• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Шілде, 2019

Сыры бөлек Саудакент

2031 рет
көрсетілді

Қарт Қаратаудың теріскейінде, Шабақты өзенінің оң жағалауында тамырына талай тарихи сыр жасырған Саудакент қалашығы жатыр. Ғалымдардың зерттеуінше, көне қалашық Қаратаудың теріскейі арқылы Тараз шаһарына қатынайтын үлкен керуен жолдың бойындағы ірі сауда орталығы болған деседі. Бұл қалажұрт бүгінде Сарысу ауданының Байқадам ауылдық округінің аумағына қарайды. Кезінде әйгілі ғалым Әлкей Марғұланның өзі Саудакент қалашығын зерттеп, сүбелі еңбек жазып қалдырғаны белгілі. Сонымен қатар Рубрук, Колосовский, Бернштам сияқты ғалымдардың жазбаларынан да көне қалажұрт туралы деректерді кездестіруге болады.

Саудакент қалашығының айналасы 4 метр биіктіктегі қорғаныс дуалдарымен қоршалған. Зерттеулер нәтижесінде, көне қалажұрт VIII-XIII ғасырларға жатады. Қорғаныс дуалдарының ішінде 11 қорғаныс мұнарасы бар. Ежелгі деректерде қалашық X ғасырда Сугулхан атымен, ал XIII ғасырда Сулхан деген атпен белгілі болған. Сарысу ауданында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы Гүлбаһира Боранбаева Саудакент қалашығы кезінде сауда және қолөнер орталығы болғанын айтады. «Бізге жеткен деректер бойынша, Саудакент кезінде мәдениеті мен қолөнері қатар дамыған қала болған. Мұнда Қытай, Пәкістан, Иран елдерінен саудагерлер келіп, түрлі-түсті маталар мен кілемдер саудалаған. Бұл кезең Шыңғыс ханның билік құрған уақытымен тұспа-тұс келеді. Алайда, Шыңғыс хан Саудакенттің соғыссыз берілуін талап етіп, бірнеше рет әскер жіберген деген де деректер бар. Бірақ қала халқы бірден берілмеген. Содан кейін үлкен шайқас болып, қала қиратылады. Күні бүгінге дейін Саудакент қалашығынан қылыштың сынықтары, теріден жасалған тегенелер мен түрлі қару-жарақ табылады. Қазір 5000-нан астам жәдігер мен 1000-нан астам экспонат Байқадам ауылындағы Төкен Мақашев атындағы аудандық музейде сақтаулы тұр», деді бізбен сұхбатында Гүлбаһира Боранбаева.

Жалпы, Саудакент қалашығы туралы тарихи деректер де, аңыз-әңгімелер де көп. Алайда, көне тарих көмбесін ашып, көне қалашықтың көркем әлеміне бойлау – бүгіннің басты талабы. Мәселен, Саудакент қалашығына соңғы рет 2017 жылы қазба жұмыстары жүргізілген екен. Бұл жұмысты Түркістан облысының Отырар ауданынан келген «Отырар» мем­л­екеттік қорық-мұражайының қызмет­керлері атқарыпты. Ал өткен жылы бюджеттен 9 миллион теңге бөлініп, Жам­был облысы бойынша тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының мамандары зер­делеу жұмыстарын жүргізген. Бір айта кетер­лігі, көне қалажұртынан түрлі құмы­ралар мен бірнеше қабаттан тұратын мешіт­тің орны табылыпты. Бұдан кейін де мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, қазба жұмыстары қолға алынса мұнда топырақ астынан әлі де талай қазынаның шы­ғатыны талас тудырмайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі­нің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ла­сында «Біздің жеріміз материалдық мәде­ниеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұ­йымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған», деген болатын. Ұла­ғат тұнған Ұлы даламызда ежелден өр­ке­ниеттің болғаны, озық мәдениеттің қа­лып­тасқаны шын. Тарихтан белгілі, XIV ғасырда сауда жасаушылар үшін теңіз жолы ашылды да, құрлық арқылы жү­ретін керуен жолы өмір сүруін тоқ­тат­ты. Одан кейін ірі сауда орталығы бол­ған қалалар Ұлы Жібек жолының бойын­дағы орталықтарға шоғырлана бастады. Мәселен, тарихшылардың айтуынша, бүгінгі Жамбыл облысының аумағындағы Меркі, Аспара, Баласағұн, Құлан, Өрнек қалашықтары VI-XIV ғасырлар аралығын қамтыған қалаларға жатады. Сонымен қатар теңіз жолы арқылы жүру сол кездегі еуропалықтар үшін әрі қауіпсіз, әрі тиімді болған. Алайда, сол кездегі ірі сауда шаһарлары Ұлы Жібек жолы бо­йындағы ірі орталықтарға шоғыр­лан­ғандықтан, Саудакент қаласы да өзінің өмір сүруін тоқтатты деуге болады. Әри­не көздің жауын алатын жібек, атлас маталар мен әйелдердің алтын, күміс ал­қаларын, моншақ, сырға, білезік, шолпы сияқты құндылықтарды, сонымен қатар бай-манаптардың қымбат киімдері мен қолөнер бұйымдарын саудалайтын сау­да орталығында бұдан өзге де кәсіп түрлерінің болғаны ақиқат.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адам­зат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда бол­ған алғашқы орталықтардың бірі», деп, ерте заманнан бастап қазақ даласында ме­таллургия саласының дамығанын атап көрсетті. Мәселен, Бернштам өз ең­бек­терінде Саудакент қаласында ерте заман­да-ақ металлургияның дамығанын жазған. «Жалпы, Саудакент қалашығы орналасқан Шабақты, Үшбас өзендерінің жағалауы, одан қала берді Қаратаудың теріскейі – тұнған қазына. Мұнда кезінде қорғасын, қалайы, мыс кен орындары болған. Көне қалажұртты мекендеген түргештер мен қарлұқтар кен өндірудің жаңа технологияларын пайдаланған. Со­нымен қатар мұнда зергерлік бұйым­дарды жасау кең етек алған. Бұл туралы Бернштам еңбектерінен оқуға болады. Негізі Саудакент қаласы үш бөліктен тұрған. Қаланың Шахристан бөлігі, шаруашылық аймағы болған. Бүгінде қаланың орталық бөлігі ғана сақталған. Ал басқа бөлігі бүгінгі Байқадам ауылы­ның астында қалып кеткен», дейді Жам­был облыстық тарихи-мәдени ескерт­кіш­терді қорғау және қалпына келтіру ди­рекциясы директорының орынбасары, археолог Сауран Қалиев.

Осы күнге дейін Саудакент қалашы­ғы­нан түрлі тұрмыстық ыдыстар табыл­ды. Сонымен қатар қалажұрт орны­нан күйген кірпіштен қаланған жерас­ты арығы мен темірден жасалған семсер де шыққан екен. Ал осыдан біраз уақыт бұрын Байқадам ауылында тұратын Мертай Ноғайбаевтың бау-бақшасынан бір метр тереңдіктен адам бейнесі ойып салынған балбал тастың табылғаны – ел есінде. Биіктігі 1 метр 20 сантиметр, ал ені 40 сантиметр болатын балбал тас сарай қызметшісінің кейпін аңғартады. Мүсіннің оң жақ жамбасында қанжар, ал сол қолында су ішетін кесе бар. Өзі жалаңбас әрі мұртты, ал шашы беліне дейін түскен ер кісі бейнеленген мүсін ХІ-ХІІ ғасырдағы адамдардың келбетін аңғартып тұрған­дай еді. Бұл балбал тас та бүгінде Сау­да­кент қалашығынан табылған құнды жәдігерлердің біріне жатады.

«Қазақ хандығы үшін Тамды, Құмкент, Созақ, Сығанақ, Саудакент қалаларының маңызы зор. Тіпті Саудакент қаласын көшпелі мәдениеттің орталығы болған деуімізге де болады. Мәселен, сол кезде Қасым хан Қаратаудың күнгейінде орналасқан Сығанақ қаласын қазақ хандығының астанасы деп жариялады. Ал Қаратаудың теріскейіндегі Саудакент қаласының да бай мәдениеті, өзіндік өркениеті қалыптасқан еді. Шабақты өзенінің бойында суландыру аймағы да болған. Осы жерді мекендеген түргештер мен қарлұқтар егін егіп, бау-бақша сал­ған. Қалажұрт орнынан кейіннен түргеш­тердің теңгелері табылған. Алдағы уа­қыт­тарда Сарысу ауданында өндірістік және экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар Саудакент қалашығының орталық бөлігін зерттеуге қаражат бөлініп, ол зерттелетін болса, әлі талай құнды дүниелер табылады. Одан кейін Саудакент қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыруға болады. Кез келген турист келген жерінің мәдениетімен, тарихымен танысқысы келеді», дейді археолог Сауран Қалиев. 

Бүгінде жергілікті жұрт Саудакент қа­ла­шығының орнын Күлтөбе деп те атай­ды. «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, бұл кеңес өтетін, мәміле айтатын жер бол­ған деседі. Ал бүгінде турис­тер тарту мақсатында Бай­қадам ауы­лы­на 3000 түп тал егу, спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Кезінде Сарысу ауданының орталығы болған Байқадам ауылы тарихын тереңіне бүккен Саудакент қалашығымен де айбынды болып көрінеді. Осы уақытқа дейін Саудакент қалашығы түбегейлі зерттелмесе де, әйтеуір өзіндік қолөнері, мәдениеті дамыған қала болғаны белгілі. ХІІІ ғасырдың соңы, XIV ғасырдың басында Арменияның патшасы Гейтүм Қарақорымға моңғолдар­мен келіссөз жүргізуге бара жатқанда, Саудакент қаласы арқылы жүргенін жазып қал­дырған. Осындай құнды жазбалардың өзінен-ақ Саудакент қаласының қандай дамыған орталық болғанын көруге болады. Алдағы уақыттарда қалажұрт орны толығымен зерттеліп, ұрпақтың рухани жаңғыруына үлес қосады деген сенім бар.