Жұмыстың қолданбалы бөлігінде математикалық модель мен алгоритмдер негізінде SmartTran бағдарламалық жасақтамасы әзірленгені көрсетілді. SmartTran бағдарламалық жасақтамасын БДБЖ (бақылау-диспетчерлік басқару жүйесі) және ЭЭКЕАЖ (электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматты жүйесі) ақпараттық жүйелерімен біріктіру арқылы цифрлы технология жасалды.
Мұнай құбырын оңтайлы басқару үш жағдайға байланысты: 1) сорғы агрегаттар мен жылыту пештерінің тиімді жұмысын анықтау; 2) мұнайдың тиімді көлемін таңдау; 3) ыстық тасымалдау әдісінің қауіпсіздігін сақтау.
Осы жұмыстың авторлары жасаған SmartTran бағдарламалық жасақтамасы мұнай және мұнай қоспаларын тасымалдауды оңтайлы басқару жүйесін анықтау және энергияны үнемдеу мәселесінің шешімін анықтады. Энергия үнемдеу мәселесі – мұнайды құбырмен тасымалдау ісіндегі маңызды мәселелердің бірі. Мұнайды құбырмен тасымалдау – күрделі энергетикалық жүйе және энергия үнемдеудің тиімді технологиялық режімдерін анықтау мен басқаруға тікелей байланысты.
SmartTran бағдарламалық жасақтамасы оған ұқсас көптеген шетелдік бағдарламалармен салыстырғанда келесі артықшылықтарға ие:
1. Депрессорлық қоспаны қолдану арқылы тез қататын мұнайды тасымалдауда энергия үнемдеу сорғы агрегаттарының оңтайлы режімдері арқылы анықтады; 2. Қыздыру пештерінің үнемді жұмыс істеуін мұнай құбырының гидравликалық және жылу көрсеткіштеріне байланысты мұнай қоспасын ыстық айдаудың оңтайлы температурасын анықтады; 3. Жанармай мен электр энергиясы тарифтерінің айырмашылығын ескере отырып, мұнай қоспаларын тасымалдаудың технологиялық режімдерінің экономикалық тиімділігін анықтады. БДБЖ және ЭЭКЕАЖ жүйелерінен алынған нақты мәліметтер SmartTran бағдарламасының жаңа модульдерін жасауға мүмкіндік берді. SmartTran бағдарламалық жасақтамасын БДБЖ, ЭЭКЕАЖ-мен біріктіру «құбыр – мұнай айдау стансасы» жүйесінің жұмысын бақылауға және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның мұнай құбыры арқылы мұнай қоспаларын тасымалдауда энергия үнемдеу режімдерінің экономикалық тиімділігін анықтауға мүмкіндік берді.SmartTran бағдарламалық жасақтамасы 2015 жылдан бастап «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 24 технологиялық учаскесін, 35 мұнай айдау стансасын, 7 жылыту бекетін, 200 сорғы агрегатын, 67 жылыту пештерін пайдаланатын, жалпы ұзындығы 5377,3 шақырым магистральдық мұнай құбырларында енгізілді.
Бұл расталған инновациялық зерттеменің нәтижелері мен жоғарыда келтірілген пікірлердің негізінде «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай құбыры бағыттары бойынша мұнай және мұнай қоспаларын тасымалдауда энергияны үнемдеуді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету» атты ғылыми-практикалық жұмыс пен оның авторларын (Е.Қ.Бейсембетов, Т.Т.Бекібаев, Ұ.Қ.Жапбасбаев, Б.К.Кенжалиев, Е.Махмотов, Б.Қ.Саяхов) Қазақстан Республикасының 2019 жылғы әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына әбден лайық деп санаймыз.
Алтынбек Қамшыбек, Павлодар мұнай тасымалдау басқармасының басшысы