«Севимсталькон» құрылыс компаниясы елді мекенді айналдыра құм карьерін қазып, әрлі-берлі желдей жүйткіген 40 тонналық жүк көліктері шаң-тозаңнан көз аштырмайды. Күн өткен сайын терең жар баспаналарға жақындап, балалар ойнайтын жер қалмады деуге болады. Тұрғындардың шағымданбаған мекемелері қалмапты. 2006 жылдан бері көрген құқайы осы. Бір-біріне жақын орналасқан екі карьердің тереңдігі адамның үрейін ұшырады. Прокуратураға жолданған арыздан ешқандай нәтиже шықпағанға ұқсайды. Соны арқаланды ма екен, керісінше мұнда жұмыс қыза түскен секілді.
Жеке кәсіпкер Сұлтанбек Газдиевтің жетекшілігімен игеріліп жатқан «Бескөл» карьері мен ауылдың арасы 100-200 метр ғана. Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №237 бұйрығына сәйкес құм шығаратын карьерлер елді мекеннен кем дегенде 800 метр қашықтықта орналасуы керек. Заңды жалпағынан басқандарға аудан әкімдігінің көз жұма қарауы түсініксіз. Бір қауым елді әбігерге салған қазу жұмыстарының жүргізілгеніне 13 жылдан асып барады.
– Карьер мен жолдың мәселесін айта-айта шаршадық. Қазба орны ауылға өте жақын орналасқан. Мешітке таяп қалды. Бәрінен бұрын ойын балалары үшін алаңдаулымыз. Жазатайым құздан құлап кетсе, кім жауап береді? Бізге айнала қазылған ордан ортекедей орғып өту ғана қалды, – дейді ауыл ақсақалы Қайролла Сүлейменов.
Карьердің орнында бұрын шабындық болған. Енді жайылым тарылып, бұл аумаққа мал жаймақ, шөп шаппақ түгілі өзеннің арғы бетіне өту мүмкін емес. Санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық, қоршаған ортаға қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылып отырғаны айтпаса да түсінікті.
Осы сауалды облыстық экология департаменті бастығының орынбасары Азамат Бектасовқа қойғанымызда, тұрғындардың шағымы ескерусіз қалмайтынын, тыңғылықты тексерілетінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, карьерге қатысты реніштер көп көрінеді. Өзен-көлдер, ауа ластанбай тұрмайды. Күл-қоқыстардың қайда төгіліп жатқаны белгісіз. Бір таңғаларлығы, аталған ведомоствоның мамандары үш жыл бұрын тексеріс жүргізіп, көптеген кемшіліктерді анықтағанымен, жабулы қазан жабулы күйінде қала берген сияқты. Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жаналиновтың айтуынша, «Севимсталькон» ЖШС-і 2006 жылдың желтоқсан айындағы №48 келісімшартқа сәйкес, Қызылжар ауданындағы «Бескөл» карьерін пайдаланушы болып табылады. Қазба жұмыстары басталғанға дейін серіктестік уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардан келісім және сараптама құжаттарын 20 жылға алған. Бұл қаншалықты заңды, мәселе осында!
Айта кететін бір жайт, ауыр жүк көліктері ауыл жолдарын бүлдірген. Күні-түні қатынағандықтан жарамсыз күйге түсірген, ой-шұңқырлардан аяқ алып жүру қиын. Негізінен сырттан келген ағайындарымыз тұратын ауылдың бүгінгі сиқы әбден қашқаны байқалады. Мәселеге құзырлы органдар араласпай болмайды. Ауылдың дәл іргесінен карьер қаздыруға қалай рұқсат берілгенін тұрғындар түсінбей дал.
Қанат АТАМАНОВ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы