– «Қазақ хандығы» фильмін тәуелсіздік алғаннан бері түсірілген жобалардың ішіндегі үздік тарихи жұмыс деп білеміз. Шетелден адам алдырмай, отандық киногерлердің көмегімен үлкен еңбекті еңсердіңіз. Айтыңызшы, енді аталмыш фильмнің телехикая нұсқасы көрерменге қашан жол тартады?
– Өзіңіз білесіз, фильмнің идея авторы Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы. Туындыны түсірер алдында арнайы келіп, батасын берді. Сондықтан да ол кісінің сенімінен шығу және ең бастысы күллі қазақ халқының үмітін ақтау үшін аянбай еңбек еттік. Қазір «Қазақ хандығы» сериалының соңғы пост-продакшн кезеңі аяқталып, шығармашылыққа қатысты жұмыстары да толық бітті. Енді шамамен бір-екі аптаның көлемінде «Қазақфильм» сериалды қабылдаса, бірден көрерменімен қауышады деп күтіп отырмыз. Жобаның негізгі тапсырыс берушілері Мәдениет және спорт министрлігі болғандықтан, фильмнің көрсетілуі мен көпшілік арасында насихатталуы мәселесімен толықтай «Қазақфильм» киностудиясы айналысатын болады.
– Білетініміздей, «Қазақ хандығы» жобасының алғашқы маусымында біраз қиыншылық болды. Соның салдарынан діттеген ойларыңыз кинода іске аспай қалды. Ал енді екінші маусымда өндіріске берілген уақыт пен қаржы анағұрлым молынан болғандықтан, картина да жоғары деңгейде шықты. Көрерменнің фильм туралы ойы қандай?
– Әрине алғашқы бөліммен салыстырғанда екінші фильмнің динамикасы да, монтаждық ритмі мен оқиға өрбуі жағы да әлдеқайда көш ілгері. Оның үстіне тәжірибе жинақтап, тарихи фильм түсіру ерекшеліктеріне бой үйреттік. Сондықтан «Алтын тақты» көрермен талғамы мен қызығушылығына барынша бет бұрған жоба деп есептеуге болады. Бір қарағанда экшн болып көрінгенімен, негізінен фильмнің өн бойы тарихи оқиғаларға толы. Сізге бір ғана мысал айтайын. Мәселен, «Қазақ хандығының» бірінші бөлімі мен сериалының дубляжын 3-4-ақ дауыспен атқарсақ, екінші бөлімге бұдан әлдеқайда көп маман тартылды. Одан бөлек, дубляж жұмысы Санкт-Петербургтің «Нева-фильм» студиясында өтті. Яғни, әр кейіпкерге дауысы сәйкес келетін актер тауып, аса ыждағаттылықпен жұмыс істедік. Ал енді туындыны орыс тіліне дубляждауымыздың себебіне келсек, ТМД елдері де біздің фильмдерімізді көріп, тарихымыздан хабардар болсын деген мақсатта туындаған ой болатын. Сонымен қатар кинофестивальдарға қатысу үшін фильм ағылшын тіліне де аударылып, дыбысталды. Халықтың қызығушылығы жаман емес. Мәселен, былтыр «Алмас қылыш» фильмінің орыс тіліндегі нұсқасын интернетке салғанбыз. Оны 3,5 миллионнан астам көрермен көріпті. Фильмнің астында он мыңдаған пікір қалдырыпты. Жағымды, жылы, тілектес лебіздер өте көп. Яғни, бұл деген фильмнің аудиториясы неғұрлым көп болса, соғұрлым біздің мақсатымыз да орындалады деген сөз.
– Бірде сіздің түсірілім алаңыңызда болу мүмкіндігі бұйырды. Ауыл тіршілігінің көрінісін сахналап жатқан едіңіздер. Сонда көпшілік сахнадағы қосшы атты дер кезінде жетектеп шықпай, түсірілім тобын біраз әбігерге салғаны бар еді. Тіпті сонда даусыңыз шықпай қалды... Кейін фильмді көрген кезімде әлгі ат жетектеген жігіт жалпы планда көрінбей де қалыпты. Әрине мұны шығармашылық процесс десек те, «Қазақ хандығынан» кейін жалпы денсаулығыңыз сыр берген жоқ па?
– Дұрыстап қарамаған боларсыз. Мен сол эпизодты әдейі қарап шықтым. Екінші пландағы әскерлердің өтіп бара жатқанын қанша қиналып түсірсек те, монтажда сол эпизодтың фильмге енуін өзім жіті қадағаладым. Өйткені біздің әрбір қиналып түсірген кадрымыздың фильмде болуы үшін де аянбай тер төгеміз. Өйткені бұл – өнер. Режиссер үшін әр эпизод қымбат. Кез келген жобаны қолға алғанда, мейлі ол ауқымды немесе керісінше болсын, барымызды салып жұмыс істейміз. Тіпті түсірілімді аяқтаған соң әбден қалжырап, біраз уақыт өз-өзімізге келе алмай жүреміз. Алайда кино түсіру сонысымен қызық деп ойлаймын. Өз басым әр фильмімнің арасында біраз үзіліс жасап, кітап оқып, табиғатқа шығып велосипед теуіп, спортпен шұғылданып, уақытымды денсаулығыма арнаймын. Басқаша айтқанда, жаңа күш жинап алып, түсірілім алаңына қайта ораламын.
– Қазір кинода оң жаңалық көп. Соның ішіндегі ең елеулісі – кино туралы заңның қабылдануы. Білуімізше, бұл заңды киногерлер көп күтті...
– Рас, кино туралы заңды жасаймыз дегендер көп болды. Алайда, соңына дейін ешкім жеткізген жоқ. Шынын айту керек, бұл мәселеде Арыстанбек Мұхамедиұлының сіңірген еңбегі зор, жан-жақта шашырап жүрген киногерлердің басын қосып, заң жобасын әзірлеуге шақырды. Отандық және шетелдік мамандарды іске қосып, құжатты ортақ жүйеге түсірді. Дайын болған заңды үлкен жанашырлықпен Парламент мінберінде қорғап шықты. Ол кісі киноның барлық кезеңдерін, салаларын жете біледі. Ең бастысы, киноны түсінеді. Ол – жақсы нышан. Мәселен, «Қазақ хандығындағы» Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі сахналарды түсіруге ықпалдастық етіп, рұқсатын алып берді. Қазақ мәдениетіне бес жылдай қызмет етті. Осы ретте қазақ киносына жанашырлық танытып, ұлттық киноға үстемдік беруді көздеген Арыстанбек Мұхамедиұлына алғыс айтуды жөн деп санаймын.
– Кино туралы заңдағы маңызды аспектілерді айтып берсеңіз. Өйткені көпшілік қауым әлі күнге дейін аталған заңды оқып көрген емес.
– Кино туралы заң киноиндустриямызды дамытады. Заңнан маңызды деген бір-екі бапты келтіріп өтейін. Ең алдымен, отандық киноөндірушілер 12% мөлшерінде қосылған құн салығынан босатылады. Мұны бір деңіз. Ал отандық киноны прокатқа шығарған прокаттаушы компания мен фильмнің құқық иеленушілері прокаттан түскен пайдадан 20% мөлшерінде корпоративтік табыс салығынан босатылады. Құжаттың келесі тиімді тұсы осы. Яғни, бұл ұлттық киноға үстемдік беру дегенді білдіреді. Және елімізге шетелдік ірі кинокомпанияларды тарту мақсатында Еуропа, Канада және Ұлыбритания елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, 30% рибейт төлеу механизмі қарастырылған. Одан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Аталмыш заң сөзсіз, кино саласын бір жүйеге түсіретін болады. Ақиқатын айту керек, қазір жақсы, сапалы фильмдер түсіріліп жатыр. Бірақ соны көрерменге лайықты деңгейде жеткізе алмай отырмыз. Бізде отандық және шетелдік прокатқа шығу, тарату мәселесі тұралап тұр. Жоғарыда заңнан келтірген мысалдар негізінен осы мәселені шешуден туындайды. Жақында ғана Канн кинофестивалі аясындағы кинонарыққа қатыстым. Ол – киногерлерге зор мүмкіндік беретін кәсіби алаң. Осындай алаңдарға көп көңіл бөлу керек. Онда жалпақ тілмен айтқанда, әлемнің түкпір-түкпірінен кино саудагерлері жиналады. Әр елдің павильонына кино сатып алу немесе оны тарату мақсатында кіреді. Және ондай агенттер кез келген елдің павильонына кіре бермейді. Яғни, отандық мамандар соларды павильонымызға тарту үшін көп жұмыс істеуі керек. Ал бізде өкінішке қарай, кино сату мен тарату саласында кәсіби мамандар жоқтың қасы. Келесі жылы Канн кинонарығына мықтап дайындалып баруды қазірден бастап қолға алу қажет. Ол жағынан Жапония, Корея секілді елдерден үлгі алсақ, ұтылмаймыз.
– Ұлттық киноға қолдау мемлекеттік орталығы ашылды. Киногерлер арасындағы алғашқы кинобайқау жарияланды. Оған қатысасыз ба және не күтесіз?
– Заң жобасы дайындалып жатқанда «Кино қоры ашылсын» деген ұсыныс айттық. Ол кейін «Киноны қолдау орталығы» болып өз жұмысын бастады. Өте қуаныштымыз. Жақында ғана Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында алғашқы байқауға ұсыным бергендердің қатысуымен ашық қорғау өтті. Оған мен де қатыстым. Әрқайсысымызға уақыт бөліп, жобамызды қорғап шығуға мүмкіндік жасады. Орталықтың бастамасы құптарлық деп ойлаймын.
– Режиссер ретінде сіз авторлық кино түсірумен танылдыңыз. «Қаладан келген қыз», «Сталинге сыйлық» фильмдеріңіз жекелеген кішкентай оқиғаларды баяндап-ақ, жүректі сұмдық бір толқыныс, тебіреніске түсіретін еді. Авторлық фильмге қайта оралғыңыз келе ме?
– Бұл сұрақ мені де көптен бері толғандырып жүр. Суреткер ретінде өзімнің фильмімді жасағым келеді. Биыл бастап жатқан жобам авторлық кино болады деген ойдамын. Ол фильм туралы нақты ештеңе айтқым келмейді. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Шетелдік компаниялармен бірлесіп түсіру жоспарда бар. Уақыты келгенде барлық ақпаратты білетін боласыздар. Әзірге құпия бола тұрсын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Айнұр ИСАЕВА,
журналист