Прокурор наразылық білдіре ме?
Шынын айту керек, соттың бұл үкімінің жаңғырығы зорлау дерегінің шуынан да кем болған жоқ. Оның себебі де бар. Қоғамдық пікірдің қақ жарылуына жолсеріктерге бастапқыда алдын ала келісіп, топтасқан зорлау дерегі бойынша айып тағылуы да себеп болды. Прокурор олардың әрқайсысына 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.
Бірақ істі қараған Қостанай қалалық №2 сотының судьясы Сатыбалды Оразбай кінәлі адамдарды Қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлігіне сай келетін әрекет жасады деп танып, топтасып зорлаудың болмағанына көз жеткізгенін көрсетті. Судья алдын ала сөз байласу арқылы топтасып зорлауда зорлықшылардың бірі әдетте жәбірленушінің аяқ-қолын ұстап, аузын алақанымен басады немесе қорқыту амалдарын жасаса, келесісі жымысқы әрекетін жүзеге асыратынын, ал бұл жолы ондай жағдай болмағанын айтты. С.Оразбай қылмыстың жай ғана зорлау бабына ауыстырылғанын осылайша түсіндірді.
Сонымен қатар жолсеріктердің бұрын сотталмағаны, тұрғылықты мекендері бойынша жақсы мінездеме берілгені және біреуінің екі кішкентай баласының болуы да үкімнің жұмсағырақ болуына әсер еткен. Соның өзінде жолсеріктер кінәлі деп танылған бап бойынша жоғарғы жаза – бес жылға бас бостандығынан айыру еді.
Ал әуелгі іс қозғалған топтасып зорлау тармағы қылмыскерлерді 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтін.
С.Оразбай бұл істен жазаны қатаңдатуға негіз боларлық себеп те көрмеген. Бірақ судьяның уәжі неге күмән тудырып отыр? Оның себебі мынада сияқты – түн ортасындағы қылмыскерлердің шошынған жәбірленушінің қарсыласпақ түгілі, дауыс шығаруға да дәрмені болмайтыны анық. Ал оның қарсылық көрсетпеуі оның аяқ-қолын ұстап тұруға, ауызын басу қажеттілігін сылып тастайды емес пе...
Есесіне, бұл іске байланысты кінәлі деп танылған адамдардың жазасы жеңіл деп санайтын қоғам өкілдері әлеуметтік желілерде сот шешімін қызу талқылап жатыр. Мәселен, белгілі заңгер, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Джохар Өтебеков Facebook желісінде судьяның шешімін сынға алды.
«Әріптестер жұмыс орнында бір-бірімен байланысы жоқ екі рет зорлық көрсетеді. Іс жүзінде мен мұны түсініңкіремеймін. Есесіне, судьяның топтасып зорлау бабын дұрыс бағаламайтынына көз жеткізіп отырмын. Топтасып зорлауды біреуі жәбірленушіні ұстап тұрып, екіншісі зорлады деп түсіну қате. Егер қылмыскерлер кезектесіп зорлаған болса да, бұл топтасып зорлау дегенді білдіреді. Жоғарғы соттың зорлауға байланысты қаулысында мұндай жағдайдың анық-қанығы ашық жазылған», деп үн қатты адвокат.
Сот отырысынан кейін жәбірленуші тарап та сот үкімімен келіспейтіндіктерін білдіріп, соттың жоғары сатыларына арызданатынын мәлімдеді.
Әлбетте, соттың қоғамдық пікірдің ығында кетпегені жөн. Бірақ соттың үкімі судьяның біліктілігі мен сот жүйесінің жұмысына күмән тудырмауы да тиіс.
Ал еліміздің Бас көлік прокуроры Ернат Сыбанқұлов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Бас көлік прокуратурасы «Нұрлы жол – Ақтөбе» бағытындағы №98 пойыз вагонында болған жолаушыны зорлау дерегі бойынша қылмыстық іске қатысты сот жарыссөзі барысында прокурор айыптауды толық көлемде қолдап, кінәлі адамдарды 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанын хабарлайды. Сот өзге шешім қабылдады. Қазіргі кезде сот үкімінің заңдылығы мен негізділігі зерделенуде», деп жазды. Демек, бұл іске нүкте қойылды деп есептеуге әлі ерте.
Зорлау – ақтауға жатпайды
Бұл даулы іс «НеМолчиKZ» қоғамдық қорының басшысы Дина Смаилованың Facebook парақшасындағы жазбасы арқылы жұртшылыққа жетіп, істің Қостанай мен Ақтөбенің соттарында жабық жағдайда қаралу мерзімі ұзаққа созылды.
«26 қыркүйек күні кешкі сағат 10-дар шамасында бойжеткен «Тальго» пойызының купесіне отырады. Купе ішінде отырған ер адамды көреді. Заттарын қойып, пойыз мейрамханасынан тамақтанып келеді. Вагонына оралғанда купе ішінде қызметтік формасын жеңіл киімге ауыстырып киген жолсерік отырады. Ол әуелгі кірген ер адамды басқа купеге ауыстырып жібергенін айтады. Қыз ұйқысы келгенін түсіндіріп, жолсеріктен купеден шығуын өтінеді. Сыра ішіп отырған жолсерік тек жарты сағаттан соң шығып кеткен. Алайда, таңғы сағат 04:00 шамасында жолсерік бойжеткен жатқан купеге өз кілті арқылы ашып кіреді. Мұнан соң жолсерік жымысқы іс-әрекетін жүзеге асырады. Ізінше екінші жолсерік те келіп, бойжеткенді зорлаған», деп жазды Дина Смаилова.
Қылмыстық істің екі қалада қаралуына қыздың Қостанай облысының аумағында зорлануы себеп болған. Іске байланысты барлық сараптамалар зорлаудың болғанын дәлелдеп берген.
Әрине, сотта кінәлі деп танылған «Тальго» пойызы жолсеріктерінің жақындары сотталушыларға шаң жуытпай, ақталып шығуына барынша сенді және бұл мәселеге байланысты қоғамдық пікірге өз көзқарастарын сіңіруге тырысты.
Бірақ қай уақытта болсын, жәбірленушінің жағдайы, киім киісі, жүріс-тұрысы, тіпті ерсі қылықтарының өзі оны зорлауға негіз болмаса керек. Моральдық тұрғыдан қарасақ, ол да біреудің қызы, қарындасы немесе әпкесі. Ал құқықтық мемлекетте әлсізге зәбір көрсету – шектен шыққан сорақы қылмыс.
Ақпарат құралдарындағы деректерге қарағанда, жәбірленуші шетелде білім алған, орташа кәсібі, ғылыми дәрежесі бар қыз. Елордаға ғылыми конференцияға қатысу үшін барып, кері оралған сапарында зорлықшыларға тап болған.
Бұл сұмдық оқиғадан соң жәбірленуші күйзеліске түсіп, психологтардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Ал қылмыскер деп танылған жолсеріктердің мемлекеттік айыптаушы сұраған мерзімнен аз жазаға кесілуі туралы хабар тиген бойда жәбірленуші, тіпті қапаланып, аурухана төсегінен бір-ақ шыққан.
Өз кезегінде «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол – Ақтөбе» бағытындағы №97/98 жолаушылар пойызында болған зорлау оқиғасы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының беделіне нұқсан келтіріп, сенімге селкеу түсіргені анық. Сол себепті де Ұлттық тасымалдаушы «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жұмыс берушінің бастамасы бойынша көрсетілген пойыз жолсеріктерімен еңбек қатынасы үзілді. Компания зорлау фактілерінің орын алуына жол берілмеуі тиістігін мәлімдейді және осындай әрекеттерді айыптайды. Сондай-ақ аталған оқиға болған сәттен бастап осындай оқиғаларға жол берілмеу керектігі бойынша компанияның барлық қызметкерлерімен нұсқаулықтар өткізілді. Қызметкерлердің медициналық тексерістен өтуіне, соның ішінде психологтар мен нарколог-дәрігерлердің қорытындыларын алуына қосымша тексерістер жүргізілді», деген хабарлама таратты.
Компанияның деректеріне қарағанда, 2020 жылдан бастап жолсеріктерге арналған психолог кабинеттері ашылады, сонымен сервистік персонал қызметкерлерін кезектен тыс аттестациялау жоспарланған екен. Осы жоспарларға қарап-ақ Ұлттық тасымалдаушының өз қызметкерлерінің психологиялық жағдайынан секем алып, әрекеттенгені көрініп тұр. Бірақ абыройды қайта жинау ұзақ уақыт алары сөзсіз және барша жолаушы, оның ішінде қыз-келіншектер жолсеріктерге күмәнмен қарап, тыныш ұйықтай алады деу қиын.
Бұл кезекті оқиға Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабының барынша қатаңдатылып, кінәлі деп танылған зорлықшыларға ең ауыр жаза тағайындалуға ықпал ете ала ма? Өйткені қыл үстінде қыз тағдыры, ана тағдыры тұр.