Халықаралық бокс федерациясы (IBF) орта салмақтың чемпиондық белбеуін Сауль Альварестен тартып алып, бәске тастады. Енді аталған атаққа Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко таласпақ.
IBF-тің шешімі бойынша, екі боксшының командасына 30 күн уақыт берілді. Осы мерзім аралығында олар жекпе-жектің мерзімі мен басқа да ұсақ-түйек мәселелерді келісуі тиіс.
Жақында, Халықаралық бокс федерациясы (IBF) Сауль Альварес пен Деревянченко ортақ келісімге келіп, жекпе-жек өткізбегені үшін белбеуді мексикалықтан алу туралы шешім қабылдаған болатын.
Головкин бұған дейін 2015-2018 жылдар аралығында IBF-тің чемпиондық белбеуін иеленген еді. Алайда, Г.Головкин командасы Деревянченкомен келісімге келе алмағандықтан, одан айрылып қалды.