Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жабдықталған музейдің жалпы аумағы 300 шаршы метрден асып түседі. Мұның өзі оның көлемі әжептәуір кең, құлашы мол екенін көрсетеді. Мұндағы мұрағаттар мен жәдігерлер денсаулық сақтау ісінің кешегісі мен бүгінгісі жөнінде саналуан сырды аңғарта алады. Оның бастауы тым тереңде екендігі бес ғасырдың тарихын тоғыстыра білуден де айқын көрінеді. Айталық, музей мұрағаттарының XVI-XVIII ғасырларға арналған бөлімдері әлемдік медицинаның негізін қалаушылар Гиппократ пен Авиценнаның және ем қолдану ісінен әжептәуір хабары бар бабамыз әль-Фарабидің сол дәуірде әлемді таңғалдыра білген жаңалықтарына арналған. Олардың шешек пен қорасанға және дифтерияға қарсы екпелерді ойлап табудағы ізденістері де айқын түрде айшықталған. Музейдің екінші бөлігіндегі ежелгі ақтөбелік тұрғындардың дәрілік шөптерді қалай пайдаланғаны жөніндегі деректер де ешкімді бейжай қалдырмайды.
Мұнда медицинаның өткен ХХ ғасырда орын алған оқиғалары мен жаңалықтарына да орын берілген. Ал тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Ақтөбе облысында денсаулық саласында қол жеткен жетістіктер мен өзгерістер және медицинаның дамуындағы бүгінгі қарышты қадамдар ауқымды бөлікті қамтиды. Сонымен бірге тұтастай қазақстандық және өңір медицинасының бастауында тұрған, оның дамуына сүбелі үлес қосқан ғалымдар мен дәрігерлердің ғұмырбаяндық деректері мен сарғайған суреттерінде де оларға деген тағзым мен құрмет белгісі атойлап тұр. Сондай-ақ кеңестік кезеңде қолданылған медициналық бұйымдар мен жабдықтар да музейдің бір бұрышына қойылыпты.
– Өңір медицинасының қаз басып, қалыптасуына арналған музей ұйымдастырудағы басты мақсат – осы бағыттағы мұрағаттар мен деректерді түгендеу ғана емес, ең бастысы осы арқылы медициналық оқу орындарының студенттеріне тәрбиелік және тәлімдік тұрғыда бағыт-бағдар беру ісін одан әрі тереңдете түсуден туындады. Бұл жерге келген әрбір зеделі жас пен студент өмір мен өлім арпалысқан сыни сәтте дертке араша түсуге ұмтылған дәрігерлердің жанкешті еңбектерін түйсіне алса, науқастың тірі, аман қалуы көп жағдайларда денсаулық сақшыларының білімі мен білігіне және мол тәжірибесіне байланысты екенін ұғына білсе – ойға алған мақсатымыздың орындалғаны, – деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Ақтөбе