337 заңсыз ойын ошағы анықталды
Күнделікті күйбең тірліктен қолымыз сәл босаса, көпшілігіміздің қос жанарымыз смартфонға қадалатыны рас. YouTube хостингі немесе онлайн кинотеатрдан қалағаныңды көрейін десең, қызылды-жасылды жарнамасы жарқырап, сан түрлі казино мен букмекерлік ұйымдар көз алдыңа менмұндалап тұрады да қалады. Әлбетте, бұған көпшіліктің басым бөлігі иланбас, десек те бірді-екілі адам қызығушылықпен сілтемеге бас сұғуы әбден мүмкін. Сол қызығушылық талайлардың қаржылық әрі моральдық-психологиялық ахуалына қомақты нұқсан келтіреді.
Ал құмарлықтың құрығына ілінгендердің саны елімізде 400 мыңға тақап қалған екен. Олардың әрқайсысының қарызы орташа есеппен алғанда 10 млн теңгеге жетеғабыл.
Бұл орайда Экономикалық тергеу қызметіне сұрау салып, ресми статистикаға қанықтық. Қаржы мониторингі комитеті, профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының аса маңызды істер бойынша жедел уәкілі Ерден Жұма 2018 жылы заңсыз ойын бизнесіне қатысты 337 қылмыстық іс тіркелгенін, соның 266-сы бойынша іс аяқталғанын айтады.
– Көрсетілген кезеңде заңсыз ойын бизнесімен айналысқан 6 ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды. 20 жасырын және 74 электрондық казино жойылды, 1 105 ойын автоматы мен терминал, 28 ойын үстелі (покер үстелі, рулетка), 1 132 процессор, 879 монитор, 511 теледидар, 88 кассалық аппарат, сол секілді 29 бейне тіркегіш тәркіленді.
Осы ретте ескеретін жайт, қолданыстағы заңға сәйкес казино мен ойын автоматтарын Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы орган белгілеген аумақта орналастыруға рұқсат етілген. Басқа аймақтарда орналастыруға заңмен тыйым салынған. Заңсыз ойын мекемесін ашқаны, ұстағаны немесе олар үшін үй-жайды берумен қатар ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиясыз жүзеге асырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – дейді Ерден Жұма.
Бұған қоса былтыр құқық қорғаушылар төрт трансұлттық қылмыстық топты құрықтапты. Анықталғандай, заңды белшесінен басқандар 17 қалада құмар ойынханаларды уысында ұстап отырған. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, заңсыз индустрияның кірісі 10-12 млрд теңгенің айналасында болған.
Құмар ойынға күйген кейіпкер
Жағымсыз статистиканы толықтырғандардың бірі елордалық Н.О. деген азамат (Кейіпкердің қалауы бойынша есімі жасырын сақталды). Біз букмекерлік кеңсенің қызметіне жиі жүгінетін таныстарымыздың бірі арқылы бұл кейіпкермен танысып-білісіп алдық. Сонымен 24 жастағы Н.О. Ақтөбеден бас шаһарға 2014 жылы көшіп келіп, мемлекеттік қызметке орналасқан. Осыдан бір жарым жыл бұрын ол жоғарыда айтылған онлайн казиноның біріне кіріп, олжалы болуды қаласа керек. Бастапқыда әжептәуір жеңістерге жетіп жүрген. Алайда, уақыт өте келе ойынға басыбайлы беріліп кеткенін өзі де аңдамай қалады. Құмартқаны соншалық, қызметі былай тұрсын, тіпті өмірлік жары мен жөргектегі баласына назар бұруды қояды. Ұтқанынан ұтылғаны көбейе берді. Ақыры есесін қайтару үшін несие алып, қарызға белшесінен батып тынады. Нәтижесінде әйелімен ажырасып, қайғысын шөлмекпен басуға тырысыпты. Сөйлесе келе шешіліп сала берген жігіт кей-кейде өмірімен қош айтысуға бекінген сәттері де болғанын жасырмай айтып берді.
– Алғашында жай қызығып, казиноның сайтына кіріп көрдім. Менің жоғары білімім бар, аздап есепке тәуірмін. Тігілетін ұтыс пен пайдалы коэффициенттің жоғары екеніне көз жеткізген соң нар тәуекелге бел будым. Кереметтей жеңіп жүрдім демеймін, бірақ ұсақ тиын болса да ұтыстарым үзілмейтін. Бірде үйге жұмыстан шаршап келген едім. Әдеттегідей компьютерге отырып, ойынның ұтыстарын бақыладым. Сонда күндегіге қарағанда айтарлықтай үлкен «куш» (Үлкен ақша) бәске қойылыпты. Әрине мұндай мүмкіндікті жіберуді әбестік болар деп есептедім. Сол себепті несие картамдағы бар қаражатымды ұтысқа тіктім. Бірақ күткенім орындалмады. Бүкіл қаражаттан айырылып қана қоймай, өзім минусқа кіріп кеттім. Ендігі мақсат шығынның орнын жабу үшін бәрін қайтарып алу болды. Ұтылғаныма шамданып, балаға төленетін жәрдемақыны да ойынға салдым. Жарым қатты ашуланды. Бірақ сенесіз бе, мұндайда көз тұмшаланып қасыңдағы адамдарды көрмейді екенсің. Сені тек жалғыз мақсат қана жетелейді – ұтылған соманы қайтару. Құдды бір «Зомбиге» айналып кетесің. Бұл өмірдің маған берген үлкен сабағы. Оны есіме түсіруді қаламаймын. Бұл тәуелділіктен арылу үшін жақындарымның көмегімен Швецияға барып емделдім. Құдайға шүкір, өмірлік жолдасым және баламмен қайта қауыштым. Қазір уақыттың барлығын отбасым мен туыстарыма арнап жүрмін. Бұл маған берілген соңғы мүмкіндік деп есептеймін. Сондықтан уақытымды текке кетіргім келмейді, – дейді құмар ойынға әбден күйген кейіпкеріміз.
Иә, бұл бір ғана адамның басынан өткен жағдай.
Қомақты салық төлейді
Дей тұрғанмен құмар ойынды қолдайтын тараптың да айтар уәжі бар. Ойынханалардың өкілдері жыл сайын мемлекет қазынасына шамамен 10-13 млрд теңге сомасында салық түсіретінін айтады. Сонымен қатар бұл істің тамырына балта шабылса, біздің нысандарымызды тұншықтырып тастаса, онда отандық мекемелердің орнын шетелдік ойынханалар алмастырады деп дабыл қағып отыр.
Ал олар интернет ресурсты пайдаланатындықтан, заңды айналып өту еш қиындыққа соқпайтынын жеткізді. Тиісінше сырттан аударылатын салық жөнінде айтудың өзі артық. Осылайша мемлекет көлеңкелі экономиканың қанат жаюына жол ашады дейді отандық букмекерлер. Бұдан қалды жұмыссыздық деңгейі де аздап өседі. Өйткені аталған салада шамамен сегіз бен он мыңның аралығында қазақстандық күнделікті нанын тауып жүр. Сондықтан сарапшылар бұл мәселеде басқа жолды қарастыруға кеңес береді.
Енді шартараптағы жағдайды сараптасақ. Құмар ойын түрлерін дамытып, елдің экономикасына да қыруар табыс түсіріп отырған ең үлкен мекемелер АҚШ-та шоғырланғаны белгілі. «AGA State of the States» басылымының есебінше америкалық ойынханалар 2017 жылы 40 млрд доллар көлемінде кіріс тапқан.
Құрама Штаттардағы ірі ойынхана операторының бірі – «Las Vegas Sands» компаниясы. Бұл оператор өткен жылдың алғашқы тоқсанында 3,58 млрд доллар мөлшерінде табыс түсірген. 2017 жылмен салыстырғанда аталған көрсеткіш 16,7%-ға артық. Сол секілді компанияның АҚШ-тан өзге Сингапур мен Қытайда мейрам- ханалары, ойын-сауық клубтары және орталықтары іске қосылған-ды.
Америкалық басқа да компаниялардың ахуалы жаман емес көрінеді. Мәселен, Невададағы казинолар 2017 жылы 980 млн доллар шамасында пайда тауыпты. Америкадағы әйгілі ойынханалардың дені Лас-Вегаста орналасқанын ескерсек, олардың жылдық табысы 110,3 млн долларды құраған.
Мұхиттың ар жағында онлайн-казино желісі де тұрақты дамып жатыр. Дәлірек айтқанда, былтыр интерактивті ойын секторының ақшалай түсімі 2017 жылмен салыстырғанда 28%-ға ұлғайған.
Сарапшылар Азия нарығы да бәсекеге түсетіндей деңгейге жеткенін айтады. Мысалы, 2018 жылы америкалық Wynn ойын операторының Макаодағы бөлімшесінде кіріс динамикасы 187,4 млн доллар шамасында байқалыпты. Макао бұл индустрияның «Сары құрлықтағы» орталығы болып саналады.
Көршілес Ресей мемлекетінде ойынхана бизнесі негізгі 4 аймаққа бөлінген. Сочидегі «Красная Полянадан» өткен жылы Ресей қазынасына 1, 47 млрд рубль салық түссе, «Приморье» ойын аймағынан 100 млн рубль аударылды. Биыл бұл сома – 110 млн рубльге артады деп күтілуде. Ал «Янтарная» аймағынан сарапшылар 100 млн рубль қаражат ел бюджетіне трансферттеледі деп болжап отыр.
Қарап отырсақ, құмар ойынды заңмен реттеп, елдің экономикасына қыруар табыс түсіріп, жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып отырған елдер бар екен. Алайда, өз өзін игере алмай, ойынханалардың табалдырығын аттағаннан кейін «сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар да» толып жатыр.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ, «Egemen Qazaqstan»