• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 29 Шілде, 2019

Дамушы мемлекеттер дамыған елдердің қоқысынан бас тартуда

3583 рет
көрсетілді

Дамыған мемлекеттер дамушы елдерге тек қарыз беріп, озық технологияларын экспорттап қоймай, кейде, тіпті қоқыстарын да жіберіп тұрады. The Guardian басылымы жүргізген сараптама нәтижесінде, экологиялық жағдай мемлекеттік дәрежеде бақыланбайтын елдерге АҚШ жыл сайын 1 млн тонна көлемінде пластик қалдықтары сынды қоқыс жіберетіні белгілі болды.

Биыл 10 мамырда Женевада бас қосқан 187 елдің 1400 өкілі пластик қалдықтардың экспортын жүйелейтін Бүкіләлемдік пактіге қол қойды. Бұл – 1989 жылы қабылданған қауіпті қал­дықтарды тасу мен жоюды ба­қылауға қатысты Базель конвен­циясының жалғасы. Атал­ған құжат дамушы елдерге басқа мемлекеттерден қо­қыс қабылдамауға мүмкіндік бер­мек. БҰҰ-ның қоршаған орта бойынша атқарушы хатшы­сы Рольф Пайет келісімнің ма­ңызды құжаттар қатарында еке­нін атап өтті.

Бұл құжатты қабылдауға жо­ғарыда айтылған себептер түрткі болды. Өйткені АҚШ, Канада сияқты дамыған елдер бірнеше жылдан бері қо­қыстарын Азия елдеріне экспорттап келеді.

Шынтуайтына келгенде, қо­қысты қабылдап алатын елдер өз қоқыстарымен күресіп әлек. Сондықтан мұндай «көмектің» үшінші әлем елдеріне аса бір пайдасы жоқ. Қайта керісінше, басқа елден келген қоқыстар экологияға кері әсерін тигізіп, халықтың денсаулығына, өмір сапасына зиян келтіреді екен. АҚШ-тың пластик қалдықтарын тасымалдайтын елдерінің қа­тарында Малайзия, Индонезия мен Вьетнам бар. Бұл мемлекеттерде қоқыс, қоқысты сұрыптау жағдайы онсыз да жаман. Өйт­кені олар өз қоқыстарының 81-86 па­йызын қайда жіберерін білмейді.

Жақында Шри-Ланка үкіметі Ұлыбританиядан келген 111 контейнер қоқысты қайтаратынын мәлімдеді. Британия үкіметі өз кезегінде ол қоқысты нақты қай мемлекеттің жібергенін анықтау керегін және Шри-Ланкадан ондай ресми мәлімдеме кел­ме­генін айтады. Ал қоқысты қа­былдап алушылар қоқыста медициналық қалдықтардың болғанын, олардың жаман иісі барын, мемлекет ондай қауіпті қоқысты қабылдамайтынын айтты. Тіпті эко-белсенділер «Шри-Ланка сіздерге қоқыс жә­шігі емес» деген плакаттар ұс­тап, Коломбодағы Британия ел­шілігінің алдына жиналды. Оларға Британия үкіметіне қо­қысты кері алуын сұраған хатын беруге рұқсат етілді.

Дәл осындай оқиға Кам­боджа, Индонезия, Филлипин мен Малайзияда да болды. Фи­липпин үкіметі Канадаға «пластикті қайта өңдеу деген жалған сылтаумен жіберді» деп 69 контейнерді, ал Камбоджа 83 контейнерді, яғни 100 тоннаға жуық қоқысты қайтарып жі­берді. «Жыл сайын пластик қал­дықтарының салдарынан мил­лионға жуық адам көз жұмады. Өйткені кей елдер қалдықтарды өртеп, қалғанын мұхиттарға ағызып жібереді», дейді IPEN экология ұйымының сарапшысы Сара Броше.

Шетелден қоқыс қабыл­дамауды алғаш бастаған – Қы­тай. Олар тосын шешімін 2018 жылдың қаңтарында мә­лімдеді. Бұл Ұлыбритания сияқты дамыған мемлекеттерге қиындық әкеліп, нәтижесінде дамушы елдерге жіберілетін қоқыстың көлемі артты. Еуропа, Америка, Аустралияның қоқыс экспортының салдарынан Ганада әлемдегі ең үлкен электронды қалдықтар шоғыры пайда болды. Мұнда жыл сайын 200 тонна қоқыс әкелінеді. Қалдықтарды қайта өндеу Гана мемлекетіне 150-250 млн АҚШ доллары кө­лемінде табыс әкеледі. Қауіпті орындағы жұмысшылар саны – 20 мың. Олар тәулігіне 12 сағат жұмыс істеп, күніне 2 АҚШ долларын табады екен. Яғни, денсаулығына қауіп төнсе де, нан тауып жүргендердің еңбегіне сай ақы төленбейді.

Қоқыс сұрыптау арқылы күнін көріп жатқан мемлекеттер аз емес. Адам шығыны, эко­логияға кесірін біле тұра үшін­ші әлем елдері ұзақ уақыт осындай қауіпті жұмыспен ай­налысып келді. Алайда жа­қында қабылданған жаңа құжат олардың құқығын қорғай түс­кендей болды. Қоқысты қай­тарып жатқан мемлекеттер бұл күндері арта түсті. Мұндай ше­шімдер дамыған елдерге, жалпы адамзат баласына қоршаған орта мен оны қорғауға жаңа көз­қарастың керегін көрсетіп, әр қалдықтың экологияға қауіп­ті екенін ойлауға шақырып тұр­ғандай.