• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2013

Таңдай біл де, тірлік құр

355 рет
көрсетілді

Таңдай біл де, тірлік құр

Сенбі, 16 наурыз 2013 1:37

Егер әлемдегі дамыған елдердегі жұмыспен қамту жағдайына назар аударатын болсақ, олардағы халықтың 60-70 пайызы өз кәсіптерімен, яғни жеке кәсіпкерлікпен шұғылданатындығына көз жеткіземіз. Оларда жеке кәсіпкерлік дегеніміз – байып кету жолы емес, өзін-өзі жұмыспен қамтып, отбасын асырау жолы. Ал біздің елімізде бұл көрсеткіш өте төмен жағдайда. Неге бұлай?

 

Сенбі, 16 наурыз 2013 1:37

Егер әлемдегі дамыған елдердегі жұмыспен қамту жағдайына назар аударатын болсақ, олардағы халықтың 60-70 пайызы өз кәсіптерімен, яғни жеке кәсіпкерлікпен шұғылданатындығына көз жеткіземіз. Оларда жеке кәсіпкерлік дегеніміз – байып кету жолы емес, өзін-өзі жұмыспен қамтып, отбасын асырау жолы. Ал біздің елімізде бұл көрсеткіш өте төмен жағдайда. Неге бұлай?

Себебі, біздің халқымыз, соның ішінде, әсіресе, ел мен жердің негізгі иесі болып отырған қазақ халқы бірқатар тарихи объективті себептерге байланысты бүкіл адамзат қауымы меңгеріп, шұғылданып отырған көптеген кәсіп түрлерінен шет қалып келеді.

Жиырмасыншы ғасырдың басына дейін біздің халық негізінен алғанда қой шаруашылығымен ғана шұғылданып келді. Мұнан кейінгі Кеңес өкіметі жылдарында елімізде кәсіп түрлері біршама дамыды. Бірақ көп жағдайда ол кәсіп түрлерін, әсіресе, техникалық прогрес­ке байланысты туындаған кәсіп түрлерін (зауыттар мен фабрикалардағы жұмыстар мен қалалардағы сандаған қызмет көрсету түрлерін) елімізге келген келімсек азаматтар меңгеріп әкетті.

Осы жағдайға байланысты Қазақстан өз тәуелсіздігін алған кезде ең үлкен ауыртпалық қазақ халқының басына түсті. Қазақ халқы сан түрлі кәсіптің болуын қалайтын, өзін-өзі асырауға негізделген нарықтық қатынастар жүйесіне дайын болмай шықты.

Қазіргі күні көптеген шикізат байлықтарының арқасында Қазақстан экономикасы қарыштап даму үстінде деп айтсақ та, жоғарыда аталған кемшілік біздің халқымыздың бойынан әлі қалмай келеді. Ауылдар мен қалалардағы жұмыссыздықтың негізгі орын алу себебінің өзі нақ осы фактордан туындайды. Бізде бір жерде жұмыс істеп, кесімді жалақы алмайтындардың бәрі өздерін жұмыссыз санайтын психология әлі де басым. Тұрақты жұмысы барлардың қосымша табыс көздерімен айналысуы да қоғамдық пікірде оншама құптала бермейді. Әйтпесе, жері мол, оның асты мен үсті неше түрлі шикізат ресурстарына толы Қазақстаннан бай мемлекет әлемде санаулы болар. Егер біздің азаматтарымыз бүкіл адамзат қауымы шұғылданып отырған сан түрлі қарапайым кәсіптерді меңгере білсе, онда қазіргі өмір сүріп отырған кез келген отандасымыз үшін біздің тәуелсіз Қазақстанымыздың үлкен мүмкіндіктер елі екендігі тайға таңба басқандай айқындала түсер еді.

Міне, осы жағдайды ескере отырып «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Ертеңің үшін аянба!..» атты бағдарламасының аясында Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаттары Жақып Асанов пен Бекболат Тілеухан, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметті қорғау министрі болып жұмыс істеген Гүлшара Әбдіқалықова интернет мүмкіндіктерін пайдалану және жалықпай іздестіру нәтижесінде отбасылық бизнесті құрудың жүз түрі бойынша ақпараттық-анықтамалық материалдар топтамасын әзірледі. Бұл топтаманың бірінші томына әрбір азамат шұғылдануға болатын, үйренуі жеңілірек қарапайым кәсіптің 100 түрі енгізілген. Ол кәсіппен шұғылдану үшін қандай заттардың қажет болатындығы көрсетілген. Сондай-ақ, бұл кәсіппен шұғылдану жағдайында қандай мөлшерде шығын шығатындығы және қандай мөлшерде пайда алуға болатындығы есептелген.

Біз газет оқырмандарына ой тастау мақсатында «Ертеңің үшін аянба!..» деп аталатын осы топтамаға енгізілген кәсіп түрлеріне қатысты материалдарды орыс тілінен қазақ тіліне ықшамдап аударып және оларды өз бетімізше байытып, газет бетінде жариялауды жөн санадық. Сонымен қатар, халқымыздың дәстүрі мен тіршілігіне, жағдайына сай келетін басқа да кәсіп түрлерін қарастырмақ ойымыз бар. Бұл іспен жүйелі түрде шұғылдану үшін газетімізден «Бір нәсіпке – жүз кәсіп» атты жаңа айдар аштық.

Жаңа айдар бойынша сөз болатын кәсіп түрлерінің қайсыбірі өз ісін бастағысы келетін, бірақ әзірге оның жөнін таба алмай жүрген кейбір азаматтарымыз үшін түрткі болып, іске ынталандыра түсер, жаңа тіршілік бастауына себеп болар деген үмітіміз бар.

Саз балшықтан бұйымдар жасау

Біз жаңа айдардың ең алғашқы мақаласын саз балшықтан қыш күйдіріп, бұйымдар жасау ісінен бастағанды жөн көрдік. Өйткені, мұндай бұйымдар адамзат меңгерген кәсіптің өте көне түрі болып табылғанымен қазіргі күнге дейін үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар, сол көне дәуірлерден бері қыш құмыра жасау қағидаттарының көп өзгеріске түсе қоймағандығы байқалады. Демек, іске деген шынайы ынтаңыз болса, сіз бұл кәсіп түрін меңгеріп әкете аласыз.

Әрине, қыш бұйымдарын жасау өнері біздің елімізде соншама дами қойған жоқ. Дегенмен, бұл бұйымдарға деген тұтынушылар сұранысы барған сайын арта түсуде. Оның үстіне бұл өнер түрін игеруге ықылас білдірушілер, яғни осы іспен айналысқысы келетін адамдар қатары да жылдан-жылға көбейіп келе жатқандығы байқалады. Себебі,  әрбір қыш бұйымы қолдан жасалатындықтан өзіндік даралығымен, безендірілу мәнерімен ерекшеленсе, екіншіден, қыш болып күйдірілетін саз балшықтың өзі адам денсаулығы үшін де пайдалы. Адамдар бұл бұйымдарды қолданған кезде өз бойларына жағымды бір әсер алғандай болып рахат сезіміне бөленетіндерін жиі айтады.

Иә, әзірге Қазақстан рыногында авторлық керамикалық бұйымдар шы­ғару ісі онша қыза қоймағанымен енді біраз уақыт өткеннен кейін бұл саладағы бәсекенің де қуатты екпін алып, күшейе түсуі мүмкін екендігін ешкім жоққа шығармайды. Тіпті қазіргі жағдайдың өзінде әр шебердің өзіндік қолтаңбасын білдіретін жеке қолдан шыққан сапалы да сәнді ыдыс пен оны жарнамалау ісінің жеңілдігі (себебі, әр бұйым өзін-өзі жарнамалайды) бұл жұмыстың коммерциялық тәуекелін мейлінше азайта түсетіндігі анық.

Істі бастау үшін қандай орын-жай қажет? Бұл істе қажет болатын шеберхана ретінде тұрғын үйлердің жертөлесі мен шатырын, тіпті машина гаражын да пайдалана беруге немесе қажетсіз бос тұрған ғимарат пен өндірістік цехтың бір бөлмесін жалдауға болады. Яғни, аталған іске орын таңдаудың мүмкіндігі жеткілікті.

Пайдаланылатын құрал-жаб­дықтар. Қыштан бұйым жасаушы шебердің пайдаланатын басты құралы шыркөбелек айналып ұршықша үйіріліп тұратын айналма табақша болып табылады. Тарихшылардың келтірген мәліметтеріне қарағанда, мұндай құралды белгісіз бір шебер алғаш ойлап тапқаннан бері 7 мың жылға жуық уақыт өткен екен. Содан бері бұл құралдың жұмыс істеу қағидаты ешбір өзгермеген. Табақшаны қолға жұмсақ та майда тиетін темірден, ағаштан, пластиктен, тастан немесе басқа да заттардан әзірлеуге болады. Табақша мығым материалдан әзірленген таяқшаға берік етіп бекітіледі де, осылайша сіздің жұмысыңыздың  басты құралы пайда болады.

Тарихшылардың айтуына қарағанда, адамзат қауымында алғаш жасалған мұндай құралдар қолмен үйіру арқылы жұмыс істеген. Мұнан кейін оны аяқпен үйірудің құралы мен жолы ойлап табылып, осының нәтижесінде шебердің екі қолы да бірдей босап, еркін жұмыс істеуіне неғұрлым қолайлы мүмкіндік қалыптасқан. Ал қазіргі заманда табақша көп жағдайда электр қуаты арқылы айналдырылады. Бұл жағдай қолөнер шеберінің ісін одан әрі жеңілдетіп, шеберлігін шыңдай түсуіне жол ашуда.

Өнім қалай дайындалады? Ең алдымен қажетті балшық әзірленеді. Әрбір бұйым үшін балшықтың әр түрі пайдаланылады. Мәселен, ақ, қызыл немесе құм мен әк араласқан саз балшық пайдаланылады. Тіпті осы іске арнайы дайындалған саз балшықты дүкендерден сатып алуға да болады. Мұнан кейін оларды әртүрлі көлемде қолөнер шеберінің негізгі құ­ралы – үйірме табақшасына тегіс етіп орналастырады. Содан соң табақшаны айналдыру арқылы саз балшықты әртүрлі пішінге келтіру ісі басталады. Осылайша бұйымның бастапқы кейпі пайда болады. Әзір болған бұйымды сәл кептіреді де, қажет болса, түрлі өрнекпен безендіріп, күйдіру үшін пешке жөнелтеді. Пешті жасап алуға немесе дайын күйінде дүкеннен сатып алуға болады. Міне, осындай істер барысында неғұрлым абай болу қажеттігін ескертеміз. Өйткені, болашақ өнімнің сапасы мен жарамдылығы нақ осы кезде айқындалады. Демек, өнімнің бастапқы кейпі мен пішініне және кептірілу жағдайына барынша зер салу қажет.

Әдетте қалыптасқан шеберлердің өзінде өнімді әзірлеу барысында жібе­рілген кемшіліктер салдарынан дайын болған бұйымның 20-30 пайызы жарамсыз болып жатады екен. Ал істі тыңғылықты әзірлікпен алғаш бастағанда жарамсыздық көрсеткіші 60 пайызға дейін жетуі мүмкін екендігін еске саламыз. Сіз бұл кемшіліктерден бірте-бірте арыласыз.

Әдетте бір бұйымды дайындау үшін көбінесе 1-2 сағат уақыт жұмсалады. Мәселен, саз балшықты әзірлеуге 10 минут уақыт кетсе, оны табақшаға салып, белгілі бір пішінге келтіру үшін 7-10 минут уақыт жеткілікті. Қалған уақыт бұйымды күйдіру үшін жұмсалады.

Өнімді өткізу жолдары. Стандартты пішінге келтірілген бұйымды көп жағ­дайда жеке саудагерлер сатып алады. Сондай-ақ кәдесый сататын сауда дүкендерінің иелерімен келісе отырып, оларды саудаға шығаруға болады.

Әдетте саз балшықтан қыш бұйымдар әзірлеуге жекелеген ұйымдардан тапсырыстар да түсіп жатады. Мәселен, жарнамалық кәдесыйлар (тоңазытқыш есігіне жапсырылатын шағын магниттер, кеңсе заттарының астына қоятын табақшалар және тағы басқалар), офис­тер мен сауда орталықтарын безендіруге арналған гүл салатын құмыралар қазіргі күні үлкен сұраныстарға ие. Көбінесе сауда дүкендерінің иелері осындай заттармен өз дүкендерін безендіруге құмар келеді.

Сонымен қатар, қыштан жасалған бұйымдарды мейрамханалар, кафелер, қонақ үйлер де жиі пайдаланады.

Жұмсалатын шығын:

Қыш бұйымдарын жасайтын электрлі табақша құралын сатып алуға – 150 000 теңге.

Жарнамалауға – 3 000 теңге.

Арнайы курстарда оқуға – 35 000 теңге.

Сатып алынатын саз балшықтың бір орамы (12 кг) – 3 000 теңге.

Барлық шығын – 191 000 теңге.

Кіретін кіріс:

Қыш құмыра бағасы – көлемі мен пішініне байланысты 500-5000 теңге аралығында.

Арнайы дизайн бойынша әзірленген құмыра бағасы – 3 000 теңгеден жоғары.

Тоңазытқышқа жапсырылатын магнит бағасы – 200 теңгеден жоғары.

Жеке тапсырыс бойынша әзірленетін магнит – 500 теңгеден жоғары.

Фото үшін әзірленетін рамкалар – 400 теңгеден жоғары.

Жеке тапсырыс бойынша әзірленетін фото рамкалары – 1 000 теңгеден жоғары.

Бір құмыраны әзірлеуге ең әрі кеткенде 2 сағат уақыт жұмсалатын болса, күніне кем дегенде 4 құмыра әзірлеуге болады. Әр құмыраның бағасы 3 мың теңге тұрған жағдайда шебердің табатын күндік пайдасы – 12 000 теңге. Сөйтіп, бір шебер әр айдың 24 жұмыс күнінің ішінде 88 құмыраға дейін әзірлейді. Егер жасаған өнімдеріңізді түгел өткізсеңіз, бір айда шамамен алғанда 288 мың теңге табыс қарата аласыз. Егер жұмысыңыз сапалы да өнімді болса, пайдаңыздың бұдан да зор болатындығы ақиқат.

Әзірлеген

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

 

Қосымша пайдалы кеңестерді мына сайттардан алуыңызға болады:

http://moikompas.ru/compas/goncharnoe_delo

http://www.gonchar.b2s.kz/index.htm

http://handmaster.net/?page_id=109

http://golden54321.narod.ru/index.htm?/vibor.htm

http://gaspacho.jimdo.com/

http://www.formula-cveta.ru/catalog/gonchar/krugi/

http://www,bi-art.ru/www-poverin/pottery.html

http://olkolon.narod.ru/KERAMIKA/K_SekrG/ SekrG.html