Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:38
Дәл қазір Шымкенттен Түркістан бағытына қарай сапарға шығатын болсаңыз, жаңа жолдың құрылысын бірден көрер едіңіз. Бұл – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралі. Күн жылынғалы бері жол құрылысында қайтадан қимыл басталды. Уақыт өткен сайын бұл жол шынында ғасыр құрылысы екеніне көз жеткізіп, сол алып құрылыстың біздің елімізде жүріп жатқаны, біздің елдің жүрексінбей, осындай алып жобаны қолға алғаны мақтаныш сезімін тудырады.
Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:38
Дәл қазір Шымкенттен Түркістан бағытына қарай сапарға шығатын болсаңыз, жаңа жолдың құрылысын бірден көрер едіңіз. Бұл – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралі. Күн жылынғалы бері жол құрылысында қайтадан қимыл басталды. Уақыт өткен сайын бұл жол шынында ғасыр құрылысы екеніне көз жеткізіп, сол алып құрылыстың біздің елімізде жүріп жатқаны, біздің елдің жүрексінбей, осындай алып жобаны қолға алғаны мақтаныш сезімін тудырады.
Әрине, жаңа жол салынып жатқандықтан, көлікпен ары-бері қатынаушылар үшін біраз қиындықтар болып жатқаны рас. Бірақ бұл, уақытша қиындықтар. Жарқыраған жаңа жолдың пайдалануға берілетін күні алыс емес екенін елдің бәрі біліп отыр. Әйтсе де, нақты қай кезде пайдалануға беріледі, бұл жолдың маңызы қандай, қандай қиындықтар болуда, сапасы қаншалықты? Біз бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша автожол департаментінің бастығы Арман ҚАЙЫРБЕКОВТЕН сұрадық.
– Арман Мерекеұлы, әрине, ғасыр құрылысы саналған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралі Оңтүстік өңірінің тіршілігіне жаңа серпін беретіні сөзсіз. Әйтсе де, нақты ақпаратты білмегендіктен бе, ел ішінде бұл жаңа жол туралы әртүрлі әңгіме көп. Шымкент – Түркістан бағытында жол салу жұмыстары қызып жатқанымен, Шымкент-Тараз бағытында әлі күнге бір түйір тас түсірілген жоқ. Содан ба, ел арасында «бұл бағыттағы жұмыстарға тендер өткізу өте қиын болып жатыр екен, бұл іс содан созылып тұр екен» деген әңгіме өрістеп тұр. Бұл қаншалықты рас? Жалпы, жаңа жолдың құрылысы қашан аяқталады? Шымкент – Тараз бағытындағы жұмыстар қашан басталады?– Иә, рас, Шымкенттен Жамбыл облысының шекарасына дейінгі бағытта бүгінгі күнге дейін ешқандай жұмыстар атқарылған жоқ. Бірақ, бұл – тендер жұмысының кеш өткізілуінен немесе тендерді бөлісе алмаудан туындаған мәселе емес. Ғасыр құрылысын салуда әр жол бөлігінің өз уақыты, өз кестесі бар. Жалпы алғанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралі Оңтүстік Қазақстан облысының 448 шақырымын басып өтеді. Бүгінде соның 239 шақырымында құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Яғни, Шымкенттен Қызылорда облысының шекарасына дейінгі бағытта 7 компания жол салуда. Алдыңғы жылдары бір бағытта жүретін 291 шақырым жол пайдалануға берілген-ді. Жалпы, Қызылорда облысының шекарасына дейінгі 239 шақырым жолдың құрылысы 2013 жылдың аяғына дейін толық аяқталады.Енді Шымкенттен Жамбыл облысының шекарасына дейінгі жолға келетін болсақ, бұл құрылыс биылғы жылы басталып, 2015 жылы пайдалануға беріледі. Әзірге бұл бағыттағы жұмыстар өз кестесі бойынша жүріп келеді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Шымкент – Ташкент бағытында жаңа жол құрылыстары басталады. Көрші Өзбекстанның шекара сызығында орналасқан Жібек жолы елді мекеніне дейін дәл осындай сапалы жол салынатын болады. Оның да құрылысы 2015 жылы аяқталады.Жалпы алғанда, бүгінде осы жаңа жол құрылысында 3377 адам жұмыс істеуде. Оның 80 пайыздан астамы жергілікті тұрғындар. Сөз жоқ, бұл ғасыр құрылысы еліміздің әлеуетінің артып, экономикасы қаршындап дамып келе жатқанын байқатады. Мұндай жобаны қолға алуға кез келген елдің жүрегі дауаламайды. Жаңа жол пайдалануға берілген соң, елімізде сауда қатынасы одан сайын дамып, алыс-беріс көбейіп, қазынамыздың бүйірі томпая түсетініне сенімім мол.– Оңтүстікте «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық магистралі түсетін жерлердің дауы кезінде Үкіметте де айтылды. Осы мәселе шешілді ме, жоқ, әлі күнге қолбайлау болып отыр ма?– Біздің департамент жол түсетін жерлерді сатып алуға байланысты көп жұмыс істеді. Бір кездері бұл даудың өршігені де рас. Бірақ, дәл қазір Оңтүстікте жер дауы жоқ. Бірді-екілі жерлердің мәселесі сот арқылы шешіліп жатыр.– Жол салған жақсы. Бірақ, жолдың сапасы болмаса, онда еңбектің бәрі еш кеткені емес пе?– Айтайын деп тұрған ойыңызды түсіндім. Қазір жолдың бойы қаптаған тексеру мекемелері. Бәрі жолдың сапасын, сол жол төсеуге пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарының сапасын тексереді. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитеті жолдың сапасын қадағалау үшін бірлескен өзіміздің және Қырғызстан, Грузия, Хорватия және Ұлыбританияның 2 компаниясымен келісім-шартқа отырған. Одан бөлек, әр компанияның өз сараптама орталықтары бар. «Оңтүстікжолсараптама» мемлекеттік мекемесі, облыстық құрылыс басқармасының және осы жол салуға қаржы беріп отырған банктердің өз тексерушілері тағы бар. Мердігерлердің осыншама бақылау мекемелерінің көзін бақырайтып қойып, сапасыз құрылыс материалдарын пайдалануы мүмкін емес. Тексеру көп, талап өте қатал болғандықтан шығар, құрылыстың сапасына байланысты жиі дау болып жатады. Жоғарыдағы мекемелердің рұқсатынсыз мердігер компаниялар ешқандай құрылыс материалын пайдалана алмайды. Құрылыстың сапасы жақсы болуы үшін барлық мүмкіндіктер пайдаланылады.– Бүгінгі күні жаңа жолдың біраз бөлігі пайдалануға беріліп те қойды. Бірақ, бір байқағанымыз, жолдың біраз бөлігіне цемент-бетон жабынды, енді бір жерлеріне асфальт жабынды төселген. Цемент немесе асфальт төсеу, бұл сол жердің табиғатына, ауа райының өзгешелігіне байланысты жүргізіле ме, қалай өзі?– Оңтүстік Қазақстан облысында қыс мезгілі ары кеткенде үш айға созылады. Сондықтан бұл облысты кесіп өткен жаңа жолға негізінен цемент-бетон жабынды төселуде. Асфальттың жаман жері – ауыр салмаққа көп шыдай алмайды. Күн қатты ысыған кезде асфальт балқып, нәтижесінде ауыр салмақты көліктер жолды езіп, ойдым-ойдым етіп тастайды. Ал бетон ұзақ уақытқа шыдайды. Мысалы, Ташкентке баратын жолдың біраз бөлігі кезінде бетоннан құйылған екен. Арада қаншама жыл өтсе де ол жол жақсы қалпында сақталған. Бетон жол ең кемі 20 жылға шыдас береді. Сосын қажет болса асфальттап тастауға да болады. Жалпы алғанда, жолды күтіп ұстау үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Рас, жүргізушілер тарапынан айтылған «бетонжол қыстың күні қиын, тайғақ болады» деген әңгімені біз де естігенбіз. Бұл жерде жүргізушілердің өздерінен де кінә бар екенін айту қажет. Меніңше әр жүргізуші маусымға сай көлігінің доңғалақтарын ауыстырып отырса, ешқандай проблема болмайды. Жаздық маусымға арналған доңғалақпен қыстың күні кез келген жолдан тайып кетуің мүмкін.– Ел арасында жаңа жолға байланысты айтылатын әңгіменің бірі жолдың ақылы болатыны туралы. Бұл қаншалықты рас?– Бұл турасында нақты ештеңе айта алмаймын. Дәл қазір Астана – Бурабай бағытындағы жолдың ақылы болатыны туралы әңгіменің жүріп жатқанын білемін. Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы ақылы бола ма, жоқ па, бұл алдағы уақыттың еншісінде. Ақылы болуы да мүмкін. Егер солай болып жатса, жолдан түскен ақшаға техникалар алынып, жолды күтіп ұстап отыруға жұмсалатыны анық.– Тәуелсіз телеарналардан осы жол бойындағы жұмысшылардың наразылығы, жалақы дауы туралы мәселелер көрсетіліп қалып жатады. Мұндай дау Оңтүстікті де айналып өтпеді ғой деймін…– Иә, шынында осы жолды салып жатқан Қытай компаниясының жұмысшылары наразылық білдіріп, жұмысты уақытша тоқтатып тастағандары рас. «Нұр Отан» партиясының облыстағы филиалымен бірлесіп, жұмысшылармен кездесіп, әр нысанның жұмысын тексерген кезде жалақының уақтылы берілетіні, ешқандай ақша жиналмайтыны, жұмысшылардың жағдайы дұрыс екені анықталды. Тіпті, мұны облыстық еңбек инспекциясы да тексеріп, көз жеткізді. «Бес саусақ бірдей емес» деген, түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетуге, болмашы нәрсеге тарс ете қалатын жұмысшылардың бар екенін жасыруға болмас. Жол бойында еңбек етіп жатқан жұмысшылармен жиі кездесіп, әңгімелесіп, мәселелеріне назар аударып тұрамыз. Содан болар, бүгінде ешқандай дау жоқ.– Осындай алып құрылысты былай қойғанда, кішкентай үй салсаң да өз қиындығы болады. Дәл қазір бұл құрылыста сіздерді қандай мәселе алаңдатып отыр?– Былтырғы жылы цемент тапшылығы болды. Амал жоқ, мердігерлер Өзбекстаннан, Қарағанды, Семейден алып келді. Қазір осы өңірде орналасқан «Стандарт-цемент» зауыты тәулігіне біздің компанияларға 2 мың тонна цемент босатып тұруға уәде берді. Бұл, әрине, цемент іздеп сабылып жүрген мердігерлерді қуантып, құрылыс жұмысына қарқын бергені анық. Басқа ешқандай мәселе жоқ.Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан».Оңтүстік Қазақстан облысы.