Сейсенбі, 14 мамыр 2013 2:54
Жақында «Нұр Отан» ХДП Алматы калалық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесі генерал Рүстем Қайдаровтың төрағалық етуімен кезекті мәжілісін өткізді. Онда Алматы қаласы бойынша сот актілерін орындау департаментінің жұмысы қаралды.
Жақында «Нұр Отан» ХДП Алматы калалық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесі генерал Рүстем Қайдаровтың төрағалық етуімен кезекті мәжілісін өткізді. Онда Алматы қаласы бойынша сот актілерін орындау департаментінің жұмысы қаралды. Аталған департаментте басшының тұрақтамауы (бір жылда үш бастық ауысқан), өткен жылы Қаржы полициясы тарапынан департаменттің 9 қызметкеріне қылмыстық істің қозғалуы, прокурорлық қадағалау актісімен 168 лауазымды тұлғаның тәртіптік жауапкершілікке тартылуы, 65 адамның жұмыстан босатылуы (оның ішінде жұмыс өтілі үш жылдан жоғары 46 сот орындаушы), бүгінгі күні 19 сот орындаушының орны бос тұрғаны қоғамдық кеңес отырысының негізгі тақырыбына айналды.
«Ауруы» асқынған сала
2012 жылы Сот актілерін орындау департаменті сот орындаушыларының өндірісінде жалпы сомасы 837 185 385 376 теңгені құрайтын 105735 (оның ішінде 10982 іс алименттер бойынша), ал 2011 жылы жалпы сомасы 611 196 521 947 теңгені құрайтын 92286 атқарушылық құжат болған. Бұл мәліметтер 2012 жылы өндірістегі құжаттардың саны 2011 жылмен салыстырғанда 13449 құжатқа немесе 13 пайызға ұлғайғандығын көрсетеді. Ал 2012 жылы аяқталған өндірістегі істердің саны – 42917 (алименттерді есептемегенде), сомасы – 201 494 045 506 теңге, яғни, жалпы сомасы 152 373 024 854 теңгені құраған 45776 іс қаралған 2011 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9 пайызға аз. Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша, орындалған атқарушылық құжаттардың 9 пайызға төмендеуіне бірнеше фактор әсер еткен. Мәселен, аймақтық бөлу қағидаты бойынша штаттық кестенің өзгеруі ешқандай оң нәтиже бермеген. Сондай-ақ, атқарушылық құжаттардың жалпы санының 13,5 мыңға ұлғаюы да осы факторға негіз болып отыр. Әкімшілік, коммуналдық және банктік қарыздарды өтеу туралы атқарушылық құжаттардың көптеп түсуінің де кері әсері байқалады. Аймақтық бөлімдер бойынша жеке статистикалық есептердің болмауына байланысты заттай айғаққа сәйкес статистикалық есеп бойынша жан-жақты сараптама жүргізу мүмкін болмаған. Атқарушылық құжаттар мәліметтер базасына толық көлемде енгізілмеген, ал атқарушылық құжаттарды тіркеуді есепке алу журналдары мүлдем жүргізілмеген.
Біз жоғарыдағы мәліметтерді қоғамдық кеңестің тексеру қорытындысынан келтіріп отырмыз. Осы орайда бұл саланың жұмысындағы кемшіліктер Алматы қалалық прокуратурасының басқарма бастығы Б. Шәрібаев тарапынан да үлкен сынға ұшырағанын айтып өткіміз келеді. Прокурордың айтуынша, бұл кемшіліктер борышкерлердің өз қарыздарын өтеу қабілетінің жоқтығынан, соттардың талап-арыздарды қамтамасыз ету бойынша, ал тергеу органдарының қылмыстық жауапкершілікке тартылатын тұлғалардың мүлкін анықтау және тыйым салу бойынша шара қолданбағандықтарынан, сот орындаушылардың сот актілерін орындауға құлықсыздығынан туындап отырған тәрізді. Сондай-ақ, кәсіби біліксіздік, кадрлардың тұрақтамауы, сот орындаушылар жалақыларының төмендігі, сыбайлас жемқорлық, әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы мен сот орындаушылардың қорғалмауы да осы сала қызметіндегі кемшіліктерге негіз болып отыр. Сот орындау органдарындағы материалдық-техникалық базаның төмендігі, бұл саланың басқа мемлекеттік органдармен, мәселен, мүлікті тіркеу, борышкерлерді іздеу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мекемелерімен байланысының жоқтығы, сот актілерін орындамағандарға жауапкершіліктің жеңілдігі де осы сала жұмысына кері әсер етері сөзсіз. Тағы бір алаңдататын мәселе – департаменттің лауазымды тұлғаларының жемқорлыққа біртабан жақындығы. Сондықтан сыбайлас жемқорлық тақырыбы әл-әзірге күн тәртібінен түседі деуге сенім аз.
Сонымен, қоғамдық кеңес отырысында әңгіме болған бұл тақырып арқылы Алматы қаласы сот актілерін орындау департаментінің жұмысының қандай дәрежеде екеніне көз жеткізгендей болдық. Көпке түсінікті бір ауыз сөзбен «бардак» деп бағалауға болады.
Не істеу керек?
Осы күнгі отырыс кезінде қоғамдық кеңес мүшелері Алматы қалалық сот актілерін орындау департаментінің жұмысын сынап қана қоймай, тығырықтан шығудың жолын да қарастырғандай болды. Кейбіреулер жеке сот орындаушылардың қызметіне көңіл бөліп, осы салаға баса назар аудару қажеттігін, жеке сот орындаушылардың санын арттыруды, жеке сот орындаушылар институтын нығайтудың қажеттігін тілге тиек етті.
Алматы қаласы бойынша жеке сот орындаушылардың өңірлік алқасының төрағасы А. Қайдаров өз пікірін былай өрбітті:
– Жеке сот орындаушылары, ең бастысы, өздері үшін жұмыс істейді. Олардың табысы істен өндірілген соманың он пайызын құрайды. Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша 46 жеке сот орындаушылары қызмет істейді, олардың өндірісінде бес мыңнан астам атқарушылық құжаттар бар. 2011 жылдың қыркүйек айынан бері жұмыс істей бастаған жеке сот орындаушылар институтына жеке тұлғалардың да, заңды тұлғалардың да сенімі артып келеді. Алдағы уақытта Алматы қаласында екі жүзге жуық жеке сот орындаушы болады деп жоспарлап отырмыз. Бұл қоғамдық кеңестің бүгінгі отырысында сын сойылына ұшыраған сот орындаушылық қызметтің жақсаруына оң әсер етеді деген сенімдемін.
Ал «Атамекен» қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Ж.Сүлеймановтың айтуынша, орындау өндірісі жүйесі ең артта қалған және тиімсіз мемлекеттік жүйе болып отыр. Басқа мемлекеттік салалардың жұмысы күннен күнге жақсарып отырса, орындау өндірісі жүйесінің қызметі кері кеткен. Бұған сот орындаушыларына өз міндеттерін орындау үшін көптеген өкілеттіктер қарастырылған 2010 жылғы орындау өндірісі туралы жаңа заңның қабылдануы да, заңдарға сот орындаушылардың талаптарын орындамағаны үшін борышкерлерге артылатын жауапкершіліктің артуын қарастыратын өзгертулердің енгізілуі де өз септігін тигізген жоқ.
Орындау өндірісінің мұндай мүшкіл халінің бірнеше себебі бар, оның ішінде, сот орындаушыларына тапсырылатын істердің көптігі (орта есеппен Алматы қаласында бір сот орындаушыға жылына 1000 істен келеді), төмен материалдық-техникалық база, сот орындаушыларының мардымсыз жалақысы. Бүгінгі таңда аталмыш кемшіліктерді жою қиын немесе тіптен мүмкін емес. Барлық ішкі ресурстардың таусылғандығын, жаңа шешімдердің қажеттілігін орындау өндірісі өкілдерінің өздері де мойындап отыр. Орындау өндірісі жақсармады және жақсармайды, керісінше, бұл жүйедегі жағдай одан сайын нашарлайды, өйткені, жылдан жылға орындалатын құжаттардың саны, соған сәйкес әрбір сот орындаушысына артылатын жұмыс көлемі де ұлғаяды. Кейбіреулер орындау өндірісінде қордаланып қалған мәселелерді шешу үшін сот орындаушыларының жалақысын көбейтуді ұсынады. Алайда, бұл шешімді дұрыс деп ойламаймын, өйткені, жалақыны көбейткеннен сот орындаушысына артылатын жұмыс көлемі азаймайды. Орындау өндірісінің тиімділігін арттыру үшін соттан орындау құжатын электронды пошта арқылы алудан бастап, борышкерлермен және өндіріп алушылармен қарым-қатынас орнатуға дейін оны толық автоматтандыру керек деп ойлаймын. Бүкіл орындау өндірісін салықтық құқықтық қатынастағы сияқты электронды форматқа өткізу керек. Сонда сот орындаушысы борышкерді қуып әуре болмай, тек компьютердің бір түймесін басу арқылы борышкерге хабарлама немесе қаулы жібере алады. Электронды құжат орындалмаған жағдайда сот орындаушысы электронды пошта арқылы сот шешіміне ыждағатсыз қарайтын борышкерге әртүрлі жазалау шараларын қолдана алады. Осылайша, сот орындаушысының борышкерді іздеуге, оған өз талаптарын орындатуға кететін уақыты бірнеше есеге азаяды, қағаз құжаттардың көлемі, оларды жоғалтып алу қаупі едәуір төмендейді, сот орындаушысының өндіріп алушылармен және борышкерлермен бетпе-бет кездесулерінің азаюынан жемқорлық заң бұзылушылықтардың саны кемиді. Орындау өндірісін автоматтандыру заңға өзгерістер енгізуді және материалдық, ұйымдастырушылық шығындарды талап етеді. Бірақ автоматтандыруға күш салу жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, орындау өндірісінің тиімділігін ғана емес, халықтың мемлекетке деген сенімін арттырады.
Тобықтай түйін
Қоғамдық кеңес отырысында сынға ұшыраған Алматы қаласы бойынша сот актілерін орындау департаментінің бастығы А.Апиев те сөз сөйледі. Өзінің айтуынша, ол Әділет министрінің ұсынысымен осы саланы жөндеу үшін Қарағандыдан келген екен. Бұл департаменттің тізгінін ұстағанына көп уақыт бола қоймаған. Дегенмен, біз осы мақаланы дайындау барысында А.Апиевке жолығып, оның да пікірін білгіміз келді. Не істеу керек, қалай істеу керек, қашан істеу керек деген сияқты сұрақтарға жауап аламыз ғой деген ниетіміз болған-ды. Есік аузында тұрған күзетші ғимарат дәлізіндегі «окошкада» отырған қызға жолығыңыз деді. Ол жерде отырған қыз «бастықтың қабылдауына қатысты мәселені мен шеше алмаймын, «начальницаға» жолығыңыз» деді. Ал ол жерде «начальницасы» жоқ екен. «Ол қайда?» деген сұрағымызға әлгі қыз «начальница» жоғарыда отырады, қашан төменге түсетінін білмеймін» деді. Дегенмен, бастық қыз да келді, құжатымызды көрді, бірақ ләм-мим үндеген жоқ. Сонымен, күзетшінің алдынан бір қайтып, «окошкадағы» қыздың алдынан тағы қайтып, «начальницасынан» жауап ала алмай, департамент бастығымен кездесуден күдер үзіп, кері қайттық. Мақаламыз аталмыш департаменттің қызметі жөнінде болса да, оның бастығының бірауыз пікірін бере алмағандығымыз сондықтан. Ал, осы бір «ауру» саланы сауықтырудың жолы туралы айтамын дейтін адам болса, сұхбаттасуға әзірміз.
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.