Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) ресми сайтына жылдың ең үздік футболшысына берілетін «The Best» марапатына үміткер футболшылардың тізімін жариялады.
2019 жылдың «The Best» марапатын алуға биыл он футболшы үміткер атанған. Бір қызығы, былтырғы «үздік футболшы» Лука Модрич биылғы тізімге ілінбей қалған. Он үміткердің тізімі төмендегідей: Криштиану Роналду, Маттейс де Лигт (екеуі де – «Ювентус»), Френки де Йонг, Лионель Месси (екеуі де – «Барселона»), Харри Кейн («Тоттенхэм»), Эден Азар («Реал»), Килиан Мбаппе (ПСЖ), Садьо Мане, Мохаммед Салах және Вирджил ван Дейк (үшеуі де – «Ливерпуль»). Үміткерлер 2018 жылдың 16 шілдесі мен 2019 жылдың 19 шілдесіне дейінгі нәтижелеріне қарап таңдап алған.
ФИФА жыл лауреаты 23 қыркүйекте Миландағы (Италия) «Ла Скала» опера театрында өтетін салтанатты рәсімде белгілі болмақ. Жыл үздігін ұлттық құрамалардың бас бапкерлері, капитандары, спорт журналистері және жанкүйерлер дауыс беру арқылы анықтайды.