• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Шілде, 2019

Сот орындаушыларының жауапкершілігі көбейеді

522 рет
көрсетілді

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27-ші қадамында жеке сот орындаушылар институтын дамытып, мемлекет­тік сот орындаушыларын біртіндеп қысқартуды тапсырды.

Жалпы, атқарушылық іс жүргізу сапалы болса, азаматтардың сотқа деген сенімі де артады. Әрине бұл салада проблемалар да бар. Олар Мәжіліс депутат­тарының қатысуымен өткен іс-шараларда, оның ішінде Үкімет сағаты мен бас комитеттің тақырыптық және көшпелі отырыстарында кеңінен талқыланды.

Енді, негізгі проблемалар қандай деген сауалға келер болсақ, біріншіден, шалғай аудан-ауылдар жеке сот орындаушысымен толықтай қамтылмаған. Екіншіден, атқарушылық іс жүргізу сатысында азаматтардың құқықтары осал қорғалған. Үшінші – жеке сот орындаушыларын бақылау, оларды заң бұзушылықтары үшін жауаптылыққа тарту шаралары жетілмеген. Төртіншіден, атқарушылық іс жүргізудің кейбір рәсімдері жетілмеген.

Сондықтан осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Nur Otan партиясы фракциясының Мәжілістегі мүшелері және Парламент Сенатының депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.

Заң жобасының мақсаты – барлық тараптардың мүдделерін ескере отырып, атқару құжаттарын сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз ету.

Атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыру үшін көптеген түзетулер енгізіледі.  Атап айтқанда, тараптар қаралатын істер, оның ішінде  әлеуметтік категориядағы істер бойынша өндіріп алу ақшасын сот орындаушысының ағымдағы шотына уақытша аударады. Қазір шот бұғатталып, осының салдарынан шағымдар көбейіп, әлеуметтік шиеленістер пайда болып жатыр. Енді ондай шотқа «блокировка» жасалмайтын болады.

Сонымен қатар заң жобасындағы маңызды өзгеріс ретінде мемлекеттік еңбек инспекторының жалақы төлеу туралы ескерту құжатына атқарушылық құжат мәртебесі берілуін айтуға болады. 

Заң жобасының бастамашылары еліміздің аумағын­дағы шешімдер бойынша «Астана» Халықаралық қар­жы ор­талығының соты берген атқару парақтарын орын­дау­ды жеке сот орындаушыларына жүктеуді де құп көреді.

Құжатқа қамтамасыз ету-шектеу шараларын және атқарушылық іс жүргізудегі мәжбүрлеп өндіріп алуды жүйелендіру мен унификациялау туралы да түзету енгізілді. Яғни, сот шешімдерін сот орындаушыларының өңірлік палаталарына беру ұсынылады. Осы арқылы жеке сот орындаушысы мен өндіріп алушы арасындағы қарым-қатынас тәртібі нақтыланады.

Заң жобасына атқарушылық іс жүргізу процесінде автоматтандыру жүйесін қолданудың нормативтік негізін жетілдіруге байланысты да түзету енгізілді. Бұл бүкіл атқару процесін автоматтандырып, басқа мем­ле­кеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен инте­гра­циялау және өзара іс-қимыл жасау мәселелерін қамтиды.

Алдағы уақытта жеке сот орындаушыларының қызметін жүзеге асыру жолындағы кедергілерді, мәселен лицензия алушылар үшін қойылған жас шегін алып тастау ұсынылды. Бұл өз кезегінде Елбасының Жастар жылын ашу салтанатында берген жастарды жұмыспен қамту шараларын қабылдау жөніндегі тапсырмасымен үйлеседі.

Депутаттар енгізген түзетулер бойынша Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылау шараларын жетілдіру және олардың жауаптылығын күшейту де қолға алынбақ. Мәселен, заң жобасында лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату және лицензиядан айыру рәсімі қайта қаралады. Тәртіптік жауаптылық түр­лерінің тізбесі кеңейтіледі. Бұл түзетулер өз қыз­метін тоқтатқан жеке сот орындаушыларының қара­жатын пайдалану фактілерін болғызбауға арналған.

Аталған шаралар сот орындаушылары институтын серпінді түрде дамытып, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатудың тиімділігін арттыруға, қарапайым азаматтардың құқықтарын толық қорғауға  бағытталған.

Әрбір сот актісін орындамаған адам – өзіне жеке сот орындаушысы келіп, уақытын алатынын, бұған қосымша қаражат керек болатынын нақты түсінуі қажет.

Болашақта заң бұзушылықтар азайып, проблемалар бейбіт жолмен, сот орындаушысын тартпай шешіледі деп сенеміз.

Асылбек СМАҒҰЛОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының кандидаты