• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 18 Шілде, 2019

Саф өнерге сұраныс жойылмайды

431 рет
көрсетілді

Суретші өмірдегі ғажап көріністерді іздеумен өтеді. Себебі шебердің жанары әрбір тіршілік иесінің, әрбір заттың болмысын аша түсуді көздейтіні рас. Демек, сыртқы пішінді бейнелеу арқылы ішкі жан дүниені сездіруге ұмтылса керек. Шынайы сұлулықты жазықтықта яки кеңістікте жеткізу адам ойлағандай оңай емес. Ал оның сырына бойлау – тек ілуде біреудің ғана бағына бұйырған. Андреа Верроккьо, Микеланджело Буонарроти және Огюст Роден салып кеткен сара жолды таңдап, үздіксіз ізденумен ақиқатқа жетуді мұрат тұтқан саңлақтар біздің арамызда жүр. Ресейдің Омбы қаласында дүниеге келген қандасымыз Мейрам Баймұқанов бейнелеу өнерінде өзіндік мәнерімен танымал. Санкт-Петербург шаһарында тұратын қазақ баласымен әңгімелесудің орайы келіп, сырлы әлемнің қазіргі беталысына қанықтық.

«Әке көрген – оқ жонар...»

Көпшілікке бұл есім бейтаныс болуы заңдылық. Осы ретте жас шебердің қысқаша өмірбаянын тізіп өтуді жөн көрдік. Мейрамның өмір­ге келмей тұрып болашақ маман­дығы тегімен айқындалып қойды десек артық айтпаспыз. Неге десе­ңіз, әкесі Геймран Баймұқанов Омбы мемлекеттік педагогикалық уни­вер­ситетіндегі академиялық кес­кіндеме және сурет кафедрасының про­фессоры, Ресей Суретшілер ода­­ғының мүшесі, көршілес елдегі беделді кескіндемешілердің бірі. Осылай бола тұра, туған перзенттің басқа саланы таңдауы мүмкін емес-ті. Уақыт жылжи келе бұл шын­дыққа айналды. Жастайынан бейнелеу өнерінің әлеміне бойлаған кейіпкеріміздің бара-бара эстетикалық талғамы ұштала түсті. Кейіннен ол Пензадағы К.Савицкий атындағы көркемсурет училищесінің мүсін бөлімін тәмамдап шығады. Онымен тоқтамай, Краснояр көркем институты мен И.Репин атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық кескіндеме, мүсін және сәулет институтында білі­мін шыңдайды. Жас шағында шебердің бағындырған белестері жетерлік. Ең негізгілерін сабақтасақ, 2009 жылы Барнаулда өткен Сібірдің жас суретшілері IV аймақаралық көрмесінің Гран-при лауреаты, «Аз. Арт. Сібір – 2015» VII аймақаралық жастар көрмесінің «Мүсін» аталымында Гран-при лауреаты, сондай-ақ 2010, 2012, 2013 және 2015 жылдары Санкт-Петербург қаласы мен Ленинград облысындағы бірқатар сәулет және мүсін ескерткіштерін қай­та жаңғыртуға атсалысқан. Бұ­дан бөлек, көптеген аймақтық, ай­мақаралық, бүкілресейлік және халықаралық көрмелермен қатар байқаулардың қатысушысы. Ресей Федерациясы Суретшілер одағының мүшесі, Санкт-Петербург қаласы Суретшілер одағының мүшесі. Ал қанжығасын майлаған соңғы атағы – Қазақстан Республикасы Көркемсурет академиясының академигі. Әйтсе де мұның барлығы кейіпкерімізді оқырманға етене таныта қоймас. Был­тыр Түркия мемлекетінде салмағы 500 тонна, биіктігі 70 метрді құрайтын түркі халықтарының ор­тақ қаһарманы «Көроғлыға» алып ескерткіш қойылған-тұғын. Мүсінші Мұрат Мансұровтың авторлық жұ­мысын сомдауға, міне осы Мейрам Баймұқанов та септескенін айта кету керек. Өнер коллаборациясының жемісі дүйім Түркі әлемін таңғал­дырды. Ал жас шебер мұндай көлем­дегі монументальды жобадан таптырмас тәжірибе жинақтады.

– Кезінде әкем Рембрандт туралы бір кітапты оқуға бергені есімде. Өте қызықты еңбек. Негізінен суретшілер өз өмірі жайлы тартымды жаза біледі. Басқа кәсіп иелері сынды таңнан кеш­ке дейін бір орында жұмыс іс­теу суретшіге жат. Біздің кәсібіміз көңіл күйге байланысты. Осының барлығы сол кітапта жан-жақты көрсетілген. Міне, содан бастап бұл салаға ден қойдым. Әлі күнге дейін мамандық таңдауда қателеспегеніме қуанамын. Кеңсе менеджеріне қара­ғанда, мүсіншінің жұмысы әлдеқайда қызықты деп ойлаймын, – деген Мей­­рам, өнерге алғашқы қадам ни­дер­ландтық қылқалам шеберінің шығармашылығын зерттеуден бас­талғанын айтады.

Ол осы уақытқа дейін қолынан қанша жұмыс шыққаны жөнінде санақ жүргізбеген. Санкт-Петербургтің өзін­де реставрациялық жұмыстары жетіп-артылатын сынды. Ал инсти­тут қабырғасында 3-курстан бастап рельефті композицияларды сомдай бастапты. Мәселен, оның кеуде мүсіншелері мүлдем есепке алынбайтын көрінеді. Ал ондай еңбектері аз емес дейді.

– Әртүрлі бағытта жұмыс істе­ген ұнайды. Монументальды ескерт­кіштерден бастап станокты мүсінге дейін. Бір кездері Қазақстанда бейнелеу өнерінің құлдырау кезеңі болды. Бұл теорияны мен жиі айтып келемін. Мысалы, балбал тастарды алып қарайық. Өз дәуірінің мінсіз ескерткіштері. Олардың формалары кәсіби тұрғыда орындалған. Ал XX ғасырдың басында социалистік реализм бағыты келді. Бірақ осы екі кезеңнің ортасында үлкен вакуум пайда болды. Міне, осы мәселе мені қатты ойландырады. Академиялық білім алғандықтан, дәстүрлі мектепке жақынмын. Әйтсе де жеке шығармашылықта басқа бір жанрда мүмкіндігімді көргім келеді. Адам өмір бойы ізденумен өтеді. Сондықтан да дара жолымды іздеумен келемін, – дейді жас мүсінші.

Бәлкім, бұл істі замандастарымыз қолға алар?

«Өнерде шекара жоқ» дегенді жиі еститініміз жасырын емес. Мәселен, орта ғасырда Еуропа елдерінде инте­грациялық процестер қарқынды жүр­ді. Мәдениетте тіпті айқын көрі­ніс тапты. «Қазіргі өтпелі кезеңде ұлттық мүсін бағытын қалыптастыру мүмкін бе?» деген сауалымызға өнер резиденті былай деп жауап қатты.

– Әлбетте, мүмкін. Сол орта ға­сыр­дың өзінде мәдени импорт қат­ты жүргенімен әр мемлекет өзіне тән рухани құндылығын сақтап қал­­ды. Мысалы, неміс өнерінің жо­ғарғы кезеңі мен италиялық өнер дәуірін салыстырсақ, мүлдем бө­лек. Неміс халқы табиғатынан қалып­тасқан заңдылықтарды берік ұстанады. Мәдениеттерінде де дәл солай, барлығы қатаң қағидаларға негізделген. Италиялықтарда кері­сінше үрдіс байқалады. Дегенмен ортақ тұстары бар. Қазақтың ұлттық мүсін мектебін қалыптастыруға әбден болады. Тек оны жан-тәнімен түсіне білетін қайраткерлер керек. Кім біледі, бәлкім, бұл істі біздің замандас­тарымыз қолға алар?! – деді өнер саңлағы.

Қалыптасқан таптаурынды бұзу қажет

Әлем бір орында тұрмайтынын ескер­сек, күн сайын сан алуан жаңа­лықтың куәсі болып жатамыз. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгінің адамын таңғалдыру оңайға соқпайды. Ака­демиялық негізі бар суретшінің дәстүрлі шеңберден шығуы да екіта­лай. Бұл орайда дәстүрлі мектеп өкілі еркін көзқарас білдіре ала ма деген заңды сұрақ туындайды?

– Сол шеңберден шығудың амалын өзім де іздеп жүрмін. Әрине, абстрактілі туындыны жасағың-ақ келеді, бірақ ол үшін қалыптасқан таптаурынды бұзу қажет. Расымен де бұл оңай іс емес. Академиялық бағыт пен авторлық шығармашылықты бірдей алып жүру керек деп ойлаймын. Міне, сондай тұлға шын шебер деген атаққа лайық. Ол енді адамға байланысты. Бес саусақтың барлығы бірдей емес. Сол сияқты мүсіншілердің әрқай­сысы – қайталанбас тұлға. Біріне фил­ософиялық ұғымдар жақын, енді бірі қоғамды тәрбиелеуді көз­дейді, үшіншісі өзінің азаматтық ұста­нымын білдіргісі келеді. Мә­селен, идеологиялық ескерткіш сіз­дің патриоттық сезіміңізді оятуы ықтимал. Авторлық жұмысқа қа­рап, қоғамдық мәселеге байланыс­ты ой түюіңіз мүм­кін. Сол секілді абстрактілі мүсін мүлдем космологиялық бағытқа алып кетуі ғажап емес, – дейді М.Бай­мұқанов.

Қоғамдық талғамды қалып­тас­тыратын бірден-бір маман иесі – өнер адамы десек, бұл жауапкершілікті мүсінші де арқалайтыны даусыз. Ал талғам дегеніміз не? Ол – мәдениет. Бұл тұрғыда қандасымыздың айтар уәжі жоқ емес.

– Егерде адам сапасыз орындалған ескерткіштің қасынан өтсе, қандай сезімде болады? Оның мәдениеті арта түсе ме? Семейлік мүсінші Нұр­­бол Қалиевпен Шығыстағы аудан­ның біріне барып қайттық. Сонда орнатылған монументальды жұ­мыс­тарды көріп шықтым. Кейбір мүсіндерден төбе шашым тік тұрғаны рас. Мұндай туындылардан адамның дүниетанымы кеңейе түспейтіні хақ. Түсінесіз бе, қоғамның санасын жалған жұмыстармен тұмшалау қыл­мыспен пара-пар. Адамдар мұражайға не үшін барады? Эмоция алғысы келеді. Рухани кемелдікке ұмтылады. Ал балабақшаның дең­гейін­дегі жұмыс­тардан қандай ләззат алуға болады?! – дейді ол.

Цифрлы технологиялардың дамуымен дәстүрлі өнердің жойылу қаупі жөнінде қоғамда біраз айтылып жүр. Дегенмен М. Баймұқанов саф өнерге әрқашан да сұраныс болатынын тек уақыт өте оның құны еселене түсетінін жеткізді.

– Фотоаппарат ойлап табылғанда, кескіндеме жойылып кеткен жоқ қой. Портретке тапсырыс беретіндер қалды. Әрине, әсерін тигізді және әлі де тигізуі мүмкін. Атап айтсақ, 3D тех­нология – керемет өнертабыс. Оның көмегімен кез келген мүсіннің бөліктерін басып шығаруға болады. Десе де негізгі форманы жасау үлгісі сол күйінде қала береді. Бұдан дәстүрлі өнер ұтпаса, ұтылмасы анық, – дейді Ресейде тұратын қандасымыз.

Әңгіме түйінделер тұста алға қой­ған жоспарымен бөлісті. Жыл бойына жоспар құрмаса да атқаратын жұмыстары шаш-етектен екен. Атап айтқанда, Анадолы елінде кезек күтіп тұрған шаруалары аз емес екенін жеткізді. Сол секілді Санкт-Петербургте аяқтайтын жобалары да бар. Бұдан басқа Тель-Авивтің муниципалитетімен бірнеше жылға келісімшарт жасалған. Осыған тездетіп кірісуді жоспарлауда.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»