• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Шілде, 2019

Абыройы биік офтальмолог

686 рет
көрсетілді

Павлодар қаласындағы Г.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты офтальмолог-дәрігер Қасымхан Тілеубаевпен медицина қызметкерлері күні қарсаңында жолыққан едік.

– Қазіргі заманғы медицина көз ауруларын бірнеше минут ішінде арнайы жабдықтың көмегімен тексеріп бере алады. Бірақ көз дәрігеріне сезімталдық пен жанашырлық, көзі ауырған адамға көңіл бөлу, жан жылуы қажет, – дейді Қасымхан. 

Расында, бұл күндері ауру­ха­наның офтальмология бөлім­шесінің дәрігерлері ең заманауи жабдықтармен, атап айтқанда оф­тальмологиялық коагуляциялаушы лазер когерентті томограф уль­традыбыстық операциялық жү­йе арқылы емдеу шараларын жүргізеді.

– Мысалы, INFINITI VISION офтальмологиялық жүйесін енгізу жоғары мамандандырылған медициналық трабекулоэктомия, көз алмасының энуклеациясына көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ стационарда емделу уақытын қысқартады, көздің тез жазылуына әсер етеді, – дейді кейіпкеріміз. 

Бүгінде көздің көру дең­гейі­нің нашарлауы, ұяшықтың бұлдырауы балалармен жастар арасында жиі кездесе бастады. Бұрын бұл сырқатпен дәрігерлерге қарттар ғана жүгінетін еді. Қазір офтальмологиялық орталыққа күніне 100-ге жуық адам келеді. Жылына 4 мыңнан астам ота жасалады. Орталықта көру қабатын лазер арқылы емдеу мүмкіндігі бар. Жаңа лазерлі аппараттарды қолданғаннан бері офтальмология бөлімшесінде науқастардың кезегі азайды.

– Көз қысымын тексеріп, хи­рургиялық оталар жасап, көз тамырларын қалпына келтіреміз. Ағза ауруларын көз арқылы анық­­тауға болады. Көзге күрделі опе­рациялар да жасалады. Ота түрлері жоғары технологиялы құ­рылғылар арқылы дене жара­қа­тынсыз жасалады, – дейді Қ.Тілеубаев. 

Бұрын тіркеуге тұрғаннан кейін жауап алу үшін жарты жыл күтетін. Ал қазір қала­ған дәрі­герінен 2-3 аптаның ішінде жауап ала алады. Кепіл­дендірілген тегін медициналық көмек аясында емханалардың анықтамасымен келген науқастарға тегін ота жасалады. 

Сонымен қатар Міндетті әлеу­­меттік медициналық сақ­тан­­дыру жүйесі аясында оф­таль­­­­­мологиялық қызмет түр­лері енді сақтандырылған адам­дар­­ға қолжетімді болмақ. Ал, скри­нингтік тексерулерге келетін болсақ, офтолмолог дәрігерлер 40 жастан асқандарға көз қысымын тексертуге кеңес береді.

Аустралиялық «Танго» ла­зер­лік қондырғысы екі бағыт бо­йынша емдеуге мүмкіндік береді. Олардың бірі – глаукоманы емдеу, екіншісі – қайталама катарактаны емдеу. 

Ал, компьютерлік көру син­дромы – уақытының басым көп­шілігін компьютер экраны­ның алдында өткізетін адамдардың көру қабілетінің спецификалық төмендеуі. Астенопия (көру қа­білетінің шаршауы) дегеніміз – көзге салмақ түсіре отырып, жұ­мыс істегеннен кейін көздің ай­на­ласында түйіліп ауыру, күй­діру, «құм» түсіп кеткен­дей бо­лу, көз жанарының айна­ла­­сын­дағы ақтың қызаруы, қара­ған нәр­сенің бұлыңғыр болып көрінуі тәрізді жағымсыз әсер­лердің пайда болуына апарып соқтыратын функционалдық ауыт­қушылықтар. 

Жалпы, ем алушылардың арасында жастар басым, көбінесе миопия ауруы кездеседі. Олай болса, әрбір ата-ана балаларының болашағына немқұрайлы қарам­а­ғаны дұрыс.

Біз әңгімелеп отырған Қасым­хан Тілеубаев облыстық ауруханада 20 жылға таяу уақыт қызмет етіп келеді. Ал, Қасымханның әкесі Абы­лайхан Тілеубаев та офтальмоло­гия орталығында дәрігер-орди­натор. Анасы Ғалия неврология сала­сының маманы.

Қасымхан да әке-шешесі оқып білім алған Семей медициналық иниституын 1999 жылы бітірді. Жолдасы, сүйікті жары Шайзат та дәрігер. 

– Қазір көзге имплантациялық жолмен ота жасауды қолға алдық. Глаукомаға қарсы лазерлік операция жасалады. Оптикалық көз томографын алдық. Лазерлі аппа­рат, микроскоп, тігіссіз ота жа­сайтын машиналар бар. Об­лыс тұр­ғындары өз қаламызда ем­де­леді, – дейді Қасымхан Тілеу­баев. 

Біздің «көзге ақ түсу деген не?» деген сауалымызға ол былай деп жауап берді:

– Көзге ақтың түсуі – катаракта. Көз бұршағы бұлдырап, қарауытып, ағарады. Көзді шел басқан кезінде сәуленің көз бұр­шағына өтуі қиындайды. Көздің көру қабілеті кемиді. Катаракта екі түрлі болып келеді: туа біткен және жүре пайда болатын. Жүре пайда болған катаракта кейде 40-50 жастан кейін болады, бірте-бірте үдей түсіп, көз бұршағы бұлыңғыр болып, перде жабылып қалады. Бастапқы белгісі адамның көзінің алдында бір нәрсе тұрғандай сезіледі. Ота ар­қылы емдейді, – деп жауап берді дәрігер.

Иә, көз – адам айнасы. Сон­дықтан офтальмолог дәрігерлер көзді ешуақытта қолмен уқа­лауға, сүртуге болмайды, тек та­за, жұмсақ шүберекпен сүрту қа­жет деген кеңес береді. Жаз айларында тікелей түсетін күн сәулесінен және шаң тозаңнан қорғанып көзілдірік киген де дұрыс.