Әлеуметтік реформалардың бастауы
Елбасының былтырғы Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайына ерекше мән берілді. Атап айтар болсақ, ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіру тапсырылды. Бұл елдегі 1,3 миллион адамның еңбекақысын көтерді. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің де еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35%-ға өсті. Осы мақсатта 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлінетін болды. Квазимемлекеттік сектордағы компаниялар да қызметкерлерінің жалақысын көтере бастады.
Бұдан бөлек, жыл басында Бақытжан Сағынтаевтың Үкіметін отставкаға жібере отырып Нұрсұлтан Назарбаев келесі Үкімет әлеуметтік бағдарланған Үкімет болуы керегін айтқан. Мәселен, көп балалы аналарға Үкімет қосымша 21 мың теңгеден көмек бере бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік реформа жүргізу керек екенін айтты. Бүгінде бұл бағытта бірқатар бағдарлама қолға алынды. Ал қазіргі Үкімет пен Ұлттық банктің міндеті жалақы мен жоғарыда аталған әлеуметтік төлемдердің өсімі салдарынан теңге инфляциясының күшейіп кетпеуін қадағалау.
Тұтынушылық сұраныс және инфляция
Шикізат нарығына «байланған» ұлттық валюта сыртқы факторларға төтеп бере алатындай деңгейде емес. Жылдық инфляцияны Ұлттық банк алдын ала бекітіп, соны сақтауға жұмыс істегенімен, геосаясат пен халықаралық саудадағы оқыс жағдайлар теңгені шайқап жіберіп тұр.
Оның үстіне, әлеуметтік төлемдер мен жалақы мөлшерінің артуы тұтынушылық сұранысты арттырып, экономиканы мемлекеттік қолдау шараларының күшейтілуі мен фискалды ынталандыру да тауарлар мен қызметтер бағасын көтерді. Нәтижесінде наурыз айында халықтың нақты ақшалай табысы былтырғы наурызбен салыстырғанда 9,7%-ға өскені айтылған.
Нақты табысынан бөлек халық тұтынушылық мақсатта несие алуды да көбейтіп, банктердің ұсынған «қысқа мерзімді байлығы» да тұтыну тауарларының құнын қымбаттатып отыр. Оның бір ғана мысалы, азық-түлік сататын кейбір ірі дүкендер желісінің несие картасымен сауда жасауға мүмкіндік беруі. Нақтырақ айтар болсақ, сәуір айының қорытындысы бойынша халықтың банктерден алған тұтыну несиелерінің көлемі былтырғыдан 14,6%-ға ұлғайған екен.
Табыс пен қарыз
Мұның бәрі, әрине бірінші кезекте азық-түліктің қымбаттауына жол ашты. Өйткені азық-түлік нарығындағы баға негізінен ішкі жағдайларға байланысты қалыптасады және оның тұтынушылары да табысының көп бөлігін тамаққа жұмсайтын орта тап. Халықтың төлем қабілетін көбейтуді мақсат тұтқан Ұлттық банк елдегі инфляцияны күшейтіп отыр. Мамыр айының қорытындысы бойынша, азық-түлік бағасы былтырғыдан 7,9%-ға қымбаттаған. Бұл жалпы инфляциядан 2,6%-ға артық екені белгілі. Соған қарағанда, теңгенің құнына геосаясат пен халықаралық сауда немесе мұнай бағасы секілді сыртқы факторлардан гөрі ішкі жағдай қаттырақ әсер етіп отырғанға ұқсайды.
Бұдан бөлек, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың да бағасы 6,1%-ға өссе, ақылы қызметтерге тарифтердің инфляцияға айтарлықтай әсері болмаған. Ал былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында коммуналды қызметтерге тарифтерді төмендету туралы монополистерге берген тапсырмасынан кейін су, жылу мен электр қуаты секілді қызметтердің арзандауы өз кезегінде инфляцияны төмендетуі де мүмкін.
Ұлттық банк үмітті ақтаса...
Бас банк маусымның 4-і күні теңгенің базалық мөлшерлемесін 9,00% деңгейінде сақтап қалды. Оның алдында сәуірдің 16-сы күні 9,25%-дан 9,00%-ға төмендеткен еді. Ұлттық банк басшысы Е.Досаевтың айтуынша, бұл көрсеткіш жылдық инфляцияны биыл 4-6 пайыз дәлізінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Дегенмен, биыл мамырға дейінгі инфляция жылдық 5,3% болғанын ескерсек және жыл соңына дейін тағы да қымбатшылықтың болу мүмкіндігін есепке алсақ, Ұлттық банктің инфляцияны тоқтатуы тым қиынға соқпақ.
Шамамен былтыр қарашадан бері халықтың инфляциялық күтулері нақты инфляциядан төмен болып келеді. Яғни, Ұлттық банк елдің сенімінен шыға алмай жатыр. Мәселен, халық сәуір айында инфляция 4,5% деңгейінде болады деп күткен болса, нақты инфляция 4,9%-ды құраған. Ақпан айын санамағанда жыл басынан бері нақты инфляция халықтың күткенінен 2-3%-ға жоғары болған. Бұлай жалғаса беретін болса, халықтың Ұлттық банкке сенімі азайып, бұл өз кезегінде инфляцияны одан сайын күшейтіп жіберетін жанама факторға айналмақ. Мысалы, былтыр қыркүйек-қазан айларында солай болған. Халықтың инфляциялық күтімі нақты инфляциядан көп болып, нәтижесінде инфляция деңгейі 6%-ға дейін жақындаған.
Ресейден инфляция импорттап жүрміз
Негізінен «бәленің бәрі өз ішімізден» дегенмен, сыртқы факторлардың да теңгенің құнына кері әсер ететін кезі аз емес. Мұнайдың қымбаттамай қоюын былай қойғанда Ресейге қарсы санкциялардың рубльге кері әсер етіп, оның өз кезегінде ұлттық валютамызға зиянын тигізген кездері бірнеше рет байқалды.
Былтыр рубльдің инфляциясы 4 пайыздан асқан. Ал биыл Ресей Орталық банкінің өзі көрсеткіштің 4,7-5,2 пайыз аралығында болатынын жорамалдады. Бұл былтырғыдан шамамен 0,5-1,0 пайызға көп. Мұның өзі теңгенің инфляциясын қосымша 2-3 пайызға ұлғайтуы ықтимал. Бұл тек ресми мәлімет қана. Кейбір сарапшылар биыл Ресейдегі рубль инфляциясы 10 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін айтады. Жыл санап Ресеймен арадағы сауданың, соның ішінде импорттың көбейіп жатқанын ескерсек, теңгенің құны солтүстік көршінің экономикасына байланысты болып тұр. Және алдағы бірер жылда солтүстік көршіміздің валютасы оңала қоятынға ұқсамайды.
Қорыта айтар болсақ, Ұлттық банк теңгеге қолжетімділікті арттыру үшін базалық мөлшерлемені азайтпақ болып инфляцияны күшейтіп алды. Үкімет халықтың тұрмысын оңалтамын деп азық-түліктің қымбаттауына жол беріп қойды. Яғни, Ұлттық банк пен Үкіметтің «бір күндік» бағдарламалары валюта мен экономиканы құтқаруға қабілетсіз. Оның орнына инфляцияның жалғыз емі – отандық өндірісті арттыру. Соның ішінде Жолдауда да айтылғандай, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту. Халықтың ең көп ақша жұмсайтын азық-түлік пен өзге де күнделікті тұрмыстық заттардың импортын тоқтату.
Бауыржан Мұқан, «Egemen Qazaqstan»