«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлт құндылықтарымызды жастар мен жасөспірімдер арасында насихаттау мақсатында Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің мамандары алматылықтар мен қала қонақтары, әсіресе балалар мен студенттердің жазғы демалысын мазмұнды өткізуде танымдық бағыттағы экскурсиялар ұйымдастыруда.
Орта Азия аумағындағы алғашқы болып құрылған Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі дүниежүзі бойынша халық музыка аспаптарына арналған бесінші музей ретінде әлемдік музейлер тарихына енген.
1981 жылы ашылған музейдің ұйымдастырылу, қалыптасу тарихы мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өзбекәлі Жәнібековтың есімімен тікелей байланысты. 1990 жылы 11 наурызда музейге қазақтың аспапты музыка өнерінің ірі өкілі, қазақтың халық композиторы, қобыз мектебінің негізін салушылардың бірі Ықылас Дүкенұлының есімін берілгені белгілі.
Музейдің аға ғылыми қызметкері Нұрлы Ибадуллинаның айтуынша, музей қорында ұлттық музыкалық аспаптармен қатар түрік халықтары, сондай-ақ, әлемнің 40-тан астам елінің музыкалық мәдениетімен таныстыратын 1200-ден аса экспонат бар. Экспозициялық залдарда еліміздің түкпір-түкпірінен археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған музыкалық аспаптарды, қазақ халқының ең көне аспаптарының үлгілерін кездестіріп, қазақ өнерінің бастауында тұрған Махамбет, Құрманғазы, Ақан сері мен Біржан салдың, Жамбыл мен Динаның, Абай мен Шәкәрімнің, Ахмет Жұбанов пен Нұрғиса Тілендиев және басқа да көптеген әнші-жыршылар, күйші-композиторларға тиесілі болған түпнұсқа 70-ке жуық мемориалдық аспаптарымен, бақсылардың және кейінгі қобызшы-композиторлардың қобызымен, домбыра аспабын жасаушы шеберлердің республикалық байқауында жеңімпаз атанған шеберлердің үздік туындыларымен, сондай-ақ, әлем халықтарының бірнеше ғасырлық тарихы бар музыкалық аспаптарымен танысуға болады. Музейде экспонаттарды сақтау, насихаттау және музыкалық мұраны дәріптеу, сондай-ақ музей коллекцияларын ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылыми бөлім мен қор сақтау бөлімдері, ұлттық нақышта, киіз үйдің формасындай ерекше салынған 120 орындық лекция-концерт залы жұмыс жасайды. Мұнда музыкалық аспаптарының дыбысын жиі естіп тұруға болады әрі дәстүрлі ән-жыр және күй кештері өткізіледі.
Алматылықтар мен қала қонақтары үшін демалыс орындарының бірі болып табылатын 28-гвардияшы-панфиловшылар атындағы паркінде орналасқан музейді соңғы екі ай ішінде 1000-нан астам оқушы, 250 шамасында студенттер мен 2500-ға жуық шетелдік туристер тамашалаған.
АЛМАТЫ