• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Сұхбат 26 Шілде, 2019

Алған жарақатымнан гөрі әріптесімнің қазасы ауыр тиді - инспектор Оспанов

731 рет
көрсетілді

Алған жарақатымнан гөрі әріптесімнің қазасы ауыр тиді. Бұл туралы бүгін Ақмола облыстық көпбейінді аурханасында емделіп жатқан қорықшы, «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы Самат Оспанов журналистермен сұхбат барысында айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

23 шілде күні Жарқайың ауданының Бірсуат ауылына жақын маңда заңсыз киік атып жүрген браконьерлерді тоқтатам деп жазым бола жаздаған қорықшының сөзінше, оқиға қас-қағым сәтте болған.

«2012 жылдан бері қорықшы болып жұмыс істеп келемін. Бұл жолы 15 күнге іссапарға келдік. Оқиға іс-сапарымның алтыншы күні болды. Бұрын мұндай болған емес, бұл жолы да олай болады деп ойлаған жоқпын. Браконьерлер кездескен кезде көліктерін қоршап аламыз, сол кезде олар тоқтайтын еді», - дейді қорықшы.

Сонымен қатар, ол бүгін жерленген әріптесі Қаныш Нұртазиновтың өлімі ауыр тигенін айтты.

«Қаныш Нұртазинов екеуіміз бірінші рет бірге жұмыс істеген едік. Ақжарқын жігіт еді. Бүгін жерледі деп естіп жатырмын. Жатқан жері жайлы болсын. Маған алған жарақатымнан гөрі әріптесімнің қазасы ауыр тиді», - деп әріптесінің қазасына көңіл білдірді Самат.

Сонымен қатар, ол журналистердің «Осы оқиғадан кейін осы салада одан әрі жұмыс істейсіз бе?» деген сұрағына «Иә» деп жауап берді.

Айта кетейік, Самат пен Айгүл бүгінде үш бала тәрбилеп отыр. Үлкені - 18 жаста болса, кішісі - 8-де. Бұдан бөлек, Саматтың 67 жастағы анасы да отбасымен бірге тұрады. Дәрігерлердің сөзінше, келер аптада науқас жазылып шығуы мүмкін.