• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Шілде, 2019

Азаматтардың сенімін арттырудың тиімді жолы

314 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасы адам және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын өзінің ең қымбат қазынасы деп таныған демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықты.

Бұл бағытта елеулі жұмыстар атқа­рылды, сонда да азаматтардың құқық­тарының жүзеге асырылуы, оның қорғалуы тек қана ұран бо­лып қалмай, мемлекеттік іс-шара­лардың басты бағыттары қатарын­да орын алуы үшін әлі де болса қыруар міндеттерді атқару қажеттігі байқалады.

Адам құқықтары жөніндегі конс­­титуциялық үзілді-кесілді қағи­датты басшылыққа алған Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған ал­ғашқы күндерден бастап адам құ­­қық­тарын қорғау жөніндегі халық­аралық конвенциялар мен келісім­дерге қосылған, сөйтіп оларды оры­н­дау, яғни адам құқықтарын қам­­та­масыз ету және қорғау мін­де­тін өзіне ерікті түрде жүктеп отыр.

Қазақстан Республикасының Конс­титуциясында көрініс тапқан адамның құқықтары мен бостан­дық­тарының табиғи сипаты, оның осы қасиеттерін мемлекеттің рас­тауы, адаммен жасасқан қатына­сындағы мемлекеттің ұстанымын белгілейтіні хақ және бұл тұрғыда адамның құқықтарын жүзеге асыруда қандай да болмасын кедергі жасауға жол берілмейді деп көрсет­кенін ерекше атап өту керек.

Белгілі бір адаммен құқықтық қатынастарда адамның құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асырылуы мемлекет тарапынан нақтылы міндеттемелерін орындау­мен немесе орындамауымен байланысты емес. Адам құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру үшін тек жағдай жасап, оны қамтамасыз етіп және сақтай отырып, мемлекет ол құқықтар мен бостандықтарды шектейтін және жүзеге асыруға кедергі келтіретін қандай да болмасын әрекеттерді орындаудан аулақ болуы тиіс.

Конституция талаптарын орындау мақсатында елімізде сот-құ­қық­­тық реформалары жүргізіліп, мем­лекеттік органдар мен олар­дың лауазым иелерінің өкілет­тігін жүзеге асырудағы орны мен мін­деттері тиянақты түрде белгі­ленген, қылмыстық қудалау аясына тартылған адамдар мен өзінің құқықтарын қорғау үшін азаматтық іс жүргізу рәсіміне қосылған адам­дар­дың құқықтарының кепілде­мелерін орнықтырған Азаматтық про­цестік және Қылмыстық про­цестік кодекстер қабылданған.

Соттарды мамандандыру ба­ғы­тында нәтижелі жұмыстар жүр­­гізіліп, азаматтық істерді, қыл­мыстық істерді қарайтын соттар өз алдына құрылған.

Өз кезегінде, азаматтық істерді қарау негізінен жалпы азаматтық дауларды, яғни жеке адамдар арасында, сондай-ақ жеке адамдар мен заңды тұлғалар арасындағы дауларды шешетін соттар, сонымен қатар заңды тұлғалар, кәсіпкерлік субъектілері арасындағы, эко­номи­ка саласындағы дауларды ше­шу үшін мамандандырылған эко­но­микалық соттар қазіргі таңда толық­қанды жұмыс істеуде.

Ауыр және аса ауыр қылмыстар жөніндегі істерді қарау 2010 жылдан бері қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құзырына берілген. Азаматтық істер бойынша сот ісін жүр­гізуді реттейтін Азаматтық про­цестік кодекстің негізгі үрдісі іске қатысушылардың тең құқығында болуын қамтамасыз ететінінде.

Тараптардың тең құқылығы олар­дың құқықтары мен міндет­терінің, мүмкіндіктерінің теңдігі­мен, соның ішінде заңның негізгі қағи­дат­тары мен құқықтық норма­тив­тік актілер жөніндегі білімге сүйенген, дәлелдеме жинақтау мен оны сотқа ұсыну мүмкіндігінің тең­дігімен сипатталады. Әрине жеке тұлғалар арасындағы аза­мат­тық-құқықтық дауды сотта шешуде олар­дың тең құқылығы мен мүм­кіндіктерінің тең болатынына күмән келтіретін негіз жоқ.

Заңды тұлғалар, кәсіпкерлік субъектілер арасында экономикалық дау-дамайды шешу барысында да сотқа қатысушы тараптар арасын­дағы мүмкіндіктерінің теңдігіне күмән келтірілмейді, өйткені дәлел­деме жинауға және оны сотқа ұсы­нуға, ол үшін білімді және білік­ті маманды жалдап оны өкілі ретін­де қатыстыруға тараптардың мүм­кін­дігі мол екені белгілі.

Азаматтық-құқықтық дауды шешу барысында, тараптар ұсын­ған, олардың ұстанымдарын негіз­дей­тін дәлелдемелерін зерттеп және оған жол берушілігі, қатыстылығы және дұрыстығы, дәлелдемелер жиынтығын іс бойынша негізделген сот актісін шығаруға жеткіліктілігі  тұрғысынан тиісті бағасын беретін соттар тек төреші ретінде өзін бейтарап ұстау міндеті азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген.

Сөйте тұра, жалпы азаматтық іс қарайтын соттарда, азаматтық-құқықтық даулармен қатар мемле­кеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының әре­кет­тері­не (әрекетсіздігіне) берген аза­­маттардың арыздары да қаралуда (әлеуметтік-құқықтық дау).       

Сөйтіп жалпы азаматтық іс қарай­­тын соттарда және маман­дан­ды­рылған экономикалық соттарда азаматтық-құқықтық дауды ретт­ейтін ережелерін қолдана оты­рып тараптардың бірі ретінде мем­лекеттің мүддесін қорғап оның уәкілетті органдары немесе оның лауазым иелері қатысатын әлеуметтік-құқықтық дау қаралатыны реттелген. Ендігі мәселе осы жағдайда тараптардың теңдігін қамтамасыз ету болып тұр.

Азамат (заңды тұлға, кәсіпкер) сотқа шағымды белгілі бір себептермен өзі тәуелді болып отырған мемлекеттік органның әрекетіне, шешіміне қатысты береді. Аталған тәуелділіктің себебі мемлекеттік органнан рұқсат (лицензия) алу қажеттігінде, мемлекеттік органның немесе жергілікті атқару органының осы азаматтың пайдасына белгілі бір әрекет жасауында болуы мүмкін.

Әлбетте, бұл жағдайда мемлекет­тік органның, жергілікті атқару орга­нының (немесе олардың лауа­зымды адамдарының) құқықтық қабілеттілігі мен мүмкіндігі едәуір мол болып келетін «мемлекет – азамат» сипатындағы бағыныштылық қатынастарының куәсі болатынымыз сөзсіз.

Тіптен, жауапкер немесе жа­уапкер өкілі ретінде сот процесіне қатысушы лауазымды адам өзінің атқаратын қызметіне байланысты аза­маттың даулап отырған сала­­сындағы өз білімінің деңгейі жо­ғары, дәлелдеме ұсыну (жасыру) мүм­­кіндігі кеңірек және даулы мә­се­ле бойынша ол өзінің уәж­дерін со­т­қа дәлелдірек етіп жеткізу мүм­кін­­дігі молынан екенін ескергеніміз жөн.

Мемлекеттік органның (лауа­зымды адамның) әрекетіне ша­ғымменен сотқа жүгінген азамат, көптеген жағдайда білікті заңгерлік жәрдем алуға да мүмкіндігі шектеулі болатыны белгілі.

Сонымен қатар күнделікті аза­маттық-құқықтық даулар бо­йын­ша азаматтарға заңгерлік жәр­дем көрсетіп жүрген адвокаттар мен жалдамалы өкілдер сала­лық заңдар, нормативтік және қосал­қы құқықтық актілердің ерекше­лік­теріне ыждағаттықпен қарап түйі­нін таба білетіндері де кем де кем.   

Осы жағдайда азаматтық іс жүргізу заңымен өзінің талабының дұрыстығын дәлелдеу міндеті арыз иесіне жүктелгеніне байланысты, өзін бейтарап және бейқам күйде ұстауға міндетті судьяның, қазіргі қол­даныста іс жүргізу заңының ере­желеріне сәйкес, мемлекеттік орган­нан тиісті дәлелдемені талап ету мүм­кіндігі жоқ.

Қазақстан Республикасында атқарушылық билік кең құқылы және құзырлы, ең мықты да білекті билік болуына байланысты, «азамат vs мемлекет» нышанындағы дау­ларды шешу тек даярлығы тиісті деңгейде орныққан заңгерлердің қолы­нан келетініне күмән келтіріл­мейді.

Сөзімізді қорытындылай келе, Әкімшілік юстиция әлеуметтік-құқықтық дауларды шешу орны ғана емес, ең алдымен аза­мат­тардың билік органдарына, соның ішінде сот жүйесіне деген сені­мін арта түсетін құралы ретінде қарау керек екенін айтқымыз келеді.

 

Сәкен АБДОЛЛА,

Ақтөбе облыстық сотының төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты