Сейсенбі, 26 ақпан 2013 7:51
Біздің елімізде әлемдік қауіпсіздік үшін маңызы жоғары тағы бір оқиға өткелі отыр. 26 ақпанда Алматы қаласында Иранның ядролық бағдарламасына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 5 тұрақты мүшесі (АҚШ, Қытай, Ресей, Англия және Франция), сондай-ақ Германия мен Еуроодақ өкілдері Иран Ислам Республикасының өкілімен арадағы келіссөздердің кезекті раундын өткізеді. Осы айтулы оқиғаға орай біз Мәжілістің Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Абай ТАСБОЛАТОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
Сейсенбі, 26 ақпан 2013 7:51
Біздің елімізде әлемдік қауіпсіздік үшін маңызы жоғары тағы бір оқиға өткелі отыр. 26 ақпанда Алматы қаласында Иранның ядролық бағдарламасына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 5 тұрақты мүшесі (АҚШ, Қытай, Ресей, Англия және Франция), сондай-ақ Германия мен Еуроодақ өкілдері Иран Ислам Республикасының өкілімен арадағы келіссөздердің кезекті раундын өткізеді. Осы айтулы оқиғаға орай біз Мәжілістің Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Абай ТАСБОЛАТОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Абай Бөлекбайұлы, Иранның ядролық бағдарламасына байланысты келіссөздердің біздің елімізде өту себебі неде?
– Бүгінгі күні Қазақстанның ядролық қаруға және оны таратпауға қарсы жүргізіп отырған саясатын бүкіл әлем мойындауда. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семейдегі ядролық сынақ полигоны жабылды. Бұл күн қазір БҰҰ бойынша біздің Президенттің ұсынысымен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып белгіленді. Ең бастысы – біз қолымызда бар атом қаруының дүние жүзіндегі төртінші орын алатын арсеналынан өз еркімізбен бас тарттық. Одан әрі Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қол қойып, дүние жүзіне бейбітшілік сүйгіш ел ретінде танылдық. Соның арқасында елімізге миллиардтаған доллар шетелдік инвестиция тартып, экономикамыздың жандануына және жаңа бағыттарды ашуға мүмкіншілік тудырдық. Бүгінгі күні Қазақстан ІЖӨ-сінің жан басына шаққандағы көлемі шығысеуропалық елдермен тең, тіпті кейбірінен артық. Осы жетістікке біз Елбасымыздың бейбіт және болжалды сыртқы саясатының арқасында қол жеткіздік.
Ядролық сынақтардың адамзатқа келтіретін зияны жөнінде бізде қаншама халықаралық конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жарияладық және бұл бастамаға барлық көршілерімізді қосып алдық.
2010 жылы АҚШ-та 47 мемлекеттің басшылары қатысқан Ядролық қауіпсіздік бойынша жаһандық саммит болды. Сонда біздің Президентіміздің осы саладағы еңбегін АҚШ Президенті Барак Обама жоғары бағалап, қатысушылар арасынан Елбасымызға ерекше құрмет көрсетті. Сөйлеуге тиісті алты мемлекет басшысының бірі болып сөз алған Нұрсұлтан Әбішұлы ядролық қаруды әлем елдерінен жаппай аластату қажеттігін атап көрсетті. 2012 жылғы Сеулде болған ІІ жаһандық саммитте Барак Обама Нұрсұлтан Назарбаевты ядролық қаруды таратпау жөніндегі күрестің көшбасшысы деп танитынын мәлімдеді. Біздің Отанымыздың осы саладағы зор еңбегін БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун де жоғары бағалайтынын жария еткен. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ядросыз әлем құру туралы бүкіләлемдік декларацияға қол қою туралы бастама да көтеріп отыр. Міне, сондықтан да әлемдік атом қаруына қарсы күрестің үлгісі болып табылған біздің елімізде Иранның ядролық бағдарламасын талқылау туралы келіссөздердің жалғасуын заңды құбылыс деп санаймын.
– Қазір ядролық қару әлемнің біраз елінде бар. Ал Иран ядролық отынды қару жасауға емес, тек бейбіт мақсатта пайдаланамыз дегенді айтудан танбай келеді. Бірақ, сонда да, әлемдік қоғамдастықтың осы елдің ядролық бағдарламасына қатты шұқшию себебі неде деп ойлайсыз?
– Ядролық отынды бейбіт мақсатқа қолдануға барлық елдердің құқы бар. Бірақ ол барынша ашық, МАГАТЭ-нің бақылауымен жүргізілсе, ешкім де бұл елге қатты шұқшимас еді. Ал Иран өзінің бағдарламасында ядролық қуатты бейбіт тірлікке ғана емес, әскери мақсатта қолдануы мүмкін деген күдік үлкен. Өйткені, бағдарламаның барлық қырлары ашық емес. Бұл Парсы шығанағы елдерін ғана емес, олардың жақын одақтастарын да қатты мазалап отыр. Тіпті, бұл мәселе бүкіл әлемді алаңдатып отыр десек те артық емес. Өйткені, Иран ядролық бағдарламасының болжалсыздығы Солтүстік Кореяның осы бағыттағы бағдарламасымен ұштасатынын көптеген елдердің арнаулы қызметтері мәлімдеп үлгерген. Ал Иран өзі қол қойған Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнің талаптарын толық орындайтынын жариялауда. Ол көршісі Израильді бұл келісімге кірмегендіктен және ядролық қаруы болғандықтан қаупі зор, алдымен соны бейбіт жолға қойыңдар деген талабын айтады. Былтыр Индонезияда болған демократиялық форумда Иран президенті Махмұд Ахмадинежад өз елінің атом бомбасын жасауға ұмтылмайтынын жариялады. Ол әлемдік проблемалар қазір ядролық қарудың көмегімен шешілмейтіндігін ашық айтты. Біздің халқымыз жеті мың жыл бойы атом бомбасынсыз-ақ өмір сүрді, әлі де онсыз өмір сүре алады деген сөздері есте қалды. Сонымен бірге, Еуропа мен АҚШ атом бомбалары болса да әлемдік экономикалық дағдарыс пен саяси теке-тірестен арыла алмай отырғанын көлденең тартты. Соған қарағанда, Иранның ядролық қаруды қайтсе де иеленгісі келетін мақсаты жоқ сияқты. Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдердің кейбірі және Еуроодақ елдерінің біразы Иранның ядролық қуатты тек бейбіт мақсатқа ғана пайдаланғысы келетініне сенбейді. Сондықтан да олар Иранға қарсы экономикалық санкцияны күшейте түсуде. Австралия мен Оңтүстік Корея да санкцияны қатайтып отыр.
Осының бәрі Иран экономикасына қатты соққы болып тиіп отырғаны шындық. Осыдан дәл бір жыл бұрын Иран МАГАТЭ-нің сарапшыларын өзінің ядролық нысандарын тексеруге жіберуге келіскен еді, бірақ Теһран үш күннен кейін-ақ олардың қатаң талабын орындаудан бас тартып, елінен шығарып жіберді. Осы кезде Иран төңірегіндегі дағдарыс қатты шиеленісті. Израильдің ұсынысымен Иранды бомбалау қажеттігі туралы әңгімелер де қозғалды. Иранды қолдаған аз елдердің қатарынан Пәкстан да табылып, ол соғыс болған жағдайда Иранды жан-жақты қолдайтынын жариялады. Ал Пәкстан ядролық қаруы бар елдердің бірі. Сондықтан әлем ядролық соққылардың қарсаңына келіп қалғандай алаңдаушылық туған еді. Әйтеуір, біршама уақыттан кейін дағдарыс саябырлап, наурыз айында Оңтүстік Кореяда Ядролық қауіпсіздік бойынша ІІ жаһандық саммит өтті. Онда да Иранның ядролық бағдарламасы біршама талқыға түсті.
Қысқасы, Алматыда болатын келіссөздердің маңызы орасан зор, ол әлемдегі бейбітшілікті сақтауға әсер етеді. Сондықтан да, бейбітшілік сүйгіш ел ретінде біздің мемлекетіміз оны өзінде өткізуге зор құлшыныс білдірді.
– Иран Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қол қойған болса, ядролық қаруды жасағанымен, оны сынақтан өткізе алмайды емес пе? Егер сынақ жасайтын болса, келісімнің талабын бұзған болып шықпай ма?
– Әлбетте. Бірақ Иранның ядролық бағдарламасына күдік келтіретіндер Теһран сынақты соңғы жылдардағы одақтасы болып табылатын Солтүстік Кореяда жасауы мүмкін дегенді алға тартады. Кейбіреулер ядролық жарылыстарды да бейбіт мақсатқа пайдалануға болады дейді. Бұл – теріс ұғым. Ядролық жарылыстарды ешқашан да бейбіт мақсатқа пайдалануға болмайды. Кезінде КСРО-да «Бейбіт атом» деген бағдарлама қабылданып, жүздеген ядролық жарылыстар жасалған. Соның бірі ретінде Шаған көлін айтуға болады. Жарылыстың салдарынан пайда болған бұл көлді басында керемет мөлдір сулы, таза айдын болды деп газеттер мақтаған да еді. Бірақ артынан, құпиясы ашылған құжаттарға қарағанда, осы көл маңындағы 11 елді мекеннің 2 мыңнан артық тұрғындарын радиациямен уландырған екен. Бұл көлді жасағандағы мақсат – маңындағы ел жаз бойы мөлдір суға малдарын суарып, өздері дем алып қарық болсын деген ғой. Алайда, көктемде толғанымен, көл жаз ортасында құрғап, тек радиоактивті заттар ғана қалған. Ол маңындағы елге тарап, халықты да, малды да уландырған.
Міне, сондықтан ядролық жарылыстардың қандайы болса да халыққа зиян. Қасиетті қара жер де ядролық сынақтардан әбден тозды. Менің қолымда 1945 жылдан 1996 жылғы Ядролық сынақтар жасауға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қол қойылғанға дейін барлығы қанша жарылыс жасалғандығы туралы мәлімет бар. Атап өтер болсам, АҚШ – 1032, КСРО – 715, Ұлыбритания – 45, Франция – 210, Қытай – 45, яғни барлығы 2 мыңнан артық ядролық сынақтар жасалған екен. Бұлардың Жер-Анаға тигізген зардабын сөзбен айтып жеткізу қиын. ЯСЖТШ-ға қол қоймаған елдер 1996 жылдан кейін де сынақтар өткізіп келеді. Соның ішінде Үндістан 1998 жылы – 2, сол жылы Пәкстан да – 2, КХДР 2006 және 2009 жылдары және жақында үшінші мәрте ядролық жарылыстар жасады. Міне, бұлар әлемдік қауіпсіздікке үлкен қатер болып отыр. Сондықтан әлем жұртшылығы тағы бір ядролық қаруы бар елдің пайда болуына алаңдаушылық білдіруде.
– Дегенмен, Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің келесі раунды үшін нақ Алматы қаласының таңдап алыну себебі неде?
– Алматы – біздің еліміздің ең үлкен мегаполисі. Барлық инфрақұрылымдары замана талаптарына сай әлемге белгілі шаһар. Сондықтан да келіссөздерге қатысушы барлық тараптар оның Алматыда өтуіне консенсустық тәртіппен бірауыздан келісті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде еліміздің бұрынғы астанасы болған бұл қалада Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа 1991 жылдың 29 тамызында қол қойған еді. Осы мәселе де келіссөздерді өткізу қаласын таңдағанда белгілі дәрежеде әсер етті ғой деп ойлаймын.
– Келіссөздерге Қазақстан тарабы қатыса ма?
– Жоқ, Қазақстан келіссөздерге қатыспайды. Біздің ел тек қарсы алушы жақ ретінде келіссөздер барысында барлық ыңғайлы жағдайларды ұйымдастырады. Алматыдағы бес жұлдызды «Интерконтиненталь» қонақ үйінің мәслихат залында өтетін бұл жиынды ақпараттық жағынан қамтамасыз ету үшін 150-ден артық қазақстандық және шетелдік БАҚ тіркелген. Қазірдің өзінде әлемдік БАҚ-тар бұл оқиға туралы көлдей-көлдей ақпараттар таратып, дүниежүзінің назарын аударуда. Келіссөздер барысында оған қатысушы елдердің өкілдері БАҚ үшін баспасөз мәслихаттарын өткізіп тұратындығы да айтылуда. Сондықтан бүкіл әлем келіссөздердің барысы туралы толық ақпарат алып отыратын болады.
Еуроодақ өкілі, осы ұйымның сыртқы саясат жөніндегі Жоғарғы комиссары Кэтрин Эштон ханым Қазақстан тарапына келіссөздердің келесі раундын өзінде өткізу туралы ұсыныс жасағаны үшін алғысын білдірді. Келіссөздер белгілі дәрежеде дұрыс нәтижеге қол жеткізер деген үміттеміз.
– Әңгімеңізге рахмет. Еліміздің абырой-беделі арта берсін.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».