1941 жылы 24 маусым күні Мәскеуде басылып шыққан «Комсомольская правданың» алғашқы бетінде КСРО халық комиссарлар кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Вячеслав Молотовтың мәлімдемесі орналасқан. Онда соғыстың басталғаны, жау ұшақтарының Киев, Севастополь, Каунас қалаларын бомбалағаны, одан қандай ауыр зардап келгені айтылған. Барлық тұрғындарды Кеңес одағын қорғауға, фашистермен күресуге шақырады. Зауыттарда еңбек ететін жұмысшылар сұхбат беріп, майдан даласына аттануға әркез дайын екендіктерін білдірген. Тарихи шежіре іспеттес сарғайған басылымның екінші беті халықаралық жаңалықтарға арналып, қандай мемлекеттердің жаулап алынғаны хабарланған, дейді тарих ғылымдарының докторы.
Оған бұл газетті бір досы сыйлапты. Содан бері көзінің қарашығындай сақтап келеді. Ол үшін құнды тағы бір дүние – майдан даласынан жазылған бір жапырақ хат. Өте ыстық көретіні, үшбұрышты хат 1943 жылдың наурыз айында өзі туып-өскен Петропавлдағы бір бойжеткенге жолданған. Александр есімді түбіт мұртты бозбала соғыс ахуалын сипаттай келіп, таңғы шықтай мөлдір сезімін, іңкәр сағынышын өлең шумақтары арқылы кестелеген. Соған қарағанда екі ғашық бір-бірін көптен бері білетін, жүрек сырларын айтпай-ақ ұғатын тәрізді. Есіл ердің соғыстан қайтпай қалғаны анық. Өйткені сүйіктісі бір жапырақ хатты өле-өлгенше бойтұмардай сақтап келген. Ақтық демі таусылар алдында бұған аманаттап кетіпті.
– Менің әкем де соғыс ардагері еді. Чехословакиядағы, Қиыр Шығыстағы қанды жорықтарға қатысқан. Осы себепті майдангерлердің ішкі жан дүниесін бір кісідей білемін. Марқұмның хатты жұмырлай қысып, кеудесіне қысып жатқан, кеудесін ащы өксік билеген бейнесі көз алдымнан кетпейді. Неткен тазалық, адалдық десеңші, – дейді жүзін әжім торлаған ғалым ауыр күрсініп. Солтүстік Қазақстан облысы