• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Тамыз, 2019

Жетінші чемпионның жетістігі

345 рет
көрсетілді

Жуырда ғана Болгарияның бас шаһары – Софияда күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Грек-рим күресінен сынға түскен 45 кило салмақтағы балуанымыз Саматбек Ізімғали жаһандық додада қарсылас шақ келтірмей, кадеттер арасында әлем чемпионы атанды. Сүйінші хабарды газетіміздің өткен санында (№150, 7 тамыз 2019 жыл) жариялаған болатынбыз. Спортшымыз финалда Өзбекстан елінен келген Асадбек Бахрамовты таза әдіспен жеңіп, алтын медаль олжалады. Болгария төрінде әнұранымызды шырқатып, көк туымызды көкке көтерді. Саматбек Ізімғали бүгінде Алматыдағы «Шаңырақ» шағын ауданындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде білім алып жатыр.

Балуанды атаулы жеңісімен құттықтап, аз-кем тілдесейік деген ниетіміз ә дегеннен-ақ оңайға соқпады. Сөйтсек, кейіпкеріміз мүлде смартфон қолданбайды екен. Әйтеуір, әрең дегенде бапкерінің телефонын тауып, ұстаз бен шәкірттен қатар сұхбат алдық. С.Ізімғалиді қазіргі таңда Жарқын Тұрсынов жаттықтырып жүр.

Бапкер байламы: жеңімпазды ә дегеннен таныдым

– Саматбек сіздің қоластыңызға қалай тап болды? Қанша уақыттан бері баптап келесіз?

– Алғаш рет оны алғашқы бапкері Айбек Пұсырмановпен жарысқа кетіп бара жатқанда по­йызда кездестіріп қалдым. Ол кезде Саматбек 5 сыныпта оқиды екен. Пойызда болашақ чемпионға бірден көзім түсіп, оны спорт мектебіне шақырдым. Алғашқы бапкері Айбекпен келісіп, екі жылдан кейін маған Алматыға әкелетін болды. Саматбекпен бірлесіп еңбек етіп жатқанымызға биыл төрт жыл толып отыр. Оның күресін, қарым-қабілетін көрмей жатып-ақ шәкірт болғанын қаладым. Ол өзінің елгезектігімен балалардың ішінде ерекше көзге түсті. Сонысымен маған қатты ұнады. Сол жылы (2015 жыл – ред) ол Аягөздегі жарыс­та екінші орын алып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Міне, содан бері түрлі жарыстарда топ жарып жүрміз.

– Әлем чемпионатына іріктеу қалай болды? Бапкерлер неге Саматбекті Болгарияға апарамыз деп шешті?

– Биылғы ел біріншілігінде шәкіртім жартылай финалда семейлік балуан Оңдасын Хамитовқа есе жіберіп, үшінші орын алған болатын. Кейіннен Түркиядағы халықаралық додада бақ сынадық. Сол жарыста ішкі біріншілікте Саматбектің алдын орап кеткен балуанды жеңіп, ұлттық құрама бапкерлерінің көзіне түскен болуы керек. Содан бапкерлер оны Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін өткен бәсекеде тексеріп көргіміз келеді деді. Ол жарыста да шәкіртім барлық қарсыласының жауырын жер иіскетіп, әлем чемпионатына баруға лайықты балуан екенін дәлелдей түсті. Бірақ жаттықтырушылар Нұр-Сұлтан қаласында өткен кадеттер арасындағы сарықұрлық біріншілігінде тағы бір мәрте сынақтан өткізуді жөн көрді. Бапкерлер осы соңғы іріктеу, Азия чемпионатында кім топ жарады, сол әлем біріншілігіне барады деп кесіп айтты. Әйтеуір, бағымыз бен бабымыз қатар шауып, ол жарыста да жеңімпаз атандық. Содан кейін Саматбектің әлем чемпионатына баратыны толық шешілді. Осылайша, шәкіртім бапкерлер мен ел сенімін ақтап, әлем чемпионы болып келген жайы бар.

– Саматбекті төрт жылдан бері баптап жүрмін дедіңіз ғой. Әлем чемпионатына аттанар алдында ішкі түйсігіңіз қалай болды? Чемпион боларына іштей сендіңіз бе?

– Біз жыл басынан бері әлем чемпионатына барамыз деп дайындықты екі есе күшейттік. Әрине, кез келген бапкер шәкіртін жарысқа чемпион болады деп апарады ғой. Менде де дәл сондай ой болды. Жарысқа баратынымыз белгілі болған соң, қарсыластарымызға алдын ала дайындалдық. Олардың шама-шарқын байқап, солардың әдісіне сай дайындалдық. Әлем чемпионатына тек бір ғана мақсатпен бардық. Ол – чемпион атану. Аллаға шүкір, мақсатымыз толықтай орындалды.

Бүгінге дейін кадеттер арасында Қазақстаннан алты әлем чемпионы шыққан екен. Саматбек жетінші болып тарих бетіне өз есімін қалдырды. Бұл алтын медальды қазақ жұрты бес жыл күтті. Өйткені соңғы чемпион Ернар Фидахметов 2014 жылы Словакияда өткен біріншілікте топ жарған болатын. Міне, араға бес жыл салып Саматбек Ізімғали Көк туымызды көкте желбіретті.

– Шәкіртіңізді сипаттап айтып беріңізші, ол басқа шәкірттеріңізден несімен ерекшеленеді?

– Оның бір ерекшелігі, күш-қуаты өзінен сал­мағы ауыр балуандармен бірдей. Мұны басқа шә­кірттерімнен сезбесем де, Саматбектің физика­лық күші өз салмағындағы балалардан артық екені бай­қалып тұрады. Сондай-ақ оның маған шыншылдығы қатты ұнайды. Сізге тағы бір құпияны ашайын. Ол гаджеттерді мүлдем қолданбайды. Негізі, телефон ұстауға болмайды деген түбегейлі тыйым жоқ. Бірақ Саматбек өзі қолай көрмейді.

 Балуан ұстанымы: жеңіс құрбандықты қажет етеді

– Саматбек, өзіңді оқырмандарға таныстырып өтші? Қай жерде туып-өстің, күреске деген қызығушылық қалай басталды?

– Ақтөбе қаласында дүниеге келдім. 2 сыныпқа көшкенімде ағам күрес секциясына ертіп апарған. Сол кезде осы спортқа деген қызығушылығым оянды. Содан бері грек-рим күресімен белсенді айналысамын. Отбасымызда үш ұлмыз. Мен үйдің ортаншысымын. Бауырларым да, ата-анам да менің спортпен алаңсыз айналысуыма мүмкіндік жасап келеді. Жетістікке жетуімнің бір құпиясы да сол шығар.

– Қазір өзің қатарлы балалардың барлығы дер­лік соңғы үлгідегі ұялы телефон ұстайды. Ал се­нің смартфонға қызығушылығың былай тұр­сын, мүлде пайдаланбайды екенсің. Бұған не себеп?

– Әрине, қатарластарым секілді телефон ұстағым-ақ келеді. Бірақ жетістікке жету үшін адам бірнәрсені құрбан ету керек. Сондықтан қазірше смартфонды ысырып қойып, тек жаттығуға көңіл бөлгенді жөн санадым. Қазір смартфонға бес минут үңілем дейсің де, бес сағат уақытыңның қалай өтіп кеткенін байқамай қаласың. Жалпы гаджеттік құрылғылар адамның қас жауы ғой. Сондықтан өзімді смартфоннан алыс ұстап, уақытымды пайдалы іске жұмсағым келеді.

– Әлем біріншілігінің алдында ішкі түйсігің жайлы айтсаң және чемпион болатыныңа қанша­лықты сенімді болдың?

– Басында мен үшін әлем чемпионатына қатысудың өзі үлкен жетістік болды. Өйткені, қазіргі таңда елімізде күрес спорты қарқынды түрде дамып келеді. Соған сай ішкі біріншілікте де бәсекелестік өте жоғары. Осындай қиын жолдан сүрінбей өткен соң, әлем чемпионатына барып тұрып елге алтынсыз қайтқаным ұят болатын еді. Оның үстіне қазақ балуандары соңғы бес біріншіліктен бері тұғырдың ең биік сатысынан көріне алмай жүр. Бар арман, мақсатым сол олқылықтың орнын толтыру болатын. Міне, бағым жанып әлем чемпионы атандым.

– Финалға дейін төрт белдесу өткіздің ғой. Қай қарсыласың саған қиындық туғызды?

– Ешбір қарсыласымды бөле-жарғым келмейді. Барлығы да сен тұр, мен атайын деген білекті балуандар. Әлем біріншілігіне осал балуан қатыспайтыны белгілі ғой. Чемпионатқа әр елдің сайдың тасындай іріктелген ең мықты балуандар келеді. Дегенмен жартылай финалда әзербайжандық балуан Фарид Садихлимен біраз айқасып, тер төгуге тура келді. Өйткені ол Еуропаның екі дүркін чемпионы атанған мықты балуан болатын.

– Финалдағы күресіңді көріп, қарсыласыңа қылқындыру әдісін қолданған соң бозкілем үстінде өзіңді еркін сезініп, тіпті жүзіңнен қуаныш сезімін байқағандай болдық.

– Әрине, қылқындыру әдісіне түскен балуан­дардың тек екіден біреуі ғана шығып кетуі мүмкін. Ал жалпы тоқсан пайыз балуан бұл әдістен оңай шы­ғып кете алмайды. Өзбек балуанын кілемге құла­тып алған соң, ол маған қолымды ыңғайлы ұстап алуға мүмкіндік беріп қойды. Алғашқы 10 секундтан кейін ол бұл әдістен шыға алмайтынына толық сенімді болдым. Тек қана төрешінің белдесуді тоқтатуын күттім.

– Бұл әдіске жаттығу кезінде арнайы дайындалып па едің?

– Иә, жаттығу барысында әртүрлі әдістерді істеп, дайындалатынбыз. Жаттығуда істемегеніңді кілем үстінде көрсете алмайсың. Жеңіс жаттығудың, еңбектің арқасында келеді.

– Енді алда сені қандай жарыстар күтіп тұр?

– Биыл мен үшін жарыстар аяқталды десем де болады. Енді аз уақыт демалыс алып, қайта жаттығуға кірісемін. Келесі жылдан бастап жастар сапына ауысамын және салмағымды да өзгертсем деймін. Енді өзімнің шама-шарқымды 55 кило салмақта сынап көрмекпін.

Әңгімелескен

Әли БИТӨРЕ