• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Шілде, 2019

Қапез кім болған?

2257 рет
көрсетілді

2 тамызда Алматы облысы Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылында ағартушы, ақын-композитор Қапез Байғабылұлының рухына бағыштап ұрпақтары ас бермек. Алаш ардақтыларының бірін туған елі осылайша ұлықтамақ. Сол шара қарсаңында біз өз оқырмандарымызға Қапез туралы мағлұмат беруді жөн көрдік.

Шындығында Қапезді ұрпақ неге ұмытпайды? Жыл өткен сайын оның есімі ұрпақ санасында қайта-қайта жаң­ғы­рып, әр жүректің төрінен орын алып келеді. Неге?

Өткен тарихымызға көктей шолып көз тастасаңыз, кейінгінің есінде мил­лион­дардың арасынан санаулылары ғана қалады екен. Мысалы, 1150 жыл ара­лығында қаншама ұрпақ өмірден озды. Қаншама ұрпақ жаңаланды. Жаң­­ғыр­ды. Қаншама мемлекеттер ауыс­­ты. Қанша рет саясат өзгерді. Сол сан­да­ған өзгерістер мен алмасуларды бас­тан кешкен сан ұрпақтың арасынан біз ғана емес, бүкіл әлем мойындаған Әбу Насыр әл-Фара­бидің тұлғасы уақыт өткен сайын биік­теп келеді. Өйткені ол қара бастың игі­лігін емес, бүкіл адамзатқа ортақ құн­ды­лықтарды ұлықтады.

Бір ұрпақтан соң бір ұрпақ осыдан алты ғасыр бұрын өмір сүрген Асанқайғы Сәбитұлының, Қазтуған жырау­дың, Шалкиіз жыраудың, бес ғасыр бұрын ғұмыр кешкен Доспамбет жырау­дың, Жиембет жыраудың, үш жарым ғасыр бұрын дүниеге келген Бұқар жырау Қалқаманұлының, кешегі Сүйінбайлар мен Жамбыл, Кенен аталарымыздың атын айтып, жырын жаттап, жүрегіне сақтап келе жатқан себебінің сыры неде? Себебі – олар да қарақан басының қамына сөз сөйле­меген, құлқыны үшін хан алдында да құлдық ұрмаған.

Шоқан, Ыбырай, Абайларды ауызға алсақ та осы шындық атойлап алдыңнан шығады.

Ал енді ХХ ғасырдың бас кезінде Алаштың қамын ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бас­таған зиялылар да жеке басының амандығы үшін емес, тұтас бір ұлттың адам­зат өркениетіндегі өз орнын ие­лен­уі үшін жанын арына садаға етті. Солар­дың кезінде де желілеп бие байлаған, мың­ғырған түлік айдаған байлар да, шірен­ген­де аттың үзеңгісін үзген шенеуніктер де, ауыздыға сөз бермеген сөзуарлар да, аяқтыға жол бермейтін белсенділер де өмір сүрді. Оларды ұлт ұрпағы ізде­мей­ді. Іздемейтін себебі біреу-ақ. Олар ұлтының келешегі үшін басын бәйгеге тігіп, соңғы демі қалғанша күрескен жоқ. Жүре­гі елім деп соқпаған соң, тілегі ел тілегі­мен бір болмағаннан кейін де олар өзінен-өзі ұмытылды. Ұрпақтың жадында ұлты үшін өмірінің соңына дейін игі іс істе­ген­дер ғана қалады.

Ұрпағының жадында үнемі жаңғыра беретін тұлғаның бірі – ағартушы, ақын, композитор Қапез. Ұлтының болашағы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей салиқалы сөзімен де, ізгілікті ісімен де, өрелі өнерімен де, үздіксіз күрескені үшін де сталиндік-голощекиндік қуғын-сүр­гін құрбаны болды. Өйткені ол ағаш кере­гелі, Алаш ұрандылардың алдыңғы қата­рында еді. «Алдыңғы қатарында» деп отырғанымыздың өзіндік бірнеше себе­бі бар.

Біріншіден, ол білімді болды. Білім­ді болатыны – оның әкесі Байғабыл орта шаруа иесі, көзі ашық, көкірегі ояу бол­ғандықтан, орыс переселендермен там­ыр еді. Оның үстіне Василий деген келімсекке Жалаңаштағы пристав Бейбіт қажының қыстауын алып берді де, амал­­сыз орыспен қора-қопсысы араласып кетті. Қапез Уәсілдің балаларымен бірге ойнай жүріп тіл үйренді. Атасы Бейбіт қажы немересінің алғыр­лы­ғын ерте байқап, Жаркенттегі Уәли­бай­дың меші­ті­нің қасын­дағы медресеге оқуға берген болатын. Ол оқудың Қапезге пайдасы тимесе, зияны тиген жоқ. Бейбіт қажы Меккеге барған сапарында түркиялық оқымыс­ты­лармен таныс болып қалады. Жөн сұрас­қан­нан соң олардың түркі қандас бауырларына білім беруге құштар екенін біледі. Қажы өзінің немересін айтқанда, түркиялық ұстаздар «жалғыз болмасын, шамасы келсе, бес-алты бала болып келсін. Жапанда жалғыз жүру қиын болады, бі­рі­­гіп келсін», дегенді айтады. Сол кез­дегі ірі бай, аузы дуа­лы, сөзі уәлі Уә­ли­бай Юлдашев арқылы Түркиядан келген адамдармен жеңұшынан жалғасып, Қапезді Ыстанбұлға оқуға жіберудің жолын табады. Қапездің өзі ғана емес, Сауытақын деген ұйғыр баласы, Шәр­ші­кен деген Қапездің ауылдасы, тағы екі бала қосылып, бесеуі Ыстанбұлға оқу­ға аттанған. Бұл 1911 жылдар шамасы. Ыстанбұлдан Қапез, Шәршікен, Сауытақын үшеуі елге аман оралады.

Қапез діни сауаты тереңдеп, түрікше, парсыша, шағатайша, арабша тіл біліп, өзге елдің өркениетін өз көзімен көріп келеді. Келеді де бала оқытуды қолға алады. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін біржолата ағартушылық жолға түсіп, мұғалімдікпен айналысады. Осы бағытта кәсіби білігін жетілдіру мақсатында екі мәрте (1920-1921 және 1927-1928 жж.) Алма­ты­дағы мұғалімдер білімін жетілдіретін курс­ты бітірді. Сол кездегі ондай оқуды бітірген мұғалім ең білімді саналған.

Екін­шіден, ол қатардағы қарапайым көп мұғалімнің бірі емес, қайраткер-ағартушы болды. Қайраткерлігі сол –мұғалім болып барған жерінің бәрінде – Жалаңашта, Торайғырда, Сүмбеде, Екашада, Ақтоғайда, Тоғызбұлақта, Подгорныйда (Қырғызсайда), Кегенде міндетті түрде мектеп салуды қолға алған адам. Сол мектептерде, яғни Қапез ашқан мектептерде ол «халық жауы» атанып, ұсталып кеткенге дейін, «Социалистік Қазақстан» колхозынан 17, «Жаңа бағыт» колхозынан 11, «Сталин» колхозынан 69 адам оқып, сауаттанған. Барлығы 108 адам. Біз осы еске түскен 108 адамның тізімін жа­саған­быз. Тізім жасауға 1989 жылы 31 желтоқсанда Қапездің шәкірттері 85 жастағы Зиба Жетенова, Мұқан Жетпісбаев (1926 ж.т.), Мұқаш Аманжолов (1919 ж.т.), Бұқабай Тиінов (1908 ж.т.), Мамыт Мошығұлов (1908 ж.т.), Біләл Мәдірәйімов (1922 ж.т.), Ақай Серікбаев (1920 ж.т.), Мәзім Абаев (1923 ж.т.), Кәмила Әбішева (1932ж.т.), Капа Нәсірова (1929 ж.т.), Баймұқан Адасбаев (1927 ж.т.), Оңтайбек Әбішев (1923 ж.т.), Оразай Копбаев (1921 ж.т.), Мұқан Молдасынов (1927 ж.т.) ұлы Ерден Қапезов (1936 ж.т.) қатысты. Кейін бұл тізімді толықтыруға Байтайбек Әбішов, Шөкей Әбішева, Нұржігіт, шәкірттері Әріпбай Өскенбаев, Әужан Ниязбеков ақсақалдар да атсалысқан болатын. Тізімге енген шәкірттердің арасынан академик Ақай Нүсіпбеков, жазушы Бұқара Тышқанбаев, қоғам және мемлекет қайраткерлері Әужан Ниязбеков, Самсалы Қожабеков, жыршы Нұрақын Қасымбеков т.б., тарихта аты қалған тұлғаларға айналған. Қапез­дің тағы бір қайраткерлігі – Қар­қара жәрмеңкесінің жанынан мұға­лім­дердің білімін жетілдіру мектебін ашқандығы. Жазғы демалыс кезінде ауданның барлық мұғалімі осы мектепке келіп білімін жетілдірді. Қапез сонда дәріс оқыды. Оқытудың әдіс- тәсілдерін үйретті. Бала оқытудың озық тәжірибелерін өмірге енгізген педагог Қапездің бұлардан да биік және ұлт тағдыры қыл үстінде тұрғанда көрсет­кен жанкешті қайраткерлігі 1932-1933 жылдардағы аштық кезінде анық көрін­ді. Қазақстанның солтүстігі мен орта­лы­ғынан ауа көшіп сай-сала, жылға-жыраға шашырай қаңғып кеткен аш-жалаңаш босқындарды іздеп тауып, бір орталыққа жиып, ашына тамақ, жалаңашына киім тауып беріп, ол ауылды «Облатком» деп атап, соған өзі тікелей басшы болғандығы. Сол еңбегі үшін Өкіметтің Құрмет грамотасын да алған болатын.

Үшіншіден, ол – ақын. Сауатты болған соң жазып та, Бөлтірік, Көдек, Әжек, Рыскелділерше суырып салып та өлең шығарған. Сәті түскен жерде айтысқан да. Оның ақындық қарымының қаншалықты екенін бізге жеткен әндерінің мәтінінен де аңғаруға болады. Оның өлеңдерінде басы артық сөз, бос тіркес кездеспейді. Әр тіркестің астарында тарих бар, тағдыр бар, шындық бар. Ал енді оның айтыс­тан да құралақан болмағанын мына естелік айтып береді:

«Ол кезде мен небәрі 1 сыныпта оқитынмын. Ақтоғай деген жерде Қапездің туған інісі, мектеп директоры Сәлбеннің үйінде мұғалімдер мәжілісі өтті. Қапез аудандық оқу бөлімінің инс­пектор-әдіскері болатын. Аудандағы бар мұғалімге бағыт-бағдар беріп отыратын бірден-бір адам осы – Қапем. Мәжілістің арты ойын-сауық, қызықты айтыс-тартысқа ұласты. Атамыз Қапез сөзге шешен, ойға кенен, өнер десе ішкен асын жерге қоятын адам еді. Бір кезде Қапеме Бейсенбай Ботыбаев деген кісінің әйелі Қатипа жұмбақ жасырды:

Астыма мінген атым қара жорға,

Жорғамды жорғалаттым тақтақ жолда.

Ол атым бір құдықтан су ішеді,

Бес кісі тоқтатады зорға-зорға, – деп кідірген Қатипа да көрікті, өнерпаз жан еді. Қапем аз ойланып отырып, «ау!» дегенде шулаған ел «не дер екен?» деп тына қалды. Сол сәтте Қапем әрі қарай іркілмей:

Жорғаңыз – қалам болар ырылдаған,

Тақтақ жол – дәптер болар бұрылмаған.

Құдығың – сия-сауыт суғаратын,

Бес кісің – бес саусағың сығымдаған,  деп жауап берді. Жұрт разы болды,» деп еске алады Қапездің бауыры Әбіштің баласы Байтайбек ақсақал. Бұл айтыс сонау 90-жылдары «Жетісу» газетінде жарияланған да еді.

Төртіншіден, Қапез жыршы да болған. Шығыс поэзиясынан оқы­ған­дары мен көңілге тоқығандарын, сондай-ақ, ел аузынан естіген өнегелі оқиғаларды да жыр қылып шығарып, шәкірттеріне үйретумен де айналысқан. 1991 жылы «Жетісу» газетіндегі «Қай­да­сыңдар, Қапездің шәкірттері?!» деген мақалада Қапездің төл шәкірті, жыршы Нұрақын Қасымбекұлы туралы жақсы айтылған. Сонда жыршы Нұрақын Қасымбекұлы қария Қапезден «Есалаң Байбатша», «Жан мен Тәннің арыздасуы», «Адам ата – Хауа ана», «Туғанбай мен Қоңырбай», «Зарқұм», «Жүсіп – Зылиха», «Мұңлық- Зарлық» секілді т.б., шығыстық үлгідегі қисса-дастандарды жаттағанын еске алған. Демек, Қапез фольклорлық және ауыз­ша әдебиеттік жауһарлардан сусындап қана қоймай, ол мұралардың ұлт ұрпағының игілігіне жарауы жолында да қайраткерлік танытқан тұлға.

Бесіншіден, ол – сазгер. Айтайын дегендерін айналасына әнмен жеткізуді жөн көрді. «Халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді...» деген өз замандасы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың айтқанын іспен дәлелдеген ерекше дарын иесі. Сол істерімен қазақ музыкасына да өз үлесін қосты. Оның «Меркі», «Айхай», «Дүние-ау», «Қоштасу» әндерін қазір бүкіл ел біледі десек, артық айтқандық емес.

Алтыншыдан, сол замандағы Садық Аманжолов, Нұрбапа Өмір­за­қов, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жан­сү­гіров, Сәкен Сейфуллин, Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Жандо­сов, Ыдырыс Көшкінов, Нұрбек Балабеков, Әбен Атамқұлов, Әубәкір Жүнісов, Сұраншы Сауранбаев секілді Алаш зиялыларымен етене араласып, ұлт мүддесі үшін күресте мұраттас, ниет­тес болды. Елдегі өзі секілді оқыған­дар­дың ордасы болған отауында озық ойдың отын үрлеушілермен жиі бас қосатын. Ораз Жандосов «Алматыға – астанаға апарамын» дегенде «елдегі сауатсыздықты мен жоймасам, кім жоя­ды?!» деп бас тартқан да елде қалып, мектеп салып, сауат ашумен біржолата айналысқан адам.

Жетіншіден, Қапез өз қызметінде жаңашыл маман атанған, қоғам бағытын алдын ала түйсініп, ертерек әрекет ететін сұңғыла жан болған. Кеңес өкіметінің саясатын бірден түсініп, өзі ескіше және діни оқуды терең меңгерген болса да, ұлттың қамын ойлап, жаңаша оқытуды қолға алады да сол жолға берік бекінеді. Ол өзгенің емес, өзінің қазағының көштен қалмасы үшін күреседі, білгенін аямайды. Сондықтан да оны сан ұрпақ ауысса да сол еңбегін еш ұмытпастан елі үнемі еске алып отырады. Оны біз сонау 1958 жылдан, яғни ресми ақталғаннан бергі әр жылдарда көзкөргендер жазып қалдырып кеткен естеліктерден анық білеміз. Оның жаңашыл, ізденімпаз екендігін сауатсыздықты жою мақсатында жаппай оқыту науқаны жүргізілген кезде ойлап тапқан оқыту әдістерінен де, әр жерде салған мектептерінің архитектурасынан, сонымен бірге киім кию үлгісінен де, әндерінің құрылымынан да, өлеңдерінің мазмұнынан да анық байқаймыз.

Сегізіншіден, ол саяси сауаты жо­ға­ры, заманның сөзін сөйлеген азамат еді. Ол алғашында «Қазақ», кейін «Тілші», «Жаңа мектеп», «Еңбекші қазақ», «Әйел теңдігі» секілді газет-журналдарды жаздырып алып, күнделікті қызметінде ұтымды пайда­лан­ған және өзі де үнемі үн қосып отыр­ған.

Қапез Байғабылұлы 1896 жылы қазіргі Алматы облысы Райымбек ауда­ны, Тоғызбұлақ ауылдық аумағына қарасты Ақтоғай деген жерде дүниеге келген. 1906 жылы ауыл молдасынан сауат ашады. Бір жылдан соң 1907 жыл мен 1909 жыл арасында Жаркенттегі Уәлибай Юлдашев мешіті жанындағы медреседе білім алады. 1911 мен 1913 жылдар арасында Ыстанбұлда оқып келеді. 1916 жылға дейін қыста Бейбіт қажының қыстауында, жазда байлардың үйін жалдап оқимын деген балалардың сауатын ашумен айналысады. Бұл ісінде Уәлибай медресесінде және Ыстанбұлда оқып келгені көп көмек береді. Оны жұрт аса білімділігіне және шешендігіне бола «бала молда» атап кетеді. Кейін жасы ұлғайғанда елдің кәрі-жасының бәрі атын тура атамай, үлкен құрметпен «Қапем» деп кеткен Қапез 1916 жылы Ұлт-азаттық көтерілісі кезінде әрі би, әрі болыс Оразай Қожагелдіұлына тілмаш-хатшы болады. 1916-1917 жылдар Ұлт-азаттық көтерілісті басып-жаншу үшін Ақ патша әскері тарапынан жаппай қырып-жою басталғанда, үдере көшкен елмен бірге Қытай асып, келесі жылы сол елмен бірге «жаңа заман орнады» деген жаңалыққа құлақ түре келеді.

1918 жылдан бастап мектеп ісіне біржолата кіріседі. 1937 жылы жел­тоқ­санда Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің сайлау науқанын өткізіп, депутаттыққа кандидат Салиха Сат­та­рова деген кісіні өткізіп, үйіне келіп отыра бер­генде артынан екі мілиса кіріп, ие­лі­гіндегі заттың бәрін кәмпескелеп, ескі жазудағы және жаңа жазудағы қағаз­дың бәрін Қапезбен бірге алып кетеді. Қапез сол кеткеннен 1939 жылы Коми АССР-інің Ухта қаласында қаза табады.

Әрбір жеке адам ұлттың құрамдас бір бөлшегі болғандықтан, ұлт басынан өткен тарих оның да маңдайына жа­зыл­ған тағдыр болатындығы заңдылық. Яғни ұлт не көрсе, ол соны көреді. Сол ұлттың ортасында өмір сүрген соң, одан жеке дара бөлініп кете де алмайды. Сондықтан қазақ халқының басынан кешкен тарихты Қапез де өз басынан кешірді. Қапез тумысынан елшіл, халық­шыл болғандықтан, оның басынан кешкеннің бәрі қазақтың тарихымен байланысты. Ел ісіне ертерек араласқан ол қара бастың қамымен ғұмыр кешпеген. Жеке басының оқиғасының өзі ел өмірімен тығыз астасып жатады. Сондықтан да оның бізге жеткен әндерінің бәрінде өз заманының тарихы сөйлейді.

Қара басының қамына емес, хал­қы­ның болашағына қызмет еткендіктен де оны кейінгі ұрпақ ешқашан ұмытпайды.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, өнер зерттеуші,

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ,

Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, музыкатанушы