• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Шілде, 2019

Қостанайлық жігіттің әуесқой ісі бизнесіне айналды

319 рет
көрсетілді

Қостанай қаласының тұрғыны Совет Тәжмұхамбетовтың әуесқойлығы оның бизнесіне айналды. Ол ағаштан бұйымдар жасағанды ұнататын. Бірде екі кішкентай ұлына қарағайдан ағаш төсек жасап берді. Әкесінің сыйлығы балаларына ұнады, үйге келгендер де оны айналшықтап қызықтайтын. Бірде әйелі Әмина жолдасына «осы сүйікті ісіңді неге кәсіпке айналдырмасқа?» деген ой салды. Расында, таза ағаштан жасалған, экологиялық балалар төсегіне қызыққандар оған сұраныс жасай бастады. Отбасылық бизнестің барлық есеп-қисабы мен маркетингін Советтің келіншегі Әмина өз міндетіне алды.

«Бизнестің қыр-сырына әбден қанығу үшін мен алдымен «Бастау» курсына оқып алдым. Бизнесті жоспарлауды, баға саясатын, нарықты зерттеуді үйрендім. Балалар төсегіне кететін шығын мен бағаны бағамдауды білмейді екенбіз, соның барлығын түсіндім» дейді Әмина Жанәбілова.        Жас отбасы грант ұтуға қатысу үшін жолдама алды. Ерлі-зайыптылардың жобасы сарапшыларға ұнап, олар 252500 теңгенің грантын ұтып алды. Ол қаржыға отбасы рейсмустық станок сатып алды.

«Станокты сатып алғанға дейін ағаш төсектің кейбір бөліктерін ақы төлеп жасатып алып жүрдік, ол әрине арзанға түспейтін. Ал қазір керекті материалдың барлығын жұртқа жалынбай өзіміз жасаймыз» дейді Әмина. Отбасының алғашқы ағаш төсегі гаражда жасалыпты. Қазір олар цех жалдайды. Советтің ісіне қарап, ол бұрын темір жол саласында істеген, ұсталыққа ешқандай қатысы болмады дегенге сену қиын. Советтің қолына түскен қарағай түрленіп, балалардың ағаш төсегіне айналады. Оның қолынан шыққан ағаш төсек балаларға да, ата-аналарға да ұнайды. Кәсіпті жолға қою жас кәсіпкерге оңай да болып тұрған жоқ. Көмекші жетіспейді. Кәсіби ағаш ұсталарын табу оңай емес.

«Алдағы уақытта колледждермен байланыс орнатсақ деп отырмыз. Колледж студенттерін өзімізге алып, үйретеміз» дейді Әмина.

Қостанай