Теннистен Мексиканың Лос-Кабосе қаласында өтіп жатқан ATP санатындағы турнирде Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин ширек финалға жолдама алды.
Әлемдік рейтингте 58-орында тұрған ұлыбританиялық Кэмерон Норримен күш сынасқан отандасымыз 1 сағат 35 минутқа созылған бәсекеде 7:5, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Турнирдің жартылай финалына шығу үшін Кукушкин рейтингте 27-сатыда тұрған аргентиналық Диего Себастьян Шварцманмен кездеседі. Өз кезегінде Шварцман екінші айналымда 30 жастағы латвиялық Эрнест Гулбистен 7:5, 6:0 нәтижесімен басым түскен.
Ал АҚШ-тағы Citi Open ATP 500 турнирінде бақ сынаған жерлесіміз Александр Бублик алғашқы айналымнан сүрінбей өткенімен, екінші кезеңде америкалық Фрэнсис Тиафодан 1:6, 6:7 есебімен жеңіліп қалды.