• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Шілде, 2019

Құмырсқа пәлсапасы

866 рет
көрсетілді

«Отырамын деп еріншек өлер, жаманға жақсылық қыламын деп көңілшек өлер». Қоғамымызда белең алып бара жатқан кей құбылыстар осы сөзді ойға оралтады. Қараңызшы, қайда барсаңыз да жұмыссыздық мәселесі алдымыздан шығады, қайда барсаңыз да қол жайған қайыршыдай бюджет қаражатынсыз қадам баспайтын қалың жобалар қаулап кеткенін көресіз. Бейнебір жалқаулық пен іскерліктің арасы бір-ақ тұтам іспетті әсер қалдырады. Әрине, мемлекеттің қолдауы қажет. Бірақ кез келген саланы өркендетуі, инвестициялауы тиіс кәсіпкерліктің өзі үкіметтік қолдаудың инесіне отырғанын аңдау қиын емес. Бұл – қауіпті үрдіс. Масылдықты маңайлатпау үшін не істеуге болады?

Осы жайттарды саралаған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшы­сы­ның қатысуымен жетеге жететіндей-ақ жүйелі сөз айтылды. Тек жүлгесін тапсын дейміз.

Әлбетте, Қазақ елі осынау ширек ғасырдан аса кезеңде көп игілікке қолы жетсе де, уысы толмай келе жатқанының себебін іздейміз ғой әзелден. Әсіресе шерленіп шын сөздің садағын шірене тартқан Шерағаның, кемел сандарды сөйлеткен сайын сағың сынатын Камал Смайыловтың сонау мыңжылдықтар тоғысындағы толғау хаттарын қайталап оқысаңыз әлі де өзектілігін жоймағанын байқайсыз. Налисыз ба, налисыз. Иә, біз әлі де алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырған күлшелі бала тәріздіміз.

Баршаға болмаса да, осы бір намысты сөз бәзбіреуімізді қамшыламайтыны, намысымызды оятпайтыны, шабымызға түртпейтіні таң­ғалдырады. Бізді қамшылайтын әлі де орынтақ ойындары, намысымызды ту етіп, шабымызға түртетіні әлі де рулық, жер­шіл­дік дерті болып қалуда, өкінішке қарай. Содан да болар, қазір үлкенді-кішілі қайсы­бір мансапқа тағайындалған азаматтың өмір­бая­нындағы қасиетті «туған жер» графасы көр­се­тілмейтін болды. Жұмыс ба­рысындағы жүйесіздіктер жария болса, сал­дары кәсібиліктің емес, жең ұшынан жал­ғасу­дың жемісі болып шыға береді, шыға береді...

Қазақстан индустрияландыру бағдар­ла­масының үшінші бесжылдығының алдында тұр. Бірақ алдыңғы екі бесжылдықтың жемісі қандай, кемшілігі қандай? Бағамдай, таразылай алдық па? Қоғамның жадында ашыла салып, жабылатын, тіпті ашылмаса да ашылғандай қылып көрсетілген ірі жобалардың «гранд» тұсаукесерлерімен қалған қателіктерден қаншалықты сабақ алдық? Жалпы «мегажобалардан» бұрын қарапайым ғана қажеттіліктерімізді қамтамасыз етіп алуды неге ойластырмаймыз? Бұл мәселеде Үкіметтің өзі қолдау беруге бекініп отырған «қарапайым заттар экономикасы» әлеуетін тиімді пайдалана аламыз ба? Міне, осындай сауалдарды төңіректегенде кімге кінә қоярымызды, кімге үміт артарымызды білмей дағдаратынымыз бар. Халық жұмыс бер дейді. Үкімет жұмыс бар, істе дейді. Осы ортада дәнекерлік танытатын менеджерлер буыны өсіп-жетілмеген бе деген ойға қалсаңыз, шетелге ағылып жатқан ой-сана көші есіңізге түседі. Ал мемлекет нақты әлеуметтік қолдауларға бет бұра бастаса, оны да сіз бен біздің салығымызға әлдекімдердің қол жайғаны деп көз алартатынымыз бар. Сонда қалай?..  

Қазақ «Кісіден сұрағанның екі көзі шығады» деген екен. Әсілі, «хан сыртынан жұдырық» көрсетерден бұрын тақиясына қарай тар уысын толтырғысы келетін әлеуметтің қай тобына да «судың да сұрауы барын» білмек ләзім. Сонда әр дүниенің бағасы болмақ. Әйтпесе әлеуметтік қолдауға арқа сүйеген халықтың жұмыссыз отырғаны отырған, бюджет қаржысына бизнес жүргізгісі келетін бәзбіреулердің алақан жайғаны жайған болып қала береді.

Санамалаудың қажеті жоқ, бюджет қар­жысы желге ұшқан жобалар жетерлік. Соның алдын алу үшін Президент жоспарлаудың дұрыс жүргізілуі жөнінде айтты. Бұл соған сәйкес қаржыландыруды қамтамасыз етпек.

...Еңбекқор құмырсқа жөніндегі мысал есіңізде ме? Иә, данышпанға кез болып, басының үлкендігі – аз сөйлеп, көп ойланатыны, белінің қылдырықтай жіңішкелігі – белі талғанша еңбек ететіні жөнінде айтатын құмырсқа туралы. Сонда құмырсқаны сынамақ болған ғалым оған бір жылға жетерлік бидай дәнін қалдырып, бір жылдан кейін оралғанында бидайдың жартысын ғана жеген құмырсқаның айтатыны бар емес пе: «Егер данышпан мені ұмытып кетсе, тағы бір жыл өмір сүретін едім».  Міне, мемлекет мүддесі де осы құмырсқа пәлсапасына құрылуы қажет – яғни, талмай еңбек ету, келешекті ойлау, сауатты жоспарлау һәм қанағат.