• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 25 Шілде, 2019

Сирия келіссөздерінің келесі раунды

426 рет
көрсетілді

2019 жылғы 1-2 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында Астана форматында Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 13-ші келіссөз раунды өтеді. Алдағы кездесуге кепілгер елдер, яғни Иран, Ресей және Түркия, сондай-ақ Сирияның үкіметі мен қарулы оппозициясы өкілдерінің қатысуы жоспарлануда.

Сирия және Таяу Шығыс ел­дері тақырыбын зерттеп жүр­ген сарапшы, журналист Ақ­марал Баталова Шам еліндегі жағ­дайдың қиындығын былайша түсіндіреді. «Оппозициямыз деп жүрген адамдардың көбі елдегі шынайы жағдайдан бейхабар. Себебі олар Сириядан ұзақ жылдар бұрын шет мемлекеттерге көшіп кеткен, біреуі Еуропада, тағы бірі Түркияда, Сауд Арабиясында, Мысырда тұрып жатқандары бар. Олардың Сирия­ның болашағы жайлы ойлары әртүрлі. Сол себепті де олар өзара тіл табыса алмай келеді» дейді Ақмарал Баталова.  

Жалпы, Астана процесінің басталуына бірнеше себеп ықпал еткен. Сарапшының пікірінше 2012 жылдан бері Женева мен Венада жүргізіліп келе жатқан келіссөздер тығырыққа тіреліп, еш нәтиже бермеді. Сирияда президент Асадтың үкіметіне қарсы соғыс ашқан қаруланған оппозиция келіссөздерді бастау­ға келісім бергенімен, ол үшін Мәскеуге барудан бас тартты.  Ал Ресей өкілдері бұл келіссөздер үшін Түркия еліне барғысы келмеді, себебі сол кезде бұл екі елдің қарым-қатынасы атып түсі­рілген ұшақтың кесірінен шие­ленісіп тұрған. Ал түріктер, Анкара мен Тегеранның арасын­дағы күрделі қарым-қатынас себебінен Иранға аяқ басқылары келмеді. Алайда, бас қосып, маңызды мәселелерді талқылау барлық тараптар үшін қажет болды. Осыған байланысты Ресей президенті В.Путин біздің президент Н.Назарбаевқа телефон соғып, осы келіссөзді Қазақстан аста­насында өткізуге рұқсат беруін сұраған.    

Астана процесінің ең үлкен жетістігі – аман қалған мың­даған сириялықтардың өмірлері. Бұл келіссөздердің аясында жұ­мыс істеген қазақстандық  дип­ломаттардың еңбегі туралы  БҰҰ Сирия ісі бойынша экс-өкілі Стефан ди Мистура, Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров,  Иранның Сыртқы істер министрі Мухаммад Зариф, сондай-ақ қатысушы елдердің делегация басшылары атап өт­кен. Бұл процестің пайдасын қазақ елі отандастарын Сириядан қай­тар­ған кезде көрді. 

Қазақстан «Жусан» опера­ция­сын өткізіп, сол жаққа кеткен жандардың және балалардың басым бөлігін елге қайтарғаны мәлім. «Бірақ оған жолды қалай таптық?» деген мәселенің астарына үңілгендер аздау болды. «Қазақстан сириялық арнайы қыз­меттермен және келіссөзге қатысушы басқа тараптармен отан­дастарымызды қайтару және жалпы лаңкестікке қарсы іс әре­кеттер бойынша жұмыс­тар жүр­гізді», дейді Ақмарал Баталова. 

Ирак пен Сирияда радикалды топтарда соғысқан шетелдіктерге өлім жазасы кесілетіндігін ескерсек, біздің еліміз өзінің адасқан тұрғындарын шынмәнісінде құтқарып қалды деп айтуға болады. Гуманитарлық жағынан алар болсақ, біздің ел осындай соғысқа қатысқан азаматтары­ның бір бөлігінен бас тартқан және олардың азаматтығының күшін жойған дамыған елдерге адамгершіліктің үлгісін көрсетті деуге болады. Француздар тек жасөспірім балаларды құтқарса, Тәжікстан тек шын өкінген азаматтарына елге қайтуға рұқсат берді.                                                                                                                                          

«Соғысқа қатысқандардың көбінің психологиясына, оларды соғысқа даярлау барысында, ауыр химиялық есірткінің көмегімен әсер етілген. Дәл осындай адамдар біздің елімізде деструктивті күштердің түрлі әрекеттері үшін қолданатын құ­ралына айналуы мүмкін. Осы­ған байланысты соғыс алаңынан оралған азаматтар арнайы қызметтердің қатаң бақылауында болуы ма­ңызды, олармен кәсіби психолог­тар жұмыс істеп, отбасы мүшелері олар­дың емделу про­цесіне көмек­тесулері керек. Ал біз сондай бақылауды орна­та аламыз ба немесе оларға қай­тадан қоға­мы­мыздың толық­қан­ды мүшесіне айналуға көмек­тесе аламыз ба? Міне, бұл өткір мәселе» дейді Ақмарал Баталова. 

Өздерін Ислам мемлекеті ата­ған ДАИШ террористері Сирия мен Ирак жерінде жоғалт­қан сарбаздарының орнын толтыру үшін әйелдерді үгіттеуге белсене кіріскен. Үгіт жұмыстары барысында олар «моджахед» әйелдің бейнесін қазіргі заман әйелдері үлгі алуы тиіс бейне ретінде көрсетуге ты­рысады. Осы идеология арқ­ы­­лы олар әйелдерді жиһад соғы­сына белсенді қатысуға итер­мелейді. Биыл шілде айында Еуро­одақ полициясының рес­ми порталында «моджахед фено­мені» оны үгіттеуге арналған түсі­ні­к­термен қатар, жыл сайын дами түсіп, лаңкестік ұйымның стра­те­гиялық қажеттіліктеріне сәй­кес өзгеріп отыра­тындығы айтылған. Еуропол­дың терроризмге қарсы бөлім­шесінің басшысы Мануэль Навар­ретенің айтуынша, «ДАИШ наси­хат­шыларының басты мақ­саты 16-25 жас аралы­ғын­дағы, сыртқы әсерге берілгіш, әлеуметтік желіде көп уақытын өткізетін жас әйелдер екен».