• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Тамыз, 2019

Қазақ теміржолының алтын бесігі

771 рет
көрсетілді

Алматыдағы темір жол көлігінің орталық музейі және Алматы музейінің бірлесіп ұйымдастыруымен көлік қызмет­керлері күніне арналған айрықша көрме ашылды. Алғаш 1901 жылы іргетасы қаланған қазақ теміржолының тарихы тереңде жатыр. Нақ осы жылы еліміздің батысында жолтабан ені 1524 мм бо­латын алғашқы темір жол салынып, 1904 жылдың қаңтар айын­­да Орынбор қаласынан Қазалы (Кубек) стансасына дейін алғаш­қы пойыз жолға шықты.

Еліміз үшін теміржол көлі­гінің маңызы өте зор. Қазақ­станда шойынжол барлық жүк та­сымалы айналымының 68 па­йызын, ал жолаушы тасыма­лының 32 пайызын қамтып отыр. Көршілес мемлекеттермен барлығы 16 темір жол тора­бы байланыстыратын Қазақ­стан темір жолының жалпы ұзындығы 15 мың шақырымнан асады. Осындай бай тарихы бар айтулы саланың өткені­нен сыр шертетін бес мың­нан астам құнды жәдігер музей қа­быр­ғасын көмкерген. «Қазақстан темір жолдарының тарихы» атты электрлі картада революцияға дейінгі кезеңнен бастап қазіргі уақытқа дейінгі темір жолдың қалай салынғаны көрініс тапқан. Залдың қақ ортасында «Достық», «Алашанькоу» халықаралық желісіне, Тұрар Рысқұлов пен Мұхаметжан Ты­нышпаевқа арналған төрт турникет орналасқан. Бұдан бөлек экспозициядан ел аумағындағы темір жол бекеттерінің ашылу барысынан хабар беретін шой­шеге, кілт, балға, рельстік қ­осы­лыс сияқты бұйымдардың сан­даған түрін кездестіруге болады.

 – Мұражай ашылған күннен бастап 40 мыңнан астам азамат мұнда бас сұғып жәдігерлер­мен танысты. Музейге тек қала тұрғын­дары, студенттер мен оқу­шылар ғана емес, шетелдік турис­тер де көп келеді. Себебі темір жол тарихы өткен күндердің та­лай кезеңдерімен өзара са­бақ­тасып жатыр. Еліміздің темір жол көлігінің рөлін наси­хат­тау­дың бірегей орталығы са­на­ла­тын біздің музей тарихқа қы­зы­ғу­шылық танытатын өз келу­шілерін қуана қарсы алады, – дейді музей директоры Гүлнара Бейсенқызы.

Музейде теміржолшылардың бірнеше буынын қалыптастырған Түркістан-Сібір магистралінің құрылысына сапар шектіретін жәдігерлер бірден назарыңды аударады. «Жібек жолы» залының қабырғасынан Қазақ­стан­ның қалыптасуының өлке­тану көрі­нісін, темір жол көлігінің пайда болуын, ежелгі Жібек жолы тарихын кезең-кезеңі­мен көруге болады. Күміс­тен күптелген зергерлік бұйымдар, тұрмыстық құрал-жабдықтардың жабындықтары, сирек кездесетін фотосуреттер темір жол тарихын тереңнен тануға тартады.

 

АЛМАТЫ