Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі білім нысандарының материалдық-техникалық базасы барлық талапқа сай. Балалардың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, ағымдағы жылы облыс бойынша 12 білім нысанының құрылысын жүргізуге 3,6 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 1,2 миллиард теңге республикалық бюджет есебінен болса, жергілікті бюджеттен 2,4 миллиард теңге бөлінген. Аталған қаражат есебінен Шу ауданы Шу қаласындағы 300 орындық орта мектеп, Байзақ ауданы Ақшолақ ауылындағы 120 орындық орта мектеп, Жамбыл ауданындағы Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындық орта мектеп, Меркі ауданы Қазақ-Дихан ауылындағы 120 орындық орта мектеп, Т.Рысқұлов ауданы Жалпақсаз ауылындағы 48 орындық білім мекемесі және Жамбыл ауданы Түрксіб ауылындағы 300 орындық орта мектептің құрылысы жүргізіледі. Аталған 6 мектеп те заман талабына сай салынып, оқушылардың игілігіне берілетін болады.
Сонымен қатар ақыл-ойында кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернатының спорт залы, шеберханасы, қоймасы, моншасы, Байзақ аудандық №3 колледжінің спорт залы, асханасы, Жуалы ауданы Қарабастау ауылындағы Қошмамбетов атындағы орта мектепке жапсарлас спорт залы, Сарысу ауданы Ұйым ауылындағы Сүлейменов атындағы орта мектептің спорт залы және Шу ауданы Далақайнар ауылындағы Т.Әшімбаев атындағы мектептің спорт залы, асханасы, технология кабинеті және шеберханасының құрылысы салынатын болады. Сондай-ақ «Үміт» тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатына жеделсаты орнату жұмыстары жүргізіледі.
Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова 2019-2020 оқу жылында өңірде 5 мектеп пайдалануға берілетінін айтты. «Оның ішінде Байзақ ауданында үш ауысымды 1 мектеп, Жамбыл ауданында орын тапшылығы бар 1 мектеп, Т.Рысқұлов ауданында апатты жағдайдағы 1 мектеп және Меркі ауданында орын тапшылығы бар 1 мектеп биыл пайдалануға беріледі. Қалған 1 мектеп 2020 жылы пайдалануға беріледі», дейді басқарма басшысы. Айта кетерлігі, жыл сайын Жамбыл өңірінде білім беру ошақтарының мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Бұл ретте облыс әкімі Асқар Мырзахметов тиісті басшыларға білім ошақтарына көңіл бөлуді міндеттеп, мектеп құрылысын жүргізу барысында мемлекет қаражатын тиімді жұмсауды тапсырған болатын.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында апатты жағдайдағы 4 мектеп бар. Алайда, апатты мектептер жыл сайын азайып келеді. Бұл мәселе облыстық әкімдіктің назарында. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, апатты жағдайдағы 1 мектептің құрылысы ағымдағы жылы аяқталып, Т.Рысқұлов ауданы, Жалпақсаз ауылындағы 48 орындық білім мекемесі пайдалануға берілетін болса, қалған 3 мектептің мәселесі 2020-2021 жылдары шешімін табады деп жоспарлануда. Атап айтсақ, Қордай ауданы Күнбатыс ауылындағы 152 орындық білім ошағы, Шу ауданы Алға ауылындағы 300 орындық Амангелді атындағы орта мектеп және Бірлікүстем ауылындағы Домалақ ана атындағы орта мектептердің құрылысы жоспарда тұр. Ал өңірде үш ауысымда жұмыс істейтін 1 мектептің мәселесі жаңа мектеп салу арқылы шешіледі. Жаңа оқу жылында Байзақ ауданы Ақшолақ ауылындағы 120 орындық орта мектеп пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар Жамбыл облысында білім ошақтарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге де тиісті көңіл бөлінуде. Мәселен, 2019 жылы облыс бойынша 10 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 5 мектеп, 1 мектеп-интернат, 2 балабақша және 2 мектептен тыс мекеме бар. Аталған мекемелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 1 402,492 миллион теңге қарастырылған. Республикалық бюджеттен 633,580 миллион теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен 586,324 миллион, ал қалалық бюджеттен 182,588 миллион теңге бөлінген. Басқарманың мәліметінше, бүгінде сатып алулар конкурсы арқылы мердігерлерді анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Жамбыл облысы