Нұрбек Жұмаділов есімді жергілікті тұрғын – мектепте технология пәнінің мұғалімі. Ол көне жәдігерлерді жинаумен айналысады.
– 1992 жылдан бастап садақтың оқтары, жебенің ұштары мен ат әбзелдерінің қалдықтарын жинап келемін. Тапанша қаруына салатын оқтың сырты, патша үкіметінің тұсында генерал-губернаторлар пайдаланған әтірдің шыны құтылары мен Кузнецев көпестің фарфор ыдысының сынығын тауып алдым. Сыртында 1887 жылы жасалғаны және Сурев деген адамға сыйға берілгендігі жазылған. Сондай-ақ қазақ қыздарының күміс алқалары мен білезіктері бар. 1872 жылы шыққан орыс монеталары мен қолдан соғылған шегелер де табылды, – дейді Нұрбек.
Оның айтуынша, алыстан Ақбеттау шыңдары, Қызылтау қыраттары, «Қойлыбай-Қошқарбай» қорығы, жиелі баршын «Көкүйрім» қыстақтары Қалмаққырылған тауына жалғасады.
Қалмаққырылған тауы Ақшиман ауылының оңтүстік жағына қарай орналасқан. Таудың ені – 10 шақырым, ұзындығы 17 жеті шақырым.
Ақшиман өңірінде ерекше аңыз болып қалған жер атаулары көп. Мысалы «Қызқұлаған», «Мың жылқы», «Тасбақа тас»», Үңгір әулие», «Басмалай», «Ортамалай», «Аяқмалай», «Алшағыр», «Қарсақ», «Мөлдір», «Сәтек-Мақыш», «Қақпақтас», «Босаға», «Қаражыра», «Мыңшұңқыр», «Еселбай» ескі жұрты, «Қызылқұдық», «Түлкібай», «Қосбұлақ», «Шатырбұлақ», «Ақшабике», «Қажыбұлақ», «Айгүлтау», «Жентбай» ескі жұрты, «Қызыладыр», «Қайыңтөбе» сияқты ғажап атаулар бар.
– Ауыл атауына келсек, осы жерде Өтек Байқонақұлы Ақшиман бай өмір сүрген. Жайлауы «Қызылқұдық» деген жерде. 1910 жылы санақ бойынша Ақшиман байда 1023 жылқы, 250 құлын, 165 тай, 57 сиыр, 500 қой болған екен. Бейіті сол жерде «Қалмаққырылған» тауының гранит тасымен өріліп сегіз қырлы пішінде соғылған. Ақшиман өңірінде Ақбалық хазірет зираты, Қайса ата кесенесі бой көтерді, – дейді Нұрбек.
Бір өкініштісі, осы тұлғаларға Май ауданы орталығынан көше атаулары әлі берілмеген екен. Облыстағы мәдениет, туризм басқармалары назар аударып, жергілікті университет ғалымдары бастама көтерсе, тарихи-танымдық бағдарлама жүйесін жаңғыртуға болар еді. Ақшиманға келер жол бойын жөндеп, «Қалмақырылған тауы»,«Қайса ата кесенесі» деп жазылған нұсқау белгілерін қою қажет.
Қалмаққырылған таулары тарихи шайқас өткен тау деп білсек, тағы бір маңыздысы, таулардың дөңгелене орналасуы, ғажайып табиғат көрінісі керемет таңғаларлықтай. Шалғайда жатқан Ақшиман ауылын осы таулар ғана қорғап тұрған сияқты.
Осы көріністерді түсіретін кәсіби фотографтарды, тіпті шағын деректі кино түсіретін мамандарды да шақыру қажет. Себебі интернеттен Қалмаққырылған тауларының дөңгеленген көріністерін көрсететін сурет табу да қиын.
– Жалпы, Қалмаққырылған тарихына ғалымдар тарапынан үлкен қызығушылық бар. Біз де Қалмаққырылған тауында болдық, Ақшиман ауылының тұрғындарымен кездесіп, пікірлестік. Экспедиция жұмысының ғылыми және қоғамдық мақсаттары туралы айтып бердік. Ақшиманда 1930 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың жетекшілігімен Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналанды. Спектакльде Кебек рөлін Қаныш ағамыздың өзі сомдады. Қалмаққырылған жеріндегі үңгірдің кіреберісінде Қаныш ағаның қолтаңбасы да бар, – дейді С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің оқытушысы, ғалым Қайрат Батталов.
Жуырда облыстық Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнар Нұрахметова өңірде өлкетанушылардың жұмыстары зерделеніп, нақты тізімі жасалғанын хабарлады. Гүлнәр Баркенқызының айтуынша, музей қызметкерлері «Қалмаққырылған» жобасын да қолға алыпты. Бұл жобаға Ермат Байқұрманов, Әбілқақ Түгелбаевтар бастаған белсенділер үлес қосуда.
Тағы бір жаңалық, Қалмаққырылғанда қазба жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді. Жоба бойынша қалмақтармен шайқас болған жерге арнайы белгі қойылып, этнографиялық экспедиция жасалады. Жергілікті тарихшылар, ауылдағы ақсақалдарды шақырып, «Қалмаққырылған» оқиғасы туралы айтқандарын жазып монографиялық кітап шығарылады.
Ал Ақшиман ауылына жетуіңіз енді қиын-ақ. Қалмаққырылған жеткізбейді. Аудан орталығы Көктөбеден отырған көлік ұзақ жолға алып шығады. Жеткен бойда қалың қатпарлы, өркешті үшкір тасты қарасұр құз-жартастар дөңгелене орналасқан биік таулар қарсы алады. Бұл 1756 жылы Олжабай батыр бастаған Баянауыл мен Ертіс өзені аралығындағы қазақ-жоңғар шайқасына куә болған Серектас тауы аталады. Қалмақты қырған жеңістен соң тау Қалмаққырылған деп аталған екен.
Қалмақтың қалың қолы осы дөңгелене орналасқан таулардың ортасында қалып қойған деседі.
Жоңғар шапқыншылықтарында батырлығымен көзге түскен батыр Олжабайдың ерлігіне Абылай хан сүйсініп, «Олжабай есен болса – ел аман», «Он сан Орта жүзге ұран болған ер Олжабай» деген атақ берген...».
Мұхтар Əуезов 1958 жылы Баянауылға келеді. Сонда қасында жүрген серіктерінің бірі:
– Мұхтар аға, бұрын Баянауылда болып па едіңіз, деп сұрақ қойса керек. Сонда Мұхтар Әуезов:
– Бұрын Баянауылда болғаным жоқ. Бірақ Баянауыл үнемі менімен бірге, менің қасымда. Менің достарым Əлкей Марғұлан, Қаныш Сəтбаев осы Баянауылдан шыққан. Олар маған Семейде де, Алматыда да Баянауыл туралы көп əңгімелер шерткен. Солардың айтуы, суреттеуі бойынша Ақбет тауы, Қалмаққырылған жотасы, Жасыбай, Сабынды, Торайғыр көлдері əлі картаға түспей жатып, менің көкірегіме көшкен. Енді міне сол Баянауылға құмартып келе жатқан жайым бар, – деген екен. Павлодар облысы, Май ауданы