• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Тамыз, 2019

Интерактивті ерекше 3D-карта іске қосылды

520 рет
көрсетілді

Орал қаласындағы темір жол вокзалында интерактивті ерекше 3D-карта іске қосылды. Еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған бұл жоба Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «TorusMaps.kz» компаниясының ортақ өнімі.

 

«TorusMaps.kz» компаниясының техникалық директоры Дәурен Ғабдуллаевтың айтуынша, бұл осындай әлеуметтік форматта жүзеге асырылған еліміздегі тұңғыш жоба екен. Әзірге осындай екі карта әзірленген. Оның екіншісі көпшілік жиналатын Халыққа қызмет көрсету орталығында немесе Сити-сентер ойын-сауық сауда кешенінде қойылуы мүмкін.

«TorusMaps.kz» компаниясының интерактивті 3D-картасы – Батыс Қазақстан облысы картасындағы тарихи орындар мен туристік нысандар туралы толыққанды ақпарат – тарихи мәліметтер, суреттер, бейнебаяндар беріп, виртуальды турлар көрсететін әмбебап сенсорлық терминал. Жоба авторлары карта бағдарламасы Самсунг компаниясы құрастырған күлтелі технология бойынша жасалғанын айтады. 3D-картаны пайдаланушы бұл жерден аудио, бейне, графикалық, мультимедиалық және виртуальды ақпарат ала алады.

Карта-терминалдың құны 1 миллион 800 мың теңге екен. Ұйымдастырушылар карта бағдарламасы үнемі толықтырылып отырылатынын айтады. Карта тұрғындар мен қала қонақтарына Ақ Жайық өңірінің туристік әлеуетін таныстырып, киелі жерлерді насихаттайды. Өз кезегінде бұл өлкетану саласын дамытып, жасөспірімдердің бойында патриоттық сезімді де күшейтеді.

– 2018 жылы өңірдің киелі жерлері бойынша туристік бағыт жасақталды. Оған облыс аумағындағы 7 нысан енгізілді. Батыс Қазақстан облысында қазірдің өзінде жалпыұлттық және өңірлік деңгейдегі 100-ге жуық киелі нысан анықталған. Сондықтан біз картамызды одан әрі толықтыра береміз, - дейді Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бас маманы Әсел Әжмұханбетова.

Мәліметтерге қарағанда, күні бүгін туристердің өңірге келуі 18 пайызға артқан. Сондықтан туристерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде нақты ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында аталмыш электронды панельдің маңызы зор. 3D-картада облыстың киелі жерлері мен туристерге қажетті ақпарат, мәселен, мейрамханалар мен қонақүйлер туралы мәлімет толық қамтылған.

 

Батыс Қазақстан