Жұма, 17 мамыр 2013 1:42
Қазір дүкендерге барған тұтынушылар отандық, жергілікті өнімдерді сатып ала бастады. Өзіміз де солай. Күнделікті дүкенге барғанда алатынымыз жергілікті өнімдер. Ет, нан, сүт, тоқаш, көкөніс, тәттілер түгел өз облысымыздан шығады. Бұл елімізде отандық өнімдердің бәсекелестігі ішкі рынокқа енді деген сөз. Қазір облыста рыноктағы бәсекелестікті дамыту жөнінде өңірлік үйлестіру кеңестері құрылды. Облыс бойынша монополияға қарсы инспекцияның басшысы Тимур Әмірхановтың айтуынша, жалпы жүргізілген зерттеулер еліміз көлемінде бәсекелестікті дамытуға бағытталған іс-шаралардың жеткіліксіз екендігін көрсетеді.
Жұма, 17 мамыр 2013 1:42
Қазір дүкендерге барған тұтынушылар отандық, жергілікті өнімдерді сатып ала бастады. Өзіміз де солай. Күнделікті дүкенге барғанда алатынымыз жергілікті өнімдер. Ет, нан, сүт, тоқаш, көкөніс, тәттілер түгел өз облысымыздан шығады. Бұл елімізде отандық өнімдердің бәсекелестігі ішкі рынокқа енді деген сөз. Қазір облыста рыноктағы бәсекелестікті дамыту жөнінде өңірлік үйлестіру кеңестері құрылды. Облыс бойынша монополияға қарсы инспекцияның басшысы Тимур Әмірхановтың айтуынша, жалпы жүргізілген зерттеулер еліміз көлемінде бәсекелестікті дамытуға бағытталған іс-шаралардың жеткіліксіз екендігін көрсетеді. Сондықтан да, Бәсекелестікті қорғау агенттігі өңірлерде бәсекелестікті дамыту бойынша үйлестіру кеңесін құруды ұсынды. Ал, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мырзажан Үсеновтің айтуынша, соңғы кездері жергілікті тұтынушыларды жергілікті өндірісшілер шығаратын өнімдермен қамтамасыз ету жолға қойылыпты. Азық-түлік тауарлары бағасы өсуінің алдын алу, өзіміздің тауар өндірушілердің өнімдерін рынокқа қосымша делдалдарсыз жеткізу шаралары жасалуда. Бұл шаралардың нәтижесі де жаман емес, дейді ол. Мысалы, былтыр өңірімізге Кеден одағы елдерінен әкелінетін азық-түлік өнімдерінің көлемі 2 есеге азайған. Сала мамандары кәсіпкерлерге берілетін рұқсатнама құжаттарының санын қысқарту қажеттігін айтады. Тіпті, 169 құжаттың 76-сын алып тастауға болады екен. Яғни бәсекелестікті дамытуға әкімшілік, экономикалық және басқа да кедергілердің әлі де бар екені осыдан-ақ байқалады. Мысалы, жанар-жағармай рыногында кәсіпорын мен сатып алушы арасында бәсекелестікке қарсы жасырын келісімшарт жасалғаны да анықталған көрінеді. Кемшіліктер, түрлі кедергілер фармацевтикалық, жолаушыларды тасымалдау салаларында да кездеседі. Баға саясатына делдалдар кері әсер ететіні сөзсіз. Кәдімгі кеніштен шыққан көмірдің құны ауылдағы шешеміз отқа жаққанша дейін жеткенше үш-төрт есеге өсіп кететіні белгілі. Сондықтан, «Павлодар» ӘКК» АҚ-пен бірлесіп, көмір әлеуметтік мекемелерге делдалсыз жеткізілсе, бюджеттің қыруар қаржысы үнемделеді.
Келесі мәселе – өз жерімізде шығарылатын өнімдерің сапасы. Облыста халықаралық стандарттарға ие болған кәсіпорындар санаулы ғана. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметтерінше, алдағы уақытта өндіріс орындарының халықаралық сапа, қызмет көрсету және экология бойынша сертификаттар алулары қажет. Халықаралық қауымдастықтарға енетін жергілікті кәсіпорындар қатары аз. Облыс орталығында үш өндірістік алаң ашылады. Жаңадан салынатын тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттары шағын және орта бизнес нысандарына беріледі. Тіпті, 25 ауылда сервистік қызмет көрсету орталықтары ашылады деп жоспарлануда. Облыс басшысы Ерлан Арын рынокты сапасыз, шекарадан заңсыз енген өнімдерден тазарту қажеттігін бақылауға алуға тапсырма берді. Өйткені, бұл күндері өңірде инновациялық технологиялармен жұмыс жасайтын кәсіпорындар саны отызға да жетпейді екен. Сол себепті, облыс әкімінің айтуынша, мемлекеттік орган өкілдерінің, кәсіпкерлердің саладағы ең озық технологиялармен жақын танысуы үшін олардың халықаралық көрме, форумдарға жиі қатысуын қамтамасыз ету керек. Яғни рыноктағы жергілікті өнімдердің бәсекелестігін дамыту үшін алдағы уақытта халықаралық стандартқа сай келетін өнімдердің тізімін түзу қажет. Өңірде бәсекелестік ортаны қалыптастыру, ұлттық экономиканы дамыту, баға саясатын реттеу барысында жаңадан құрылған кеңес бәсекелестікті дамытуға серпіліс әкеледі деп сенейік.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.