Елімізде өмір сүретін әр адамның жағдайы талапқа сай дәрежеде болуы үшін мемлекет қолдан келген мүмкіндікті жасап отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту мен кәсіпкерлікті қолдауға ерекше назар аударылуда. Соған орай мемлекет қомақты қаржы бөлуде. Алайда осы көпшіліктің игілігіне арналған іске қиянат жасап, аяқтан шалушылар несиелер мен субсидияларды заңсыз алып, мақсатсыз пайдаланып жатқаны көңілге кірбің түсіреді.
Мәселен, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің хабарлауынша, ауыл шаруашылығы саласындағы несиелер мен субсидияларды заңсыз алған көптеген АҚ және ЖШС басшылары мемлекетке 1 млрд. 302 млн. теңге зиян келтірген. Бұл мақсатсыз пайдаланылған (5 млрд. 850 млн. теңге) несие қаражатының 22 пайызын ғана құрайды. Демек, ауыл шаруашылығы өркендесін, дамысын деп мемлекет бөліп жатқан ақшалар тиісті мақсатқа толықтай жетіп жатқан жоқ. Бұған қаржы полициясының дәлелі деп көп. Ақмола облысындағы “Дәулет” өндірістік кооперативі көкөніс өсіруге арналған арнайы техника сатып алам деген сылтауымен “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-тан алған 118 млн.теңге несиені мақсатсыз пайдаланған. Құқық қорғаушылар артына шам алып түскенін білген соң кооператив директоры із жасырып үлгеріпті. Қазір оған іздеу жарияланған. Сол сияқты Жамбыл облысында да жергілікті әкімдікті айналып өткен кәсіпкер аты да, заты да жоқ мүлікті кепілзат ретінде ұсыну арқылы тауарлы сүт фермасын ұйымдастыру мақсатында кәсіпкерлікті дамыту қорынан 32 млн.теңгеден астам мемлекеттік несие алған. Болар іс болып, бояуы сіңген соң ғана жеке кәсіпкердің қылмысы әшкереленген. Ақшалай қаражаттың мақсатсыз жұмсалғандығын тергеу ашып берді. Ал Алматы облысында “Кокан” ЖШС-нің директоры балық өнімдерін өсіру және өңдеу мақсатында 10 млн.теңге көлемінде жеңілдетілген қарыз алып, оны мүлде басқа мақсатқа пайдаланған.
Қаржы полициясы органдарының жедел-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, аталмыш санаттағы қылмыстардың басым бөлігін мемлекеттік несиелер мен субсидияларды жалған құжаттар тапсыру арқылы заңсыз алу фактілері құрайтындығы да дәлелденіп отыр. Мұндай қылмыстарды жасаудың кең тараған әдісі кепілзат ретінде шын мәнінде жоқ мүлік құжаттарын тапсыру болып табылады, дейді Қаржы полициясының ресми өкілі М.Жұманбай. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында “Турайа” ЖШС директоры өзге кәсіпорындармен бірлескен қызмет атқару туралы жалған келісім-шарттарды ұсынып, көктемгі және жинау жұмыстарын өткізу үшін Азық-түлік корпорациясынан 17,5 млн. теңгеден астам жеңілдікпен қарыз алған. Ал Батыс Қазақстан облысында шаруа қожалығының басшысы Козлов жалған құжаттар арқылы Азық-түлік корпорациясынан көктемгі дала жұмыстарын өткізу мақсатында 6,4 млн.теңге көлемінде несие алады. Алайда оның егу жұмыстарын жүргізетін жер телімінің өзі болмаған. Сол сияқты Солтүстік Қазақстан облысында “Жагипаров и К” ЖШС директоры жалған құжаттар тапсыру арқылы Азық-түлік корпорациясынан көктемгі егу және күзгі жиын-терін өткізуге 9,5 млн. теңге несие алған.
Қаржы полициясы келтірген мұндай қылмыстардың саны өте көп. Оның ішінде кепілзат ретінде мүлде жоқ мүліктің саны мен сапасы туралы жалған ақпарат беру несиені заңсыз алудың кең тараған тағы бір жолы болып табылады. Осы санаттағы қылмыстар екінші деңгейлі банктерге де айтарлықтай зиян келтірген.
Александр ТАСБОЛАТОВ.