Тәжірибелі құрылысшы Сергей Тимофеев жергілікті маңыздағы жолдарды қалпына келтіру мәселесін жиі көтеріп жүр.
Жуырда облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында тағы да сөз алып, ауылдарға қатынайтын жолдардың сапасы мүлдем сын көтермейтінін ашына әңгімеледі. Былтыр Меңгесер, Бексейіт елді мекендері бағытындағы жолдарға «Гегарт» ЖШС күрделі жөндеу жүргізгенімен, биыл жарамсыз болып қалғаны жайлы реніштер көп. Арыз-шағымдар прокуратураға жолданғанымен, нақты ықпал жоқ. Сол сияқты Возвышенка-Золотая, Нива-Молодогвардейское ауылдарының жолы да таз қалпына қайта түсті, деді ол мән-жайды бүкпесіз баяндап.
Оның шыр-пыр болатын жөні бар. Тек биылдың өзінде 700 шақырым жолды қалпына келтіруге 37 миллиард теңге бөлінген. Мердігерлерге сеніп тапсырылған мемлекеттік іс асығыс-үсігіс атқарылса, қомақты қаражат желге ұшып кетпей ме деген қауіп басым. Өйткені компания басшылары жылда олқылықтарға жол бергенімен қатаң жауапкершілікке тартыла бермейді. Көбіне ескерту, сөгіс секілді жеңіл-желпі жазалармен құтылып кетеді. Техникасы, адам күші аз ұйымдар мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысып, тендерлерде жеңімпаз болып шыға келетіні таңдандырмай қоймайды. Екіншіден, шамадан тыс жүк тиелген көліктерді бақылау жайы бетімен жіберілген десе де болады. Арнайы комиссия Мамлют, Аққайың, Қызылжар аудандарында тексеру шараларымен айналысып, көптеген кемшіліктерді тізген. Асфальт жабындысы жарылып, ойдым-ойдым шұңқырлар пайда болған. Жол үстіне қайтара төселген асфальт-бетонның қалыңдығы талапқа сай емес. Мердігер компаниялар аталған олқылықтарды жоюға міндеттелгенімен, қашан кірісері белгісіз. Сол сияқты Петропавл-Ташкентка-Барневка-Долматово жолдары сапасыздық салдарынан асфальт жабындысы жарылып кеткен. Мұндай кемшілік Жезқазған-Петропавл бағытындағы күрежол бойында да тіркелген.
«Петропавл-Қорған» бағытындағы тасжол Ресейдің Новосібір, Челябі қалаларын да байланыстырып, өңірдегі ұзындығы 60 шақырымды құрайды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары шекаралық аймаққа қарай тартылған тасжолдың әбден тозғаны ескеріліп, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде осыдан екі жыл бұрын жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Мердігер компания қиыршық тастарды Көкшетаудан, битумды Павлодардан жеткізеді. Асфальт Қызылжар ауданы Петерфельд елді мекенінде орналасқан қуаттылығы 350 тонналық екі асфальт-бетон зауытында әзірленеді. Алайда асфальт жабындысының сапасына қатысты талаптар мен нормативтердің қатаң сақтала бермейтіні арагідік айтылып жүр. Оның бір себебі, тексерулердің көбіне ішкі сараптамалық зерттеулермен ғана шектелетініне келіп тіреледі. Ауыр салмаққа төзімділігін анықтау жағы да басты назарда ұстала бермейді.
Бір үміт – «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің жергілікті бөлімшесінде. Жаңа құрылым облыстық және аудандық маңызға ие жолдардың сапасына да зертханалық сараптама жасаумен айналысады. Атқарушы билікпен жасалған келісімшартқа орай жөндеу жұмыстары мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкестендіріліп, техникалық мүмкіндіктермен қатар қоғамдық талап та күшейтілмек. Ең бастысы, құрылыс материалдары зертханалық тексеріс жүргізілгеннен кейін ғана қолданылады. Сонда сапалы төселген асфальт кемі 15-20 жылға дейін шыдас береді. Мекеме жылжымалы зертханамен жабдықталса, инновациялық технологиялар енгізілсе, көшпелі тексерулерді жүйелі түрде ұйымдастырар едік, дейді мамандар.
Әзірге қолдағыны қанағат тұтып, жыртыққа жамау таққандай лаждай тұруға тура келеді.
Солтүстік Қазақстан облысы