• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Тамыз, 2019

Ақын тойына әзірлік басталды

740 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтуге орай үкіметтік комиссия құрылсын деген Жарлығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік деңгейде жиын өткен еді. Республикалық комиссияның алғашқы отырысынан кейін Семей қаласында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовпен бірге өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, 2020 жылы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуге орай арнайы жиын өткізді.

Қалалық әкімшілік ғимаратында өткен жиынға Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ректоры, ғалым Мейір Ескендіров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Арап Еспенбетов, жазушы, «Парасат» орденінің иегері Медеу Сәрсеке, «Абай» қоғамдық қорының төрағасы Отантай Кәріпжанов, қалалық ардагерлер кеңесі­нің төрағасы Амантай Доғалақов, Абай атындағы театр директоры Яков Горель­ников, Абай атындағы әмбебап кітапхана директоры Гүлнара Жігітбаева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбай, этнограф, тарихшы, Қазақстан Республикасы халық ағарту саласының үздік қызметкері Молдабек Жанболатов, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Шағангүл Жанаева, тарихшы ғалым, қоғам қайраткері Құсмилия Нұрқасым, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев, Невзоровтар отбасы атындағы музей директоры Татьяна Стромская және тағы басқалары қатысты. Олар мемлекеттік деңгейде бекітілген жұмыс жоспарына деген өз көзқарастарын білдірді.

– Бүгін Семейде басталған сапарымызды әрі қарай Абай ауданында жалғамақпыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова. – Республикалық комиссия қазіргі уақытта қолымызға ұлы Абайдың 175 жылдығына орай жұмыс жоспарын ұсынып отыр. Жұмыс жоспарында жобаланған әр бөлімді мейлінше сын көзқараспен қабылдап, мерейтойдың халыққа дұрыс жетуіне атсалыссаңыздар деген өтініш айтқым келеді. Және өз ұсыныстарыңызды да айтып отырсаңыздар. Сіздердің сарап­та­­малық көзқарастарыңыз бізге аса қажет. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің қол­дауына орай, қазіргі таңда үкіметке ұсы­ныс жасалды. «Абай-Жидебай» мемо­риал­дық кешені жөндеуден өтетін болады. Сондай-ақ  Нұр-Сұлтан қаласында өткен мемлекеттік республикалық комиссия шешімімен Абайдың туған жері сырт Қасқабұлақ және Ақшоқыдағы Құнанбай қорымы еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына енгізілмек. Бұл жерлер Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің құрамына кіретін болады.

Шәкәрім атындағы мемлекеттік уни­вер­ситеттің профессоры Арап Еспен­бе­­тов жиын барысында алқа назарына өзінің маңызды ұсыныстарын айтып, көпшілікке ой тастады. Ол өз сөзінде Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай жұмыс жоспарын негізге алып, орындауымыз керек, бұл дұрыс шаруа, десек те Абай ауданына сапар жасау арқылы іс жүзінде де біраз дүниелерді назарға алып қайтсақ деді.

– Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін жаңғырту қажет, – деді жазушы Медеу Сәрсеке. – Менің ұсынысым, осы музейдің директоры, білімді басшы Жандос Әубәкірді және қаладағы сәулетшілерді Мәскеуге іссапарға жіберіп, сондағы Чехов музейін, Тула қаласына 15 шақырым жердегі Ясная полянаны көрсе, солардан үлгі алып, біздің музейді қайта жарақтандырса деген ой айтқым келеді. Себебі оларда Чехов, Толстой заманы толық сақталған. Абай музейін Абай заманына лайық жасау керек. Мына 82 бөлімнен тұратын жұмыс жоспарын оқып шықтым. Осының ішінде Абай шығармаларын шет тілдерге аудару, шығару да бар екен. Біз 175 жылдықты тойлағанда халыққа не береміз соны ойлау керек. Менің ойымша Абайдың 50 томдығын біріктіріп, бір том жасап, шығарсақ. Және келесі жылы «Абай әлемін» тек қана Абай шәкірттеріне арнасақ, мен білсем, оның 13 шәкірті бар. Соның ішінде Шәкір ғана шықты. Соған орай 13 кітап шығарсақ.

Бұдан кейін сөз алған Шәкәрім атын­да­ғы мемлекеттік университеттің ректоры, тарихшы-ғалым Мейір Ескендіров те жиын барысында тың ойларын ортаға салды:

– Медеу ағамыздың сөзіне толық қосыламыз. Біріншіден, комиссия рес­публикалық деңгейде, онда әрине көптеген мәселелер шешіледі. Біз бір емес, бірнеше музей жасап отырған адамбыз. Сондықтан бас қосып, музейді қалай дұрыстап жасаймыз, соның тұжырымдамасын бекітсек. Қаражат әрине, шешілуі керек. Абайды айтқанда «Әлемнің Абайы» деп айтамыз. Қазақтың Абайы деп қараймыз. Екінші облыстық деңгей, көптеген мәселелер жаса­лып жатыр. Оған да атсалысамыз. Бір аудан бір ескерткіш қойса, сәулет жағынан да қаламыз асқақтар болар еді. Тағы бір мәселе, Абайдың шығармаларын латын қарпінде шығаруды қазірден бастап, қолға алсақ, бұл Елбасының стратегиялық саясаты. Біз бұған университет болып атсалысамыз.

Республикалық «Абай» қорының прези­денті Отантай Кәріпжановтың айтуын­­ша, Абайдың әкесі Құнанбай қорымы туралы мәселе көп көтеріліп жатыр. Құнанбай қорымы қалайда жөнделуі керек.

– Музейге қатысты пікірлер айтылып жатыр, Медеу ағаның сөзімен толығымен келісемін, – деді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір. – Абай музейінің тарихи бейнесі сақталуы тиіс. Бұған 250 млн теңге бөлінеді. Музей қалай жөнделеді, оған ұсыныс-пікірлер дайындап жатырмыз.

– Абайдың 150 жылдық тойында комиссия мүшесі болдым, сонда да маңызды шаруалар атқарылды, – деді этнограф, тарихшы Молдабек Жанболатов. – Сондай-ақ мына жұмыс жоспарына сәйкес Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» көркем фильмін насихаттау керек. Сонымен қатар жазушы Бейбіт Сапаралының «Құнанбай қажы» деген деректі кітабы шыққан. Сол кітап тарихи деректерге, материалдарға өте бай. Халыққа ұсынуға болады. Соны шығарайық.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов Абай тойына дайын­дық­тың ішінде келген қонақтарға жағдай жасауды қолға алған жөн, ат жарысын дұрыстап ұйымдастырып, оның әділ өтуін, бабы келген ат таңдауды қолға алу керек деді. Әр ауданға тапсырма беріп, бәйге аттарын ғана таңдап алу керек.

Сондай-ақ халықаралық «Қазақ тілі» қоға­мының вице-президенті Орал Шә­ріпбаев, Ассамблея атынан ұсыныс жасап, келер жылды «Абай-175» деп жария­лат­сақ деген ұсыныс айтты.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Әсем Бекқызы бастаған жұ­мыс тобы сапарын Абай ауданында жал­ғас­тырды. Абай дүниеге келген сырт Қасқабұлақта Абай ауданының әкімі Жар­қынбек Байсабыров, аудандық мә­дениет бөлімінің бастығы Елдар Оразалин, «Абай елі» газетінің бас редакто­ры, бел­гілі қаламгер Әсет Мырзақасым және Қасқабұлақ аулының әкімі Асхат Мұқа­таев­тар қарсы алды.

– «Тас түскен жеріне ауыр» деп қазақ айтады ғой, ұлы Абайдың туған же­­рін­де мерейтойына деген дайындық ерекше қызу түрде жүріп жатыр. Өз ұсы­нысымызды облыс әкіміне бер­дік. Абай­дың туған жері сырт Қас­қабұлақ пен мен Ақшоқыдағы Құнанбай қо­ры­мына арнайы жоба ұсын­дық. Инфрақұрлымын дамытуды қолға алуымыз қажет. 180 шақырым жол жөнделмек. Туризмді дамыту бағы­тын­да осы жұмыстарды қолға аламыз. Сырт Қасқабұлаққа 20,5 млн теңге, Ақшо­қыдағы Құнанбай қорымына 27,5 млн теңге бөлініп, бұл жерді абаттан­ды­ру қолға алынатын болады, деді Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров.

 Раушан НҰҒМАНБЕК,

«Еgemen Qazaqstan»

 СЕМЕЙ