Қой тұқымын асылдандыру үдерісі нарықтағы сұранысқа тікелей тәуелді. Бүгінде Қазақстанда 3 миллионға жуық адам мал шаруашылығымен тұрақты түрде айналысады. Қойдың аса бір құнды қасиеті – өсімталдығы. Биязы жүнді қой тұқымдарының әрбір 100 саулығынан 140 басқа дейін қозы, ал қалың жүнді қойлардан 120-130 қозы алынады. Қой қозыны бес ай көтереді. Төлі тез жетілетіндіктен, 1,5 жасында-ақ ірі қой тобына қосылады. Осы қасиеттері мал басын тез көбейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда қой шаруашылығы мал шаруашылығының жетекші саласы болып келген, алдағы уақытта да солай болуы тиіс. Себебі біздің елдегі табиғи жағдай да, шаруашылықтың ұзақ тарихы да соған ыңғайлы. Қой негізінен жайылым малы. Елдегі 180 млн гектарға жуық табиғи жайылым осындай ұсақ мал жаюға тиімді пайдаланылады. Соның нәтижесінде салыстырмалы түрде арзан әрі сапалы ет, жүн, тері, иә басқа өнімдер өндіруге болады.
Иә, еліміздің дарқан даласын қой түлігінсіз елестету қиын. Қылшықты қызыл жүнді қой тек қазақ даласында өсірілетіндігімен құнды. Биязы жүнді қой өсіру Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында дамыған. Негізгі тұқым түрлері биязы жүнді, қазақтың арқар-меринос, оңтүстік қазақ мериносы, солтүстік қазақ мериносы, етті-меринос пен қазақстандық меринос. Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облысында биязы жүнді қойдың аздаған басы бар.
2018 жылғы статистикалық дерекке жүгінсек, кейінгі бірнеше жылда ауылшаруашылық өндірушілердің барлық санаттарындағы жылқы саны 6,9 %-ға, түйе 7,2%-ға, ірі қара мал 5,5%-ға, құс – 8,1%-ға, қой мен ешкі 0,8%-ға ұлғайыпты.
2016 жылмен салыстырғанда еттің барлық түрлерінің тірідей салмақтағы өндірісі 5,4%-ға ұлғайыпты. Соңғы үш жылдықты назарға алсақ, қой шаруашылығында едәуір өсім бар екенін көруге болады.
Биыл қаңтар айында Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған А.Евниев:
– Биыл жалпы көлемі 33 мың тонна, келер жылы 40 мың тонна мал өнімін экспорттауға мүмкіндік бар. Қой етін сыртқы нарыққа шығаруға да жол ашылды. Жалғыз «Актеп» компаниясы Иранмен арада 10 000 тонна ет жіберу туралы келісімге қол қойды. Сондықтан кідірудің қажеті жоқ, – деген болатын.
Ауылда қой шаруашылығы едәуір қарқын алып дамып келе жатыр. Қазақстанда биязы жүнді қойды будандастыру 3 бағытта жүреді: ет өнімдерін арттыру; жоғары сападағы биязы жүнді қой өсіру, етті-майлы қой түрін асылдандыру. Қой шаруашылығының аса маңызды басты өнімінің бірі – жүн. Қойдан басқа да жүн беретін мал, аң және жануарлар бар, бірақ барлық өндірілетін жүннің 85-90%-ы қойдан өндіріледі. Сондықтан шұға-мата жеңіл өнеркәсібі үшін қой жүнінің маңызы зор.
Соңғы жылдары химия өндірісінің дамуына байланысты жасанды және синтетикалық талшықтар көптеп өндіріліп, олардан тоқылатын кездеме маталар да көбейді. Бұл талшықтарды өндіру әрі арзан, әрі олардың кейбір қажеттері табиғи талшықтан артық та жағдайлары бар. Кейбір қой тұқымдарының жүнінен кілем, алаша, гобелен, қолғап, байпақ, фетр сияқты қажетті заттар тоқылып, жасалады. Киіз басуға тек қой жүні ғана жарайды. Сондықтан қой жүні халық шаруашылығында кеңінен қолданылып, жоғары бағаланады.
Еліміздегі қой шаруашылығын зерттеу барысында жастардың қой шаруашылығымен айналысуға құлшынысы жақсы екені байқалуда. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысатындардың 60%-ға жуығы жастар санатындағы азаматтар екен. Елдің экономикалық әлеуетінің артуы мұнай мен шикізаттан кейін мал шаруашылығымен байланысты екенін ескерсек, бұл жақсы үрдіс екені түсінікті.
«Қой егіз тапса, шөптің басы айыр шығады» деген қазақ халқының Шопан ата төлімен тұрмыс-тіршілігі өте жақындығын байқауға болады. Қой өте төзімді келетіндіктен, ауа райы өте суық немесе аса ыстық жерлерде де жақсы көбейеді. Құлазыған шөл де, шыңы биік тау да қой жарықтықтың жайылымына жарай береді. Елімізде қой басының көбеюі, ел экономикасының іргелі дамуына жол ашып тұрғанын ғалымдар да растайды. Олай болса, Үкімет тарапынан осы қой шаруашылығын қолдауға көбірек көңіл бөлінгені дұрыс.
Айдана ТІЛЕУҒАБЫЛОВА