Бүгінде Қазақстан осы тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында экономикасы қарыштап дамыған, озық инновациялармен сусындаған әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты.
Ең бастысы, Қазақстан аймақтағы, тіпті халықаралық белдеудегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың тал бесігіне айналды. Мәселен, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақтылық еткен кезеңде әлемдік қоғамдастық назарын Ауғанстандағы күрмеуі қиын мәселелерге аудара білді. Ауғанстандағы шынайы ахуалды тереңнен қозғап, жаһандық қауіп-қатерді түйсіне білген Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен игі істер қолға алынды. Қазақстан тарапынан да Ауғанстан еліне ауқымды әлеуметтік көмектің көрсетілуі осының айғағы болып отыр. Өйткені терроризм, есірткі тасымалы мен трансшекаралық қылмыстан зардап шеккен ел әлемдік қоғамдастықтың көмегінің арқасында ғана еңсесін тіктейді. Оның үстіне аталған елден бастауын алатын қауіп-қатердің аймақтағы көршілес мемлекеттерге таралмауына ешқандай кепілдік жоқ.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Сирия дағдарысын жоюға бағытталған келіссөздерде де тараптарға араағайындық қылып, жағдайдың ушықпауына, мәселенің бейбіт жолмен шешілуіне елеулі үлес қосты.
Жалпы, бізге Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір ұсынысы, бастамасы терең сараптаулардан, жан-жағын қамтыған талдаулардан құралатыны айқын сезіледі.
Қазақстан Президентінің табиғи бітімгерлік қасиеті аймақтағы көршілердің бітіспес мәселелерін оңтайлы шешуге де ықпалын тигізуде. Айталық, бес мемлекет Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне келгенде ұзақ жылдар бойы келісе алмады. Ақыры Нұрсұлтан Назарбаев «Каспий теңізінің конституциясы» деп бағалаған құжатқа Ақтау қаласында қол қойылып, тараптар мәмілеге келді. Осы кезде бұрынғы шиеленістердің қалай өрістейтініне әлем елдері сырттай көз тігіп отырған болатын. Мәселе Н.Назарбаевтың күш салуымен оңынан шешілді.
Қазақстанның соңғы отыз жылдағы жетістігін, өркендеуін Нұрсұлтан Назарбаевтан бөле-жара қарауға болмайды. Оған қоса, Қазақстан Президентінің ҰҚШҰ мен Еуразиялық экономикалық одақ идеясының авторы және бастамашысы ретіндегі еңбегінің өзі бір төбе.
Сөзімнің соңында еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастап, халықаралық көшбасшы деңгейіне көтерілген Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғарыда атап көрсетілген еңбектері тарих парақтарына алтын әріппен жазыларына сенемін. Өмірдің ащы-тұщысын көріп, еңбектің дәмін білетін адам ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің әлемдік саясаттағы орны тіпті ерекше болып қала береді.
Никита МЕНДКОВИЧ,
Еуразиялық сарапшылар клубының жетекшісі
Мәскеу