Облыс орталығындағы Достық үйінде «Еліміздің жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ашылған дайындық бөлімдері және шетелдердегі қазақ жастары» тақырыбында кездесу өтті. Оған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының, облыстық ішкі саясат басқармасының басшылары, «Отандастар» коммерциялық емес АҚ мәдени-ғылыми департаментінің мамандары мен өңірдегі студент жастар қатысты.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Болат Зауыттың сөзінше, жалпы басты мақсат – қазақ жастарын елге қайтару. Жергілікті халқымыздың демографиялық ахуалын ескере отырып, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресейде тұрып жатқан қазақ отбасыларының ұл-қыздарын атамекенге әкелу, оқыту, қолдау, осы жерде орнықтыру. Былтыр педагогикалық институтта дайындық тобы ашылып, оған 38 талапкер қабылданған. Жастардың барлығы тегін жатақханамен қамтамасыз етілген. Оларды тегін емдеу жөнінде қаладағы емханалардың бірімен келісімшарт жасалған.
–Біз жыл сайын алыс-жақын шетелдерде тұрып жатқан қазақ отбасыларымен кездесіп, олардың ұл-қыздарын атамекенге тарту жөнінде үгіт-насихат жүргіземіз. Елге келіп, білім алып, тұрақтап қалғысы келетіндер аз емес, – дейді Б.Зауыт.
Биыл Білім және ғылым министрлігі гранттар санын екі есеге дейін көбейтуде. Еліміз бойынша олар 2,5 мың болса, оның 200-і біздің облыстағы жоғары оқу орындарына беріледі. Ал С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетіндегі «Foundation» факультетінің оқытушысы Алуа Жақанованың сөзінше, оқу бағдарламасына сәйкес шеттен келген балалар оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы, қазақ тілі, орыс тілі, қазақ әдебиеті, математика, физика, биология, химия, ағылшын тілі, география пәндері бойынша дайындалуда.
Қазақ тілі сабағы қосымша оқытылады. Сонымен қатар өзге елде туып-өскен балалар қазақ қоғамына тез бейімделіп кетуі үшін патриоттық, құқықтық, адамгершілік бағытында тәрбие жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, еліміздегі «Foundation» факультеттері Елбасының қолдауымен «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» аясында ашылды. Бағдарлама арқылы 2012 жылдың қыркүйегінен Болон үдерісіне бағытталған жаңа форматта білім беріле бастады. Бұдан кейін қазақ диаспорасы өкілдері мен шетел азаматтарына арналған дайындық бөлімі 2014 жылдың қазан айында ашылды. Факультет деканы Сәуле Кісембаеваның айтуынша, басты ерекшелік – еліміз үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім алушылардың дайындық курстары арқылы ҰБТ мен кешенді тестілеуге даярлықтарын тереңдету, базалық сыныптарды бейінді оқыту, қазақ диаспорасының өкілдерін қазақстандық білімге бейімдеу.
Білім алған тыңдаушылардың көбі еліміздің жоғары оқу орындарына түскен. Қазіргі кезде факультетте шетелдік қазақ студенттері, күндізгі дайындық курсындағы тыңдаушылар, қашықтықтан білім алушылар, базалық сынып оқушылары, кешкі дайындық курстарының тыңдаушылары білім алуда. Бағдарлама қазақ диаспорасы өкілдері мен оралмандарға жалпы дайындық деңгейін арттыру, оларға жоғары және орта кәсіптік оқу орындарына түсуге қажетті жағдай жасау мақсатында ашылды.
– Даярлық курсының тыңдаушылары университет өміріне белсене араласады. Спорттық секцияларға, жарыстарға барып, студенттік филармонияда ән салады. Әрбір мемлекеттік мерекеде Қытайдан, Монғолиядан, Өзбекстаннан келген жастар өз өнерлерін көрсетеді. Олардың болашақ мамандығын дұрыс таңдап, өз болашағын өзі анықтау ісінде дұрыс бағыт беретін білікті де білімді мамандар жұмыс істейді, – дейді С.Кісембаева.
Жастарға білім берумен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де міндет. «Халықтың көші-қон туралы» Заңының талаптарын сақтау мақсатында облыстық ішкі істер басқармасы, Көші-қон полициясы қызметкерлерімен кездесулер өткізіліп, жастарға Көші-қон полициясы арқылы керек мерзімге виза беріліп, тiркеуге қойылады. Кешенді тестілеуге қатысу үшін виза ұзартылады. Ал «Отандастар» коммерциялық емес АҚ мәдени-ғылыми департаментінің қызметкері Нұрымжан Жұмағазиннің мәліметінше, квота – 1500 орын. Квота ҰБТ-дан балл жинай алмаған жағдайда ЖОО-ға түсуге мүмкіндік береді. Шетелдердегі қандастарымыз емтиханға құжаттарын онлайн режімде тапсырып, оқуға түсе алады. Олар үшін жатын орын, стипендия қарастырылған.
– Өткен жыл қорытындысы бойынша «Foundation» топтары тыңдаушыларының 82 пайызы білім гранттарына ие болса, 80 тыңдаушы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыды. Биыл да тыңдаушыларымыздың қалаған мамандықтары бойынша еліміздің жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант арқылы түсетіндеріне сенеміз – дейді С.Кісембаева.
Иә, елге оралатын әр қазақ баласы – біз үшін байлық. Б.Зауыттың айтуынша, алда шетелдердегі қазақ жастарын елімізде білім алуға, солтүстік өңірлерде қалуларына жағдай жасау үшін жергілікті әкімдіктермен бірлесе атқаратын жұмыс аз емес.
Павлодар облысы