Фестивальдың Би-аға ауылында ұйымдастырылуы да тегіннен- тегін емес. Әйет ауылдық округіне қарасты Новоильин елді мекенінің жанында отыз жылға жуық уақыттан бері Қола дәуірінің қорымы қазылып жатыр. Археологиялық экспедицияның жетекшісі Эмма Усманова өзінің әр елдегі әріптестерімен, пікірлестерімен ақылдаса келе, осы фестивальдың дәстүрлі өтіп тұруына бел байлапты. Фестивальға Ресейдегі және Қазақстандағы қолөнер орталықтары мен тарихи қалпына келтіру клубтарының мамандары жиналды. Оның ашылу салтанатында Эмма Усманова Норвегияның атақты археологі және саяхатшысы Тур Хейердалдың қызы Хелена Элизабет Хейердалдың хатын оқып берді. Ол хатта әкесінің құрметіне аталған фестивальды мақтаныш тұтатынын жеткізіпті. Сонымен қатар әкесі секілді тарихты, өткенді зерттеу жас ұрпақты рухани байытатынын, білімін молайтатынын айтып, фестивальға табыс тілепті.
Тобыл өңірінде екінші рет өтіп отырған халықаралық фестиваль ғылыми қоғамдастық пен жалпы жұртшылықтың арасындағы көпір болуды мақсат тұтты. Ұлы дала төсінде кімдер өтті, ежелгі бабалардың қандай ізі қалды, адамзат өркениетіне олар қандай үлес қосты? Фестивальды ұйымдастырушылар осы сұрақтар әркімнің көкейінде тұруы керек деп біледі.
– Ұлы далада жылқының қолға үйретілуі, арба доңғалағының, металл балқытудың, тоқыма ісінің, атқа міну өнерінің пайда болуы, қола дәуірінің әшекейлері адамзат тарихындағы жаһандық маңызы бар жаңалықтар болатын. Бізге олар туралы ақпараттың барлығын археологиялық ескерткіштер жеткізді. Фестиваль қонақтары жаңғыртқан, қайта қалпына келтірген археологиялық материалдар тамыры тереңге кеткен тарихымыздан мол мағлұматтар береді, ең бастысы қоғамдық тарихи сананы сілкиді, – дейді Лисаков археологиялық экспедициясының жетекшісі Эмма Усманова.
Фестиваль қонақтары ежелгі адамдар пайдаланған қарудың, құралдардың, киімдер мен ыдыстардың жүннен, теріден, саз балшықтан, ағаштан, қамыстан, тастан жасалу технологиясын көрсетті. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің «Margulan centre» археологиялық орталығындағы «Umai» ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі, қалпына келтіруші, құрастырушы Татьяна Крупа ежелгі замандағы тоқыма бұйымдарын зерттеп, жаңғыртып, ұсынып жүр.
– Тас, қола дәуіріндегі ежелгі бабалар бастаған технологияларды өркениет дамытты, бірақ түп негізі өзгерген жоқ. Жүннен жіп иірудің, тоқудың, тіпті металл балқытудың алғашқы «әліппесі» біздің дәуірімізге дейінгі ғасырларда қалай болса, әлі де сол күйінше, тек дамыды. Оларды неге тек қана археологтар, ғалымдар білуі тиіс? Ғылым мен жұртшылықтың арасы жақындауы керек. Мен Украинадағы харьковтіктер тоқыған ұзын түктікілемді жаңғыртып жүрмін. Қазір ол ұмытылған. Ежелгі бабалар қалдырған олжаның барлығы да ортақ мұрамыз. Украина Дешті Қыпшақ даласымен шектеседі, Ұлы даламен жалғасып жатыр. Түктікілемдер, жалпы тоқыма қазақ даласында, түркі жұртында да керемет дамыған. Осылардың тарихы бүгінгі, келер ұрпақ үшін таусылмайтын руханият, – дейді Татьяна Николаевна. Өткен ғасырдың аяғына дейін қазақтың әр қызы кілемші еді... Фестиваль қонақтарының әңгімелерінен бізге де үлгі алатын игі істерді байқадық. Ресейдің Челябі облысынан келген «Археос» тарихи жобалар орталығы, Ханты-Мансыдан келген «Халықтың көркемдік кәсіпшілік пен қолөнер» орталығы да жұмыс бағытын мектеп оқушыларына, балаларға бағыттаған.
– Балаларға өлке тарихы туралы ауызбен айта салу өте жеңіл. Ал ежелгі бабалардың құралын, қаруын, тұрмыстық заттарын олар қолымен ұстап көргендегі, бұйымдарды өздері жасауға тырысқандағы нәтиже тіпті бөлек. Бұл ең алдымен баланың бойында туған өлкеге деген патриоттық, ұлттық сананы қалыптастырады. Өйткені бала туған жер тарихы туралы тек естіп қоймайды, оны өзінің әрекеті арқылы түйсінеді. Бала компьютерге қадалудан, түрлі бос қиялдан тұратын фильмдерге қызығуден аулақ болады, олар ерте бастан ғылымға, сараптама жасауға қалыптасады, – дейді «Археос» тарихи жобалар орталығының жетекшісі, ғалым Иван Семьян. Ол балаларға тастан, балшықтан құрал жасап көрсетті.
Андрондықтардың, сақтардың, ғұндардың, қыпшақтардың, алтынордалықтардың киім үлгісі көрсетілген «Great Steppe Fashion» шеруі фестивальдың ең қызықты тұсы болды. Ұлы далада өркениеттің эволюциялық жолмен дамығанына жылқыны қолға үйреткен ежелгі бабалардың шалбар ауын төмен, кең етіп тіккені, әйелдің шашын жинауы үшін бас киімді соған лайықтауының дәлел екені көзге ұрып, көңілге қонады. Алтынордалықтардың жібекті пайдалана бастауы, көшпелілер өркениетіндегі бесік, шаңырақ киіз, садақ секілді жаңалықтар танымдық жағынан қызықтыра түсті. «Desht-Thor» II халықаралық ежелгі технологиялар мен мәдени коммуникациялар фестивалінің бағдарлама ауқымы өте кең болды. Оған қатысушылар жергілікті музейлерде семинар өткізді, Лисаков археологиялық қазба орнына саяхат жасады. Мұның барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған кемел ойлар мен келелі істер аясынан табылуымен қатар, өлкенің туристік тартымдылығын да күшейте түсері анық. Ұйымдастырушылар мен демеушілер фестивальды келер жылы Лисаков қаласында өткізуге пәтуаласты. Қостанай облысы, Бейімбет ауданы