• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Шілде, 2019

Кәсіпкер әйелдер әлеуетін арттыру қолдауға ие

1815 рет
көрсетілді

«Әйел – қырық шырақты» дейді халқымыз. Отбасының берекесін ұйытып, бала өсіріп, жар күтетін әйел – ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда да өте белсенді. Әсіресе кәсіпкерлік жұмыстарында бақтары мен іскерлігін ұштауда қыз-келіншектер тартынып жатқан жоқ. Бұған мысал – Маңғыстау өңірінде 52 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген болса, оның 50%-ға жуығы әйелдер еншісінде болуы.

Ал құзырлы орындар болса оларға бизнес әліппесін үйрету, қаржылық қолдау көрсету бо­йын­ша кеңес-көмек көрсетіп келеді. Осы бағытта жуырда Азия даму банкінің қолдауымен  «Ата­мекен» ҰКП «Ауылдық жер­лерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» атты тегін шеберлік саба­ғын – Ақтауда ауылдың кәсіпкер әйелдеріне арналған семи­нар өткізді. Әйелдер кәсіп­керлігін қолдау, сондай-ақ ауыл әйелдерінің әлеуметтік-эко­но­микалық әлеуетін дамы­ту ба­ғытындағы семинарға об­лыс­тың барлық ауданынан 60-тан астам әйел кәсіпкер қатысты. Олар­дың қатарында шаруа қо­жа­лық­тарының, өнді­рістік кәсіп­орындардың басшылары мен жеке кәсіпкерлер бар.

– Екі күндік оқытуда бизнес-тренер тәжірибелік тапсырмалар мен кейстер арқылы әйелдерді кәсіпкерлік негіздеріне, бухгал­терлік және басқару есебіне үй­­ретіп, салық пен инвестиция тарту сұрақтарына жауап берді. Сонымен бірге тыңдау­шылар жеке брендті дамы­ту­дың маңыздылығын, пиар жұмы­сын үйлестіру мен интернет-маркетинг негіздері туралы толық үйреніп, білді, дейді «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры, әлеуметтік бастамалар департаментінің директоры Салтанат Әбдікәрімова.

Оқыту аясында қатысу­шыларға Қазақстанда бизнесті жүргізудегі қаржылай және қаржылай емес қолдау туралы Кәсіпкерлер палатасының ма­мандары таныстырды. Ал кә­сіпкерлікті қолдау бағдар­ламалары жөнінде «Даму» кә­сіп­керлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының қызмет­керлері кеңінен тоқталды.

Сонымен бірге екінші дең­­­гейлі банктер мен шағын не­сиелік ұйымдардың өкілдері нәзік жанды іскерлерге шағын және орта бизнес субъектілерінің жобаларын қаржыландыру бағ­дарламалары мен оларға қатысу шарттарын түсіндірді.

Қатысушылар өз кезегін­де семинардың кәсіби білік­тіліктерін көтеру үшін қажетті шара екенін, сондай-ақ ауылдық жерлерде жаппай кәсіпкерлікті дамыту идеясын танымал етудің маңыздылығын атап өтті.

– 3 млн теңге несие алып, мал шаруашылығын жақында бас­тадым. Ұлттық өнімдерді, шұбатты сатылымға шығаратын ойым бар. Маңғыстау ауданынан 12 кәсіпкер келіп отырмыз. Семинарға келгеніме өте қуаныштымын. Бизнес құру, оны дамыту, қаражатты дұрыс жұмсау, банкротқа ұшырамау әдістерін үйретті, – деген ойыме­н бөлісті кәсіпкер Сәуле Буса­ханова.

Әйел кәсіпкерлердің қаты­суымен өңірде құрылыс, дәрі­герлік қызмет көрсету, демалыс аймақтары, өзге де ірі сала­лармен бірге үй тұрмысына, азық-түлікке, сондай-ақ ұлттық үлгідегі бұйымдарға қатысты кәсіпкерлік дамиды деп күтілуде.

 

Маңғыстау облысы