БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Ерлан Жақсыбаев Қаратөбе ауданы аумағында әрекет етіп, ұрлаған малдың етін Ақтөбе мен Атырау облысына асырып отырған ұйымдасқан қылмыстық топты әшкерелеу оңай болмағанын айтты.
– Сотталғандардың үшеуі де Қаратөбе ауданынан, жұмыссыз, бұрын сотталмаған. Бұл – үлкен қылмыстық іс, 24 эпизодтан тұрады. Мал иелеріне келтірілген залал мөлшері 27 миллион 295 мың теңге. Малдың дені жайылымнан ұрланған. Сот шешімімен ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі Ескендір Төлегенұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Топ мүшесі Сабыржан Бисембаевтың 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығы шектелсе, топтың тағы бір мүшесі Оралбек Дәулетияров 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы жерде айта кететін нәрсе – Бисембаевтың жазасы тергеу орындарымен процесуалдық келісімге келуі себебінен жеңілдетілді, – дейді Ерлан Жақсыбаев.
Сырым аудандық соты маусымның 28-і күні өткен сот отырысында ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі 1976 жылы туған Е.Төлегенұлына Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) 4-бөлігі 1, 3-тармақтары (Қылмыстық топ құру және аса ірі мөлшерде ұрлық жасау) және 262-бабы (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) 1-бөлігі (Ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру, сол сияқты оған немесе қылмыстық ұйымның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету) бойынша айып тағылса, О.Дәулетияров пен С.Бисембаевқа да осындай айып тағылып, ұйымдасқан топтың мүшелері ретінде сотталды.
Айта кетейік, малын алдырған қаратөбеліктер бірнеше жыл бойы Қаратөбе аудандық ішкі істер бөлімінің, прокуратураның, тіпті БАҚ редакцияларының табалдырығын тоздырып, жүгенсіз кеткен ұрылардың жазалануын талап еткен еді. Қылмыскерлердің тұтылмауы, мал ұрлығының тыйылмауы «ұрыларды полиция қызметкерлері қорғайды екен» деген алыпқашпа әңгіме де туғызған. Жергілікті ақпарат құралдарында жарияланған, әсіресе ардагер журналист Есенжол Қыстаубаевтың сериялы мақалаларында көтерілген мәселеге орай БҚО ІІД-нің басшысы, полиция генерал-майоры Мақсотхан Әбіләзімов 2017 жылы облыс аумағындағы мал ұрлығы бойынша қалыптасқан күрделі жағдай туралы арнайы жиын өткізіп, БАҚ өкілдерімен кездескен болатын. Сол жолы облыстық газет бетінде жарияланған сын материалдардың ізімен жүргізілген қызметтік тексерулердің қорытындысын ІІД-нің ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы Жасталап Сағадетов баяндап, «сын мақалаларда сөз болған кемшіліктер толық дәлелін тапқанын, сол бойынша Сырым аудандық ішкі істер басқармасының ішінде басшысы-қосшысы бар 17 қызметкері, Қаратөбе аудандық ішкі істер басқармасы бойынша ішінде аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы бар 6 полиция қызметкері (барлығы 23) әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын» мәлімдеген болатын.
Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Е.Төлегенұлы бастаған қылмыстық топ бүкіл іс-әрекетін әбден ойластырып жасаған. Топ басшысы ұрланған малдың құжатын «реттеу» үшін Қаракөл ауылдық мал дәрігері Қ.Қуановтан өзінің 54 бас сиырынан бөлек тағы да 40 сиырдың құжаты мен сырғасын алып, ұрлаған малына әлгі сырғаларды тағып, жалған құжатпен қалаға емін-еркін апарып сатып отырған. 2015 жылы мамыр айында Тоқсейіт қыстағы маңынан ұрлаған сиырдың етін аудан орталығы Қаратөбедегі «Мерей» дүкенінде ашықтан ашық саудаға салған. 2015 жылы маусымда Ғабит Байниязовтың 12 бас ірі қарасын бір күнде жоқ қылған. Әбден дәніккен ұрылар сол жылы 28-30 қараша күндері Құрсай қыстағы маңынан 17 бас ірі қараны айдап кеткен. Ұрлықы малдың бәрі Е.Төлегенұлының Кіші Қоскөл деген жердегі жеке қорасына қамалып, сол жерде сойылатын болған. 2016 жылы қаратөбелік тағы бір шаруа Нұрбол Сақыпәденов те 6 бас ірі қарасынан айырылып, 1 млн 200 мың теңгеге шығынға батқан. 2016 жылы «Аялани» ЖҚ жетекшісі Ерболат Ситалиев 18, Амангелді Баймашев 4, Жанболат Батыров 7, 2017 жылы Бисенғали Сағындықов 13, Айман Әндирова 4-5 сиырынан айырылған.
Сырым аудандық сотында қаралған істің тергеу материалдарына көз салсаңыз, қылмыстық топ жетекшісі деп айыпталған Ескендір Төлегенұлының Кіші Қоскөл ауылындағы жеке қорасы нағыз қасапханаға айналғаны байқалады. Жалпы, малын жоғалтқан қаратөбеліктер дәл осы Е.Төлегенұлынан күдіктенетінін полиция қызметкерлеріне де, журналистерге де талай айтқан. Тіпті тергеу жұмыстарының созылып кеткеніне алаңдап, «ұрылар тағы да жазадан құтылып кете ме?» деген қаупін білдірген қаратөбелік оқырмандарымыз «Egemen Qazaqstan» газетінің Оралдағы тілшісінің қосынына да келген болатын.
Сонымен сот шешімі шықты. Әлі күшіне енбесе де, бұл шешімге жәбірленушілер тарапы разы болғанын олардың кейбірімен телефон арқылы тілдескенде байқадық.
– Сот отырыстарына бастан-аяқ қатыстым. Ұрылардың әділ жазасын алуын көппен бірге талап еттім. Сот шешіміне көңілім толады. Бірақ ақ адал малынан айырылып, ұрыға жем болған біз сияқты ауыл тұрғындарының тартқан залал-зардабының орны қалай толар екен? Осы мәселеге алаңдаймыз, – дейді қаратөбелік Амангелді Баймашев. Ол 2016 жылы бұзаулағалы тұрған 4 малынан айырылған. Дәл осы ойды Қоскөл ауылының тұрғыны, 6 сиырын алдырған Нұрбол Сақыпәденов те айтып отыр.
– Мен әуелі алты бас сиырымнан айырылдым. Кейін Ескендірдің малының арасынан өзімнің бір сиырымды танып, полицияны алып барсам да қайтара алмадым. Ол әлі сол жерде жүрсе керек. Тағы бір қашарымды Қаратөбеге әкелген жерінен танып, қорама қамап алдым. Ал төрт бас із-түзсіз кетті. Сот отырыстарына бастан-аяқ қатыстым, ұрылар лайықты жазасын алды деп есептеймін. Осы шешім өз күшінде қалуы керек. Ендігі талабымыз – қолды болған малымыздың өтеуі қайтса екен, – дейді Жусандыой ауылының тұрғыны Манас Қайырлиев.
Қалай болғанда да Қаратөбедегі ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленіп, кінәлілер ісі сотқа жеткені, оңды шешім шыққаны – үлкен нәтиже деп білеміз. Өйткені мұндай істердің көбі сиырқұйымшақтанып, жәбірленуші тарап малының құны қайтса, ұрыны «кешіріп», өзара мәмілеге келіп, аяқсыз қала беретін. Сөйтіп ұрлық қайта басталатын. Жоғарыдағы Амангелді Баймашевтің айтуынша, былтыр күзде ұрылар әшкереленіп, жетекшісі қамауға алынғалы бері Қаратөбе өңірінде мал ұрлығы сап тыйылған. Бұған бар тірлігі төрт түлік малына сүйенген қарапайым ауыл тұрғындары риза. Тергеуді сәтті жүргізіп, ұйымдасқан қылмысты әшкерелеген тәртіп сақшыларына, Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің тергеу басқармасы қызметкерлеріне мың алғыс.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Әлия Науырызғалиеваның айтуынша, биыл жыл басынан бері облыс аумағында 141 мал ұрлығы оқиғасы тіркелген. Олардың бірде-бірі әзірге ашылмаған.
– Ауылда мал ұрлығының тыйылмауына не себеп деп ойлайсыз? – деген журналистің сұрағына Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Ерлан Жақсыбаев:
– Ең алдымен – жұмыссыздық, екіншіден – ауыл малының далада бақташысыз, бақылаусыз жайылуы себеп деп ойлаймын, – деп жауап берді.
Шынымен, ауылда мал ұрлығы тыйылуы мүмкін бе? Біздіңше, бұл үшін кешенді іс-қимыл керек. Яғни, дәл осы мақалада келтірілген мысалдай, ұйымдасқан қылмыстық топты әшкерелеуде полиция орындарының жедел қызметі, одан кейін соттың әділ жазасы болуы тиіс. Сонда ғана кісі малын адал асындай қылғытқан ұрылар айылын жиып, аяғын тартары анық.
Батыс Қазақстан облысы