• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Шілде, 2019

«Дипломмен – ауылға» барған дәрігерлер

1336 рет
көрсетілді

«Бәрін кадр шешеді» деген сөздің мәні өзгермеді. Тіпті мағынасы артып, маман иесінің білім мен білігіне қатысты салмақты бола түскендей. Бұл талап денсаулық саласына қатысты қойылғанда екі есе жауапкершілік жүктейді. Өйткені қазір кадр тапшылығы мен білікті маман жетіспеушілігі отандық медицинада шешілмеген мәселенің бірі.

Денсаулық саласындағы кадр мәселесі Алматы облысында да алдыңғы орында. Дерек бойынша, өңірде 525 түрлі деңгейдегі дәрігер маманы жетіспейді екен. Бірақ облысқа жоғарғы оқу орнын бітіріп, еңбек етуге келіп жатқан жастардың да қатары өсіп келеді. Мысалы, биыл аймақ дәрігерлерінің қатарын 443 жас маман толықтырмақ. Оның ішінде 56 хирург, 40 акушер-гинеколог, 134 жалпы тәжірибелік дәрігер, 7 невропотолог, 14 реа­ни­мотолог, 5 кардиолог сияқ­ты сұранысқа ие мамандық иелері бар. Қазір облыстық ден­саулық сақтау басқармасы С.Ас­фендияров атындағы Қазақ ұлт­тық медицина университеті мен Семей, Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларындағы жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Өңірге келіп жатқан жас мамандар осы оқу орындарының түлектері.

Жалпы, өңірдегі дәрігер ма­ман­дардың тапшылығы негі­зі­нен алыс аудандарда байқалып отыр. Оның бір себебін медицина саласындағы жалақының аздығы, әлеуметтік қорғаудың әлсіздігі мен баспанамен қамту жайының қиындығынан іздеуге тура келеді. Бірақ жас мамандарды ынталандыруға үлкен қадам жасалып жатқан көрінеді.

– Алматы облысы бойын­ша биыл жас дәрігерлерді әлеуметтік қолдауға, оның ішінде бір реттік жәрдемақы тө­­леуге 1,5 млн теңге, көтерме жәр­демақы мен тұрғын үй жал­дауға берілетін қосымша жәрдемақы үшін 2,5 млн тең­геге дейін қаржы бөлінген. Ауыл­дық өңірге жұмыс істеуге бар­ған жас маманға 3 787 500 теңге шамасында өсімсіз несие беріледі, бұл бойынша «7-20-25» бағдарламасымен тұрғын үй алу қолжетімді. Ал өңір бо­йынша жас маман-дәрігердің айлық жалақысы 110 000 теңге мен 180 000 теңге аралығында, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.

Айтпақшы, ауылдық жердегі кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуге «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да оң үлесін қос­қанын айту парыз. Осы бағ­дарлама басталғалы бері Алматы облысында 6253 жас маман өңір­дегі ауылдарға ат басын бұрған екен. Есеп бойынша 2009-2018 жыл аралығында «Дип­ломмен – ауылға» келгендерге жалпы сомасы 785,3 млн теңге болатын көтерме жәрдемақы берілген. Ал өткен жылы ғана бұл қолдауға 571 жас маман ие болды. Жалпы, 2009-2018 жыл аралығында «Дипломмен – ауылға» жобасына қатысушылар бойынша білім саласына қатысты мамандықтарға сұраныс жоғары болды. Же­тісудың ауылдарына бала оқы­туға келген жас мұғалім саны 4328 адамды құраған. Мұнан кейінгі орын медицина саласына бұ­йырыпты, 1487 дәрігер, медбике сияқты мамандық иесі облысқа оралған. Сондай-ақ 236 жас маман агроөнеркәсіп кешеніне, 113 адам мәдениет ме­кемелеріне, 49 жас әлеуметтік қамсыздандыру саласына және 40 спорт маманы өз болашағын ауылмен байланыстыруға бел буған екен. Айтпақшы, жоба аясында берілген тұрғын үй сатып алу несиесінің жалпы көлемі 7,7 млрд теңге шамасында. Бұл қаржыға 2912 жас маман баспана сатып алды деуге болады.

Осы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының игілігін көріп, ауылға оралған жас дәрігердің бірі – Аяужан Құбайдолданова. Ол бүгінде Үшарал қаласындағы емханада педиатр болып еңбек етуде. 2018 жылы бағдарлама бойынша Алакөл ауданына жол­дамамен келген болатын. 1 жыл ішінде мемлекеттік бағдар­лама бойынша баспанаға қол жеткізді.

– Семей мемлекеттік уни­вер­ситетін жалпы тәжірибе дә­рігері мамандығы бойынша бітірген соң Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Таврия ауылында еңбек жолымды бастадым. Кейін Алакөл ауданына «Дипломмен – ауыл­ға» бағдарламасы бойынша ша­қырту алдым. Басында жү­рексінген едім, жалақы тө­мен, баспана жайын қалай шешеміз дегендей сұрақтар туды. Сәтіне қарай, мемлекеттік бағ­дарламада көрсетілген шарттың барлығы уақытында орындалды. Жақында баспаналы болдық. Дәрігердің алаңсыз жұмыс істеуіне бұдан артық қандай жағдай керек? – дейді ақ желеңді Аяужан.

Ал осы ауданның Қазақстан ауылындағы дәрігерлік амбу­ла­торияда жалпы тәжірибе дә­рігері болып жұмыс істеп жүр­ген Мәдина Ерланқызы да «Дипломмен – ауыл­ға» бағдар­ламасы бойынша еңбек жолын бастаған екен.

– Әуелгіде көп ойландым. Алматыда қалатындай мүм­кін­дік те болды. Бірақ ауылға біз сияқты жастар барып жұмыс істемесе, зейнетке кеткен дәрі­гер­лердің орнын кім басады? Менің мамандығым бойынша ауыл­да маман жоқ десе де болады екен. Бала дәрігері болу өте жауапты жұмыс қой, істеген сайы­н тәжірибе жинап, емдей жүріп үйреніп жатырмын. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойын­ша келгендіктен, әлеуметтік жағ­дайымызға алаңдамадық. Тұ­рақты жалақыдан бөлек бір реттік жәрдемақы төледі, кө­тер­меақы мен тұрғын үй жал­дау­ға берілетін қосымша қаржы тағы бар. Үй алуға өсімсіз несие бер­ді. Жақында біздің айлық жала­қы­мыз 30 пайызға өсті. Осы қам­қорлық үшін ризашылығым шек­сіз, – дейді жас маман Мәдина.

Жалпы, Алматы облысында медицина мамандарының біліктілігін арттыруға, оларды қайта даярлауға да лайықты көңіл бөлініп отыр. Дәл осы мақсатқа 2018 жылы жергілікті бюджеттен 201,5 млн теңге жұмсалыпты. Соның нәтижесінде өңірдің медицина қызметкерлері шетелдің озық клиникаларында тәжірибе алмасуға, белгілі клиникалардың жоғары білікті мамандарынан дәріс тыңдауға мүмкіндік алыпты. Мәселен, былтыр 344 маман Литва, Польша, Оңтүстік Корея, Түркия елінің білікті кадрларынан дәріс алған. Сол сияқты дәрігерлердің бір тобы Израиль, Оңтүстік Корея, Түр­кия мемлекетінде қабылдау бөлімінің жұмысын жетілдіру, лапа­роскопиялық техникамен жұ­мыс істеу, триаж жүйесі бойын­ша медициналық сұрыптауға қа­тысты тағылымдамадан өткен екен.

 

Алматы облысы