• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Шілде, 2019

Майдан тудырған сөз

664 рет
көрсетілді

Тақырып біреу болғанмен тарқату әр қилы, оқиға біреу болса да сезіну мен сезіндіру өзгеше. Сондықтан да ол – әдебиет. Сондықтан да ол өміршең.

Жауынгер жазушы Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кет­ті» романы жайында жазу себе­бімізді тек қазіргі ұрпақ кешегі соғыстың қиындығын сезініп, бүгінгі бейбіт күннің қадірін ұғы­ну үшін деп жалпылама сипаттар болсақ, онымыз тым жалаң пайым болар еді. Өйткені ол жалын атқан жастық шағын «жалмаған» соғыс туралы жазуға жүз ойланып, мың толғанып, тіпті сонау бала күнінде көрген ең қиын, ең ауыр сәттерін со­ғыс­тағы бастан кешкен түрлі жағдайлармен ұштастыра сомдап, санасында сартап қылып «сүрлейді». Соғысты көргендер де, көрмегендер де майдан туралы том-том кітаптар жазып жат­қанда Кемел қаламы бұл тақы­рыпқа қозғала қоймапты. Ой­ланып, толғанып, қай тұсы­нан, қалай кірісудің бәрін кө­кірек көмбесінде әбден пісіріпті. Де­ректе бұл роман 1983 жы­лы кітап болып басылғаны көр­сетілген. Яғ­ни, дүниеден өте­рін­ен үш-ақ жыл бұрын жарық көрген екен.

Бұл романда өлім мен өмір арпалысқан айрықша сәттегі адам болмысы, жау қолында қалып бара жатқан жолдасымен қа­рым-қатынасы, жанындағы адамның атқан оғын иемденіп, атаққа кенеле қойғысы келетін аярлық, бәрі-бәрі табиғи қалыпта көз алдыңа көлденең тартылады. Тіпті кей­бір күрделі пси­хо­­логиялық жағд­айларды ай­рық­ша тоқтала су­реттеуі оның тек соғыста ғана емес, осынау бейбіт тіршілігімізде де көз­ге көрінбейтін өзгеше форма­да өрбіп жататын жайт екенін көр­сетсе керек. Сонымен бір­ге Қазақстанда жүргізілген ұжым­дастыру кесірінен болған қасі­ретті, тіпті соғысқа қатысты бі­раз құпияны ашып көрсету ро­манның негізгі мақсаттарының бірі болғандай. Сондықтан да соғыс жайындағы бұл роман тарсылдаған мылтық дауысы мен «уралаған» ұрандардан тұр­майды. Шымыр өрілген шынайы оқиғалармен шығарманы ілгерілете отырып, соғыстың жалпы жағдайына байыпты барлау да жасайды. Бұл әрине оңай емес. Мұны өз деңгейінде орындап шығуға жазуы жолға түскен жорғадай тайпалып, әсіресе қазақ әдебиетіне таңсық көрінген детектив дейтін жанрды әбден мең­герген Кемел қаламының ке­меліне келген шағы керек-тұғын.

Көрнекті әдебиеттанушы, ға­лым Шерияздан Елеукенов «Ке­мел Тоқаевтың соғыс тура­лы бұл туындысы окоптан жаз­ған репортаждай оқылады» деп­ті. Өзіңді баяндалып отырған оқи­ғаның ішінде жүргендей сезіндіретін бұл шығарма жайын­да біз Кемел Тоқаевтың өмі­рі мен шығармашылығы жөнінде жазылған «Тағдыр мен майдан» кітабымызда кеңінен тоқталған едік. Бұл мақаламызда романның тұтас тұла бойы, оқиға желісіне тоқталмай, оқырманға айрықша әсер ететін және соғыс майданын­да ғана айтылған қа­дау-қадау ойларға тоқталғанды жөн санадық.

«Ұят өлімнен жоғары тұра­ды». Әдетте «өлімнен ұят күш­ті» деген сөз бар. Мұны әркім әрқа­лай түсінеді. Ұрлық секілді ұятты іс жасап елдің алдында масқараң шығып тірі жүргенше өліп қал­ғаның артық деген мағынада келеді. Ал қызық болғанда бұл мә­телдің соғыс жағдайында біз ойла­маған басқаша қыры ашыл­ған сыңайлы.

«Мұхамедтің қасына танауы делдиіп ентіге жүгіріп келген Фаткуллин:

– Жолдас сержант, темекі тартуға бола ма? – деді. Фаткул­лин бөлімшеде өзімен-өзі жүре­тін, ешкіммен жұмысы жоқ мо­мын, жуас жауынгер саналатын. Осы сайға орналасқалы бері бір сәт тыным тапқан жоқ. Әр­қай­сысының қасына бір жүгіріп барады. Өлімнен қашып, оқ тимейтін «құтты орын» іздеп жүр­генін Мұхамед енді ғана сезді.

Өлімнен қорықпайтын адам жоқ. Бәрі өлімнен қорқады. Бірақ сол үрейін бүркегісі келеді, қатер төніп тұрса да салмақты, сабырлы болуға тырысады, берекесі кетіп, шошынып айқайламайды, өкіріп жыламайды. Өйткені ұя­ты өлімнен жоғары тұрады. Фат­куллин де өзінің қорыққанын жасырмақ болады. Мұхамед жымия күліп:

– Солдаттар мосы асып, шай қойып жатыр. Сенің тартқан теме­кіңнің әлсіз отын немістер көріп қояды деймісің, – деді.

Фаткуллин жан-жағына алақ­тай қарап:

– Ә, солай екен-ау? – деді де өзі­нің сұрауын ақтамақ боп, – жай қыр үстінде, жалаңаш, ашық жерде тұрған соң айтып жатқаным ғой, – дей салды.

– Именбей тарта бер».

Өлім алдында тұрса да қорық­қанын білдіріп қоюға ұялады. Бұл қандай күй, қандай сезім? Адам баласының құпияға толы болмысының осы бір қыры сағат, минут сайын ажал оғы атқылап жатқан майдан даласынан өзге жерде көрініс беруі, ойыңа келіп қағаз бетіне түсіру мүмкін еместей. «Ұят өлімнен жоғары тұрады». Міне, бұл нағыз майдан тудырған сөз. Әлгі мәтеліміздің әуелгі шынайы мағынасы осы шығар бәлкім? Осылай айтқанда оның бетіндегі шаңы сүртіліп, жарқырап, жаңғырып шыға келгендей. Керек десеңіз, мәтелдің түпкі мәніне барар тура жолды ашып, нұсқап тұрғандай ма, қалай? Автор, әрине біз айтып отырған мәтел мағынасы туралы ойды мақсаттамаған да. Ол өзі анық сезінген адам бойындағы сирек жағдайда көрініс беретін құбылысты ғана айтып өтті.

 «Өзіңе атылған оқ». «Мұха­медтің қасына етпетінен бұғына түсіп жатқан Қойбағаров алға көз тігіп:

– Немістер кетті, – деп мыл­тығын жатқыза қойды. – Айна­ланың бәрі жұмбақ, қайда не барын білмейміз. Тым құрыса таң атқанға дейін мұрша берсе екен.

– Әрбір артық қимыл, да­быр­лаған сөз өзіңе атылған оқ­­пен тең. Осыны ұғып қой! – деп Мұхамед Фаткуллинге бұ­рыл­ды. – Жүреңнен отырсың. Немісті қалай көресің? Аспанға атпақ­сың ба? Бұғынбай еңсеңді көтер. Мылтығыңды кезеп ұста! Фаткуллин тыпырлай тұрып:

– Немістер келсе, атам ғой! – деді».

Бұл өзінің қыбыр еткен қимы­лынан қапы кеткен қаншама жолдастарын көрген көзден шыққан сөз. Ал жайшылықта да біз қан­шама артық қимылымыздан өзі­мізге «оқ» тиіп жатқанын біле бермейміз.

Құпия болған қуаныш жа­сы. Бұл бұған дейін ойға кел­меген, егер Кемелдің кермек бала­лық шағын білмей, «Солдат соғысқа кетті» романын оқымай жүрсек әлі де, тіпті, мәңгіге біл­­мей өтетін құбылыс екен. Бей­­нелеп айтқанда, тумысынан бас­­талған тұл жетімдік тұрмы­сына сіңіп кеткен бейбақ бала­ның таңғалысы сіз бен бізді таңғал­дырмай қоймайды.

Мұхамед жеті тәулік бойы жау тылында қоршауда қалған үш танкисті құтқаруға тапсырма алып, түн ішінде ұрланып келіп, қапыда немістерге оқ жау­дырып жолдастарын құтқарып алады. Өмірден күдері үзіліп, бір-бірімен іштей қоштасып жатқан үшеуі құтқарылғанда қуанғандарынан жылап жібереді. Біздің назарымызды аударған тұс, Мұхамед бұлардың жылауын түсінбей қалады. Себебі:

«Мұхамед балалар үйінде жүргенде кісімсінген әлде бі­реу қатты ұрып тастағанда, не жазықсыздан таяқ жегенде бала­лардың көгерген етін сипалап отырып, мұңын шағуға кісі таппай булыға ұзақ өксіп жылағанын талай мәрте көргені бар. Жәбір көргендер ғана жас төгеді деп ұғатын. Қуанған кісі де жылайды екен-ау деп таңғалды.

Ол қуаныш жасын бірінші рет көрген еді» дейді романда. Осы тұста құрметті оқырман, ойыңызда «Мұхамед деген кім?» деген бір сауалдың төбесі көрінуі мүмкін. Бірден жауап берейік. Мұхамед деген – Кемел Тоқаевтың өзі еді. Балалық шағы өте қиын, тар кезеңге тап келген Кемелдің он жасқа жетер-жетпес шағында әке-шеше, қарындасынан бір-ақ күнде аса аянышты жағдайда айырылып, өзі Қасым деген ағасымен сонау Бішкек түбіндегі жетімдер үйінде жан сақтаған тарихын біреу білсе, біреу білмес. Сол балалар үйінде ержетіп, майданға жасы толғанда жер бетіндегі жалғыз жанашыр жақыны, ағасы – Қасым соғысқа кетіп, оны сағына аңсап, сарыла күтіп жүргенде бір жарым жылдан соң одан да қаралы қағаз келеді. Өзегінде өкініш пен кек қайнап, сол ағаның ізімен енді өзі де майданға аттанып, қанды қасап соғыстың ортасында жүрген беті осы еді.

Жаңағы үш орыс жолдасын құтқарған Мұхамед жайлы автор: «Осы бір сәтте қазақтың кішкентай қара домалақ баласы бұл үшеуіне қиядағыны қияннан шалатын, қиырдағыны қиналмай алатын алғыр да өжет жас қайрат иесіндей көрінген еді», – дейді. Бұл жүрегі қазақ деп соққан намысқой жастың өзінің ерлігіне, өзін биік ұстағанына деген риза көңілі еді.

Ал жоғарыда біз сөз еткен қуаныш жасы таяқ жемей, ұрыс естімей өткізген әр са­ға­ты қуанышқа баланатын балалар үйінде ержеткен адам ғана сезінетін сирек құбы­лыс. Бұған дейін адамдар қиналған, қай­ғырған көңіл күйде ғана жылайды деп ұғып келу деге­ніңіз адам айтса нанғысыз ауыр хәл. Бұл – осы жасқа келген­ше айналасынан көз жасы төгі­лердей қуанышты сәт көрмей сұрқайлықтан ғана сақтануға қабілеті жетіле түскен суық сананың ойда-жоқта селт етіп се­зінген жылылығы. Адам бо­йын­­дағы осындай бір құбылыс бо­ла­ды екен ғой деп ұққан ол сол сәтте алда қолы жетер бір бай­лықты көр­гендей болды. Ол – қуаныш жасы.

Мұны жантану, психология ғылымдарын зерттеушілер жүйелі зерделеп пайдаға асырар болса, бүгінде сәби жүрегін уайы­м мүжіген талай жеткіншектің қуаныш жасын ертерек сезін­діруге түрлі жағдайлар жасалар ма еді. Ол өз кезегінде бала психологиясына, өміріне пайдалы болатынына күмән жоқ. Алайда, осы жантану ғылымының өзі сала салаға бөлініп, әдебиеттен іргесін аулақ салған осы уақытта кермек тағдырынан керемет құпиялардың кілтін тапқан жазушы жаңалығын керекке жарата қояды дегенге сене алмайтын секілдіміз.

Жантәсілім алдында немесе туған ана мен тұңғыш ба­ла. Тағы да Ш.Елеукенов «Аты да, талант­ы да Кемел» деп ата­ла­тын ма­қаласында «Солдат соғысқа кетті» романынан үзінді келтіре отырып, мына бір жайды баяндайды:

«Тек қанды көйлек досы өлім аузын­да: мамам байғұс за­ры­ғып, мені босқа күтіп, екі кө­зі төрт болады-ау деп өзі­нен гөрі анасын қимайтын же­рін­де роман әңгімешісінің тама­ғына тас тығылып қалғандай қалпын сезінесің. Кемекеңнің досы, отставкадағы полковник, «Тоқаевтың үш сыйлығы...» деген мақала жазған («Қазақ әдебиеті», 23 қазан, 1998 жыл) жазушы Қалмұқан Исабаевтан осы психологиялық көрініс жайын­да пікір айтуын сұрағанымда былай деп еді: соғыста қатты жарақаттанып әл үстінде жатқан жас солдат үнемі «мама!» – деп шешесін шақырып айқайға басып жатады. Ал мосқалдаулары тұңғыш баласының атын атап қоштасады...» дейді.

Осы бір көп адамға ортақ тылсым психологиялық күйді роман әңгімешісі бірде белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовқа да айтып беріпті. Үйінде қонақ болған Әзілханға өзінің жауын­гер жолдастары туралы әң­гі­мелеп отырып, Виктор Акимов деген досының жаны үзіліп бара жатқанда соңғы рет: «Мамам мені сағынатын болды-ау!» деге­нін айтып, «сол сөз өмір бойы құла­ғым­да келеді...» деп көзіне жас алыпты.

«Сол сәтте Тұраргүл орнынан тұрып:

– Қой, Кемеш, босама, – деп шашынан сипап, күйеуінің басын кеудесіне қысты.

Кемелдің жанының нәзік­тігіне, дос дегенде ішкен асын жерге қоятын адалдығына және оның жан жарының күйеуіне деген жан тебірентерлік ілтипатына тәнті болып, менің де жүрегім елжіреп кетті. Қалтамнан орамалымды алып, аузымда сүрткен болып, жасаурап кеткен екі көзімнің құйрығын құрғаттым...» деп жазады майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов.

Майдан дәлелдеген екінші хәл, яғни, жігіт шақтан өтіп, отбасы, балалы-шағалы болған­дардың өлім сәтіндегі күйі туралы да романда суреттеледі.

«Окоп ішінде ыңырсыған, қиналған дауыс естілді. Алиев қасына жетіп кеп еңкейе қара­ды. Қойбағаров окоп түбіне шал­қасынан құлаған. Тұла бойы топырақ араласқан қан. Снаряд сол жақ қолы мен қабырғасын жұ­лып кеткен. Шикі өкпе көрініп тұр...

– Ойпырмай, мына жел деге­нің ұстараның жүзіндей өткір екен-ау. Өкпемді қарып күйдіріп барады. Шинелімді қымтап жі­берші, – деп талып кетті.

Әлден соң тілінің ұшымен кезерген ернін жалап жатып көзін ашты. Бабахунов флягін тосып, аузына су тамызды. Су жұтылмай езуінен ағып жатыр. ...Қойбағаров ұзақ қарап жатып:

– Міне, қалқам, енді келмес сапарға жол тарттық, – деп кәдімгі дені сау кісідей сөйлеп кетті. – Ақылжаным жас еді. Арт­­та қалған жалғыз тұяғым сол. Соған ие болғай дегейсің. Жа­рыма, ақылдыма тілегім осы. Аманатымды жеткіз қалқам! – деп көзін жұмып тына қалды» дейді.

Бұлар, міне, нағыз майдан тудырған сөз, майдан сезіндірген құбылыстар емес пе? Дәл осындай бір тұста Мұхамедтің «мен өлсем сұрайтындай, мені жоқтап сағынатындай кімім бар, мүмкін маған осы да жақсы болған шы­ғар, ендеше мен алаңсыз алғы шепке ұмтыла беруім керек» дейтін кездері баяндалады. Әри­не сүйегіңді қаритын сөз.

Тағдыр мен мінез. Жазушы Кемел Тоқаев сөзге сараң бол­ғаны туралы қаламдас дос, інілері естеліктерінде көп жазыпты. Осы романды оқып отырып, сол мінездің сырынан да ұшық ұстағандаймыз.

 «18 қаңтар, 1943 жыл.

Сталинград майданы.

...Әдетте солдаттар жолығыса қалған санаулы минуттар ішінде аты-жөнін, қай жақтан екенін жамырай сұрасып қалады. Ауылда кімдердің қалғанын әңгімелеп, әке-шешесін, сүйікті жарын, туған-туыстарын еске алысады. Мұндай сұрақ маған ауыр тиетін. Балалар үйіненмін деп айту өзіме қорқынышты көрінеді... Мұндай сұрақтан қашатынмын. Жігіттермен ашыла сөйлесе қой­маған соң өз жөндерін айтуға онша әуестене қоймады, құлқы да болған жоқ. Бабахунов, мен, Тохидзе үшеуімізден басқа бөлімшеде тағы бес адам бар...».

Бұралаң жол. Біз сөз еткен романдағы Мұхамедтің басынан өткерген біраз жайы осы «ағамның кегі», «азаматтық борышым» деп соғысқа аттанған бір әулеттен қалған жалғыз дән, жалғыз дарақ – Кемел Құдайдың қуатында өлмеді, аман қалды. Жалындап тұрған жас сарбаз бірден көзге түсіп, 226-шы атқыштар дивизиясының бө­лімше командирі болады. Үш айдан соң ұрыста жараланып, әскери госпитальға түседі. Алайда жарақатынан то­лық жазылмаса да алғы шепке аттануға өзі тілек білдіреді. Сөйтіп, ол 7-гвардияшылар танк полкына қосылып Беларусьте, Украина мен Польша жерінде болып, кескілескен майдандарға қатысады. Майданда жүріп екі мәрте «Ерлігі үшін» медалін алады. Соғыста екі жарым жыл болып, әлденеше рет ауыр жараланып, II дәрежелі мүгедек болған ол жаралы солдаттармен бірге елге қайтты. Мүгедек болса да аман келгеніне қуанған жақындары жаралы солдаттарды қарсы алып, үйді-үйіне алып кеткенде ол жалғыз өзі қос балдағына сүйенген қалпы Алматы вокзалында тұрды...

Не керек, сүтпен бітіп, сүйекке сіңген қайсарлықтың арқа­сында кесілу керек деген аяғын кестірмей, емделіп жазылды. Шынайы жазылған романдағы Мұхамедтің тірші­лігін шынайы өмірдегі Кемелдің ізіне жалғап әкетер болсақ, сонау жетімханадан басталған аса күрделі де бұраң жол оны соғыстың қанды соқпағына сала отырып,1945 жылы Алматыдағы сол кездегі С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік универ­ситетіне бастап келеді. Емти­хан­сыз қабылданып оқуға түседі.

Шындық. Кемел Тоқаев қазақ әдебиетіндегі детективтің атасы саналады. Оның қалам­герлігі жайында айтқанда жұрттың аузына бірден детектив түседі. Алайда қаламгердің соғыс тақырыбында жазған дүниелері оның нағыз майдангер жазушы екенін де танытады. Оның соғыс жайында жазған шығармалары жалаң дидактикаға әуестенбейді және соғыс романтикасына берілмейді. Керісінше оған объективті түрде қарап, ол кезде айтыла бермейтін жеңістің аса зор шығынмен келгенін жазуға тырысады. Оның осы көзқарасы соғыс жайлы біраз сорақылықтарды ашып жаз­ған әйгілі В.Быковтың «В тумане», «Сотников», «Стужа» по­вестеріндегі сұрықсыз, бірақ нәзік, көңілсіз, бірақ жан тол­қытар көріністер мен ондағы қилы тағдырлармен астасып жатады. «В тумане» повесіндегі кейіпкерлердің өмір үшін күресі, кімнің сатқын, кімнің дос екенін, я сатқындық пен достықтың арасы бір-ақ қадам екені қалай суреттелсе, Кемел шығармаларындағы соғыс бейнеті одан бір пәс те төмен суреттелмеген. Бірақ со­ғыс тақырыбын ашық жазды деген Василь Быковтың өзі Н.Ни­кулиннің «Соғыс туралы естелік» кітабының қолжазбасын оқыған соң, 1996 жылы былай деп хат жазыпты: «Қымбатты Никулин! Соғыстың сұрықсыз келбетін, ұмытыла бастаған шындығын жазғаныңызды оқу оңай болмады. Тіпті мен соғыс ардагері болсам да... Мына қолжазба кі­тап болып шықса екен деген тілегімді жасыра алмай, сол үміт­тен айырыла алмай оқыдым. Әрине Кеңес өкіметі кезінде бұл кітап КГБ қарамағынан құтыл­майтын еді, ал қазір баспалар өз кірістері үшін жанталасып жүр. Кімге керек? Егер бұл қолжазба ақша әкелмейтін болса, ешкім қарамайды...

Әрине соғыстың шындығы, я соғыс туралы шындық ғылыммен де, өнермен де ашылмай, осылай белгісіз болып кетеді. Жас­тардың, кейінгі толқынның өз шаруасы бастарынан асып жатыр, ал соғысты көріп, соны иы­ғымен көтергендер бәріне түсініс­тікпен қарайды. Соғыстың осы ауыр, қатал шындығын жасыр­ғысы келетіндер көп пе деп қорқамын».

Соғыстың ащы шындығын айту, әрине қиын. Ал біз сол зұлматқа өзінің де аса ауыр тағ­дыры қамшының таспасын­дай қатар өріліп, талант пен талғам түйіскен тұста оған уақыт мүм­кіндік берсе, майдан тудырған сөздің осыншама өміршең бола­тынын көргендейміз. Шығар­маның шынайылығы сонша, қан майданда көрініс беретін қылыш жүзіндегі қызғаныш, оқтың ортасындағы опасыздық сынды былайғы өмірде адам баласының ойына келе бермейтін жағдайларға қарап отырып мың-миллион өрмектің шатысуынан да күрделі пенде болмысына шыт жаңа қайта үңілгің келеді.

 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

жазушы