кетпейді. Шеттен келген туристерге қызмет көрсетуде олқы соғатын тұстар – құзырлы орындарға қанша айтқанмен, әлі шешімін таппай келе жатыр.
Келім-кетім қонақтардың жайғасуы үшін қажетті шағын қонақүй, намазхана, көлік пен ғаламтор желісі, жол мәселесі, сондай-ақ заманауи әжетхана қазіргі таңда кешен үшін қажетті нысандар болып тұр және кешен басшылығының айтуынша, шешімін таппай келеді.
Кешеннің керегі шешімін тапса – мәселелермен бірге қордаланған талайғы уәделердің түйіні тарқатылары анық.