1989 жылдың маусым айында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Коммунистік партиясының тарихында тұңғыш рет жасырын дауыспен партияның Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Конституцияның 6-бабына сәйкес Компартия кеңес қоғамының басқарушы және бағыт беруші күші болғандықтан, оның бірінші хатшысы (Одақта – Бас хатшы) іс жүзінде республиканың бірінші басшысы болып есептелетін. Әрине одақтық басшылықтан кейін. Осының алдында республика Министрлер Кеңесінің төрағасы, одан бұрын Орталық Комитеттің өнеркәсіп саласы бойынша хатшысы қызметтерін атқарғандықтан бұл шешім көпшіліктің қолдауын тапты. Көп ұзамай Қазақ елінің бірінші басшысының басына үлкен ауыртпашылық түсіп, зор сынақтан өтуіне тура келді.
Сол жылы шілде айының 19-21 жұлдызы аралығында КСРО-дағы жетекші көмір бассейндері шахтерлерімен үндесе отырып, Қарағанды кенішінде де кеншілердің үлкен ереуілі бұрқ ете түсті. Шахтерлер экономикалық талаптар қойып, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуді талап етті. Жұмыстарын доғарып, қаланың орталық алаңында үш күн бойы жатып алды. Ереуіл комитеті деген құрылып, оның басшылары шешілмей жатқан проблемаларды сылтауратып, жұртты дүрліктірді, өздеріне саяси ұпай жинады.
Көмір өнеркәсібі одақтың іргелі саласы болып табылатын. 1988 жылы КСРО-да ең жоғары өнімділікке қол жетіп, 771,8 млн тонна көмір өндірілді, соның ішінде Қазақстан бойынша – 143,1, ал Қарағанды бассейнінде – 52,4 млн тонна. Салада 1,5-2 миллиондай адам жұмыс істеді. Соғыс жылдары және одан кейінгі кезеңде шахтер еңбегі елде жоғары бағаланды, жалақы бойынша өнеркәсіп салалары арасынан бірінші орынға көтерілді, билік тарапынан көтермеленіп отырды. Алайда, 70-жылдардың басынан көмір өндіруді арттыру экстенсивті жолмен жүзеге асырылды, сөйтіп жоспарлы түрде залалды салаға айналды. Шахта шаруашылықтары тозды, кеншілердің әлеуметтік жағдайы ауырлады.
80-жылдардың ортасында «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің құрамында 26 жерасты шахтасы болды. Метан газының мөлшері жөнінен олармен тек ағылшын шахталары ғана теңесе алатын: әр тонна көмірге 19 текше метрден келетін, ал мұның өзі кеншілер үшін қатерлі фактор екені белгілі. Қарағанды шахталары көмір мен газдың кенеттен атылып кетуі жөнінен де қатерлі болып есептелетін, оның үстіне төбенің опырылып құлау қаупін қосыңыз. «Осы шахталардың бәрінде де болып шығу үшін жарты жыл уақытым кетті», деп жазды Н.Назарбаев өзінің «Әділеттің ақ жолы» (1991 ж.) деген тұңғыш өмірбаяндық кітабында.
Нұрсұлтан Әбішұлы 1973-1977 жылдары Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы болып қызмет атқарған уақытта металлургтердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында КОКП Орталық комитетінің хатшылығына шығып, Орталық комитеттің арнайы қаулысын қабылдатуға ықпал жасағанын, сол арқылы Теміртау қаласында тұрғын үйлер көптеп салынып, мәдени-тұрмыстық нысандар саны артқандығын тұрғындар әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Облыстық партия комитетінің өнеркәсіп саласына жетекшілік ететін хатшысы, екінші хатшысы болып сайланғанда Нұрсұлтан Әбішұлы өзге де салалармен қатар көмір бассейнінің проблемаларымен белсенді түрде айналысуға тура келді. Жоғарыда айтылғандай барлық шахталарды аралап, кеншілермен жүзбе-жүз кездесті. Проблемалардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерге тіреліп тұрғаны айқындалды. Нұрсұлтан Әбішұлы өзі жазғанындай: «... тағы да орталыққа шабуылға шығуға тура келді. Проблемалардың металлургия комбинатындағы өзіме таныс қырсық атаулымен егіз қозыдай ұқсас екеніне көзім жетті». Көлемді жазба дайындалып, КОКП Орталық комитетіне, одақтық үкіметке жолданды. Соның нәтижесінде КСРО Министрлер Кеңесінің 1980 жылғы 6 наурыздағы «Қарағанды облысының қала шаруашылығын одан әрі дамыту, қалалар мен поселкелер тұрғындарының тұрғын үй және мәдени-тұрмыстық жағдайларын жақсарту туралы» белгілі қаулысы қабылданды. Қаулының облыс тұрғындарына, әсіресе кеншілерге үлкен пайдасы тиді, облыстың экономикасы мен әлеуметтік салаларының әрі қарай дамуына үлкен әсер етті. Міне, сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлының есімі Қарағанды кеншілерінің арасында құрметпен аталатын.
«Ең қиыны, шамасы, шахтерлердің сеніміне кіру болды. Шахтерлер өздерін мойындата алған адамдарды ғана мойындайды. Олар сені ең болмаса ашық пікірлесе алатындай дәрежеде мойындасын десең, онда шахтаға түс, лаваға кір. Шахтердің табиғатын, мінез-құлқын түсіне алмаған адам олар үшін жоққа тән. Меніңше, еліміздің көмір өнеркәсібі өндіретін түрлі аймақтарындағы шахтерлер мен өкімет орындары арасындағы шиеленісе өршіген жанжалдың негізгі себептерінің бірі де осында жатқан сияқты», деп баға береді Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жоғарыда аталған еңбегінде шахтерлер бойында қалыптасқан мінез-құлыққа.
Міне, сондықтан да ол барлық шахталардың өкілдері жиналып, бастарындағы каскаларымен жер соғып жатқан ашулы топтың ортасына сескенбей-ақ еніп, бетпе-бет, ашық әңгіме құруға тайсалмайды. Бұл шешімге қалай келгенін Елбасы былай еске алады: «Ереуілдің себептері туралы ойлана келіп, біз кеншілер жиын өткізіп жатқан алаңға бірден барармыз деп, ұшақтың ішінде-ақ шешкен едім. Қонғаннан кейін әуежайда шағын кеңес өткізіп, обком қызметкерлерінің көңілсіз мәліметтерін тыңдадық. Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Локотунин мені резиденцияға апарып орналастырмақшы болды, «шахтерлер тобыры» тым қызынып тұр, сондықтан Мәскеудің өкілдерін күтейік, деді. «Шахтерлердің қандай мінез көрсетпейтініне кім кепіл? Күте тұрайық, сабаларына түссін, мүмкін үйлеріне тарап кетер», деген сөздері есімде қалыпты. Әңгіменің жай митингімен аяқталмайтынын сездім де, мен облыс әкімшілігінің ғимаратына кірмей, бірден алаңға баруды ұсындым.
Қаланың орталығындағы Совет проспектісінде бізді сол кезде-ақ ашу қысқан шахтерлердің наразы үлкен бір тобы күтіп тұр екен. Шахтер киімдерін киген, көмірдің тозаңынан қап-қара беттерінен көздері жылтырап қана көрінетін олардың бірталайы ұзақ митингіден шаршап, үн-түнсіз каскаларымен асфальтты даңғырлатып соғып отыр. Кейбір шахтерлер мұнда тура забойдан келген тәрізді, беттеріндегі көмірдің қара ұнтағы митингілік ахуалға одан сайын қаратүнек рең беріп тұр. Жағдай қатты шиеленісіп кеткен, айтары жоқ көрініс. Шахтерлердің кәсіподақ жетекшілері облыс басшыларымен келіссөзден бас тартып, Назарбаевтың өзін талап етеді екен.(«Қазақстан жолы», Астана, 2007, 146-бет).
Назарбаев олардың талаптарынан шыға білді. Алаң толы адамдар сілтідей тына қалды. Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай ереуілдердің онсыз да қиын экономикалық жағдай қалыптасқан елге үлкен зардап келтіретіндігін мысалдармен түсіндіре білді. Ереуілшілердің сан алуан қитұрқы сұрақтарына жауап беріп, жергілікті билік органдарына қатысты мәселелердің дереу шешім табатынына сендірді. Ал одақтық көлемдегі мәселелерді шешу үшін Мәскеуден КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары В.Х.Догужиев, КСРО Көмір өнеркәсібі министрінің орынбасары А.Н.Пухтеев шақырылып, олар облыс кеншілерінің талаптарын орындау жөніндегі хаттамаға қол қойды. Ереуілшілер ертеңіне бірі қалмай жұмысқа шықты.
Кеншілер жалақыны өсіру, еңбек демалысын ұзарту, жерастында жұмыс істейтін адамдардың 20 жыл жалпы өтілмен жасына қарамастан, зейнеткерлікке шығуы, өндірілген көмірдің 15 пайызын шахталардың өзі сатуына қалдыру, отынды экспортқа жөнелтуден түскен қаржының 20 пайызын ұжым мүшелеріне бөліп беру тәрізді және т.б. талаптар қойды. Арада біраз уақыт өткенде бұлардың біразы орындалғанымен, қосымша қысым жасау күшейтіле түсті. Қолынан билік тізгіні сусып бара жатқан Мәскеудің көмір өнеркәсібінде ондаған жылдар бойында қалыптасқан қайшылықтарды түзеуге қауқары шамалы еді, деп атап көрсетеді журналист А.Несіпбаев «Қиюы табылған қиындық» деген мақаласында («Елбасына тұғыр болған Сарыарқа» жинағы, Астана, 2014, құрастырушы А.Жанғожин).
Бірінші хатшы атанып, ел тізгінін жаңа ғана қолына алған адам үшін алаң толы гуілдеген ереуілшілермен тіл табыса білу, ереуілді доғарып, дереу жұмысқа шығару бір жағынан билік үшін үлкен жеңіс болса, екінші жағынан хатшыға, болашақ Елбасына қиын жағдайда жол табу, диалогты қалай құру, жұртты сөзіне сендіре білу сияқты қасиеттер қалыптастыруда, сөз жоқ, үлкен мектеп болды.
Мұнан кейін Нұрсұлтан Назарбаевқа елдің бірінші басшысы ретінде (1990 жылғы 24 наурызда Жоғарғы Кеңестің сессиясында ел Президенті болып сайланды) талай алқалы жиында, жаңадан өршіген ереуілге қатысушылар алдында сөз сөйлеп, өз пікірін дәйекті түрде жеткізуге тура келді. Оған тән қасиет – экономика мен саясатта берік бағыт қабылдап, соны табандылықпен жүзеге асыру болды. Сөз бен істің арасында айырмашылық болмауы керек. Сонда ғана халық сенеді, соңыңнан ереді.
КОКП ХХVІІІ съезінде Н.Назарбаев одақтық басшыларды қайта құруды ешқандай айқын жоспарсыз бастағандықтары үшін өткір сынға алды. «Әлемдік нарықтық экономиканы зерттеп жүрміз деген біздің көптеген ғалымдарымыз, тұтас институттарымыз қайда?», деп тосын сұрақ та қойды.
Ал КСРО Халық депутаттарының ІV съезінде: «Мен, мысалы, біздің одақ ыдырай бастады дегенді естіген кезімде үрейге берілуге бейім емеспін. Бұл үшін орталықты тым қатты кінәлауға да бейім емеспін. Неліктен екенін білесіздер ме? Өйткені ерте ме, кеш пе, мұндай нәрсе болуға тиіс еді. Іргесі дұрыс қаланбаған ғимарат ұзақ тұра алмайды», деген мәлімдеме жасады. Бұл сәуегейлік емес еді. Терең талдау, елдің ішкі және сыртқы саясатынан мол мағлұматы бар адамның көзқарасы деп білу керек.
Республика өз құзырындағы мәселелерді дереу шешуге күш салғанымен, одақтық үкімет тарапынан қолдау, көмек көрсетуге пейіл көрсетілмеді. Билік жағынан да, қаржы жағынан да мүмкіндігі әлі шектеулі Қазақстан шешімді әрекеттерді қолдануға шарасыз болды. Сондықтан талаптары толық орындала қоймағандықтан кеншілер бас көтеруі басылмады.1991 жылдың 1-4 наурыз аралығында тағы ереуілге шығу ұйғарылды. Ақыры күтілгендей, 1 наурызда шахталардың бірқатары тоқтады. Ал басқа бір тобы ереуілге қосылмады.
Қарағанды осылай буырқанып тұрған шақта Н.Назарбаев кеншілермен екінші рет кездесуге келді. Төрт сағатқа созылған ұзақ әңгімеде Президент ашық сөз қозғады, жұрт та көкейдегісін ірікпей айтты. Осы жолы күні өтіп бара жатқан одаққа алаңдамай, түйінді мәселелер қолма-қол шешілді. Атап айтқанда, «Қарағандыкөмір» бірлестігі республикалық бағынысқа көшті. Өндірілген көмірдің 5 пайызын импортқа еркін шығаруға, соның есебінен еңбек ұжымдарын азық-түлікпен қамтамасыз етуге, қаржы көздерін іздестіруіне рұқсат берілді. Кәсіпорындардың өзін өзі басқаруына қадамдар жасалды. Бұдан кейін толқу басылып, жағдай қалыпқа түсе бастады. (А.Несіпбаевтың аталған мақаласынан). Бірақ КСРО-ның басқа бассейндерінде кеншілер толқуы толастай қойған жоқ. Президент Н.Назарбаев проблеманы жан-жақты пысықтап, оны шешудің жолын іздеумен болды. Ақыры бір шешімге келді.
Маусымның 14-15 күндері Қарағанды, Теміртау қалаларында Республика Президенті Н.Назарбаевтың шақыруымен КСРО Көмір өнеркәсібі министрі М.И.Щадов, КСРО Металлургия министрі О.Н.Сосковец, КСРО Радиоөнеркәсібі министрі В.И.Шимко болып, Орталық Қазақстан еңбекшілерімен кездесті, көктемде шахтерлер қойған 15 талаптың орындалу барысы талқыланды. Президент пен одақтық көмір министрі Т.Күзембаев атындағы шахтаға түсіп, оның лаваларының бойымен 4-5 километр жүріп өтті, кеншілердің жұмыс жағдайымен егжей-тегжейлі танысқан соң, шахтаның жалпы нарядтық залында бассейннің барлық ұжымдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Белгілі публицист, «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы Н.Оразбеков сол кездесуден мынадай көңіл аударарлық жайттар келтіреді: «Көктемде шахтерлермен кездескенде Президент олардың он бес түрлі талабының орындалуына нақты жәрдемдесуге уәде беріп, шахтерлердің жұмысын тоқтатпауды өтінген болатын... Сөзінің соңында Н.Назарбаев тармақ-тармағымен шахтерлер талабына тоқталып, оның 13-і шешілгенін, екеуі шешілу үстінде екенін хабарлады. Шахтерлер Президент тындырған жұмысқа ризашылығын білдірді. Бірақ Н.Назарбаев ренішін де жасырған жоқ.
– Сіздер 66 күн демалыс алатын боласыздар. Кәдуілгі демалыс, мейрам күндерін қоссақ, жарты жыл ғана жұмыс істейді екенсіздер. Сонда ел байлығы қалай жасалмақ, сіздердің дәулетіңіз қалай артпақ? – деді ол шахтерлерге. Шынына келгенде мұндай демалыс ешбір елде жоқ».
«Ең маңызды оқиға түстен кейін, металлургия комбинатының мәжіліс залында болды, – деп жазады онан кейін журналист. – Қарағанды облысының тарихында тұңғыш рет осында Республика Президенті мен одақтық министрліктер басшылары кездесуінің мазмұндамасына қол қойылды. Шындығында мұны тарихи акт деуге болады... Оның тағы бір маңызы мынада – документ республика мен одақтық органдар ынтымақтастығының жаңа үлгісі. Бұрын одақтық басқару органдары тікелей билеп-төстеп келсе, енді республикамен келісіп, ақылдасып істеуге тиіс. Мазмұндамаға қол қойылғаннан кейін Н.Назарбаев елдегі саяси және экономикалық ахуалға шолу жасады. Ол Қазақстан экономикасының проблемаларын бес саусақтай білетіндігін көрсетіп, дәйекті цифрлар мен фактілер келтірді. Біз 23 миллион тонна мұнай өндіреміз, өзіміз соның 6 миллион тоннасын ғана пайдаланатын елдегі жалғыз республикамыз. 10 миллион тонна астықты басқаларға береміз («поставка» дегені), 30 мың тонна ет, 100 мың тонна жүн, хром рудасының 90 проценті, түсті металдардың 80 проценті экспортқа шығарылады. Мұнымен, әрине республиканың 17 миллион халқы шалқып тұра алады... Қазақстанға жылына 1,5 миллион тонна металл керек. Теміртау 5,5 миллион тонна береді. Біз одан жарты миллион тонна ғана аламыз да, басқасын сырттан тасимыз. Неге олай болуы керек? Немесе Екібастұздың көмірі Ресейдің 87 электр станциясының жемі. Ендеше, Ресей неге кергуге тиіс? Енді бұлай болмайды. Одақтық органдардың қызметі мүлде өзгеруге тиіс. Біздің мазмұндама сол мақсатқа қызмет етеді».
Әрі қарай газетте ел басшысының қаржы-валюта төңірегіндегі ойларынан мынадай деректер келтіреді: «Екібастұз көмірінің тоннасын 6,5 сомнан емес, бері салғанда 12 сомнан сатайықшы, қалай болар екен? Металды 2100 сомнан алады, ал халықаралық рынокта 3,5 мың доллар, хром рудасының тоннасын 27 сомнан алып, 110 доллардан сатады, сары фосфордың 90 проценті шетелге сатылады, бізге тиетіні тиын-тебен ғана. Міне, осы әділетсіздікті қайткен күнде де жоямыз. Мен оған бар күшімді жұмсаймын, деді Президент». («Орталық Қазақстан», «Ел мүддесі бәрінен де жоғары». 18 маусым, 1991 ж.).
Сол жылдың 1 желтоқсанында бүкіл халықтың қолдауына ие болып, Президент болып сайланғаннан кейін Н.Назарбаев ел қамы үшін осы ойларын жүзеге асыра бастады. Арайлап тәуелсіздіктің де таңы атып келе жатыр еді...
Ал ел тарихында елеулі із қалдырған «Шахтерлер ереуіліне» биылғы шілде айында 30 жыл толады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»,
Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
ҚАРАҒАНДЫ