Сәрсенбі, 27 ақпан 2013 7:53
Қай кезде де бейбітшіліксүйгіш саясатымен танылып келген Қазақстан кезекті рет жаһандық маңызы бар мәселені мәмілеге келтіруге мұрындық болуда. Бірден айта кету керек, Иранның ядролық бағдарламасын талқылауға Қазақстан кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Бір жағынан ядролық қарудан бас тартуда көрсеткен үлгісі мен үрдісі бар, келесі жағынан арандатудан ада бейтарап бағыт ұстап отырған Қазақстанда басқосу қай тарапқа болмасын тиімді екендігі басы ашық жайт.
Сәрсенбі, 27 ақпан 2013 7:53
Қай кезде де бейбітшіліксүйгіш саясатымен танылып келген Қазақстан кезекті рет жаһандық маңызы бар мәселені мәмілеге келтіруге мұрындық болуда. Бірден айта кету керек, Иранның ядролық бағдарламасын талқылауға Қазақстан кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Бір жағынан ядролық қарудан бас тартуда көрсеткен үлгісі мен үрдісі бар, келесі жағынан арандатудан ада бейтарап бағыт ұстап отырған Қазақстанда басқосу қай тарапқа болмасын тиімді екендігі басы ашық жайт.
Осылайша, Алматы Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің кезекті кезеңі өткізіліп жатқан ымыра алаңына айналды. Уран байытуды тек бейбіт тірлікке қызмет еткізуге делдал болып жүрген алты мемлекеттің аузы дуалы делегациясы белгілі бір мақсатқа қол жеткізе ала ма? Кеше күннің жартысы ауғанда да бұл мәселенің басы ашық қала берді. Дегенмен, адамзаттың мұнан кейінгі ахуалын анықтауда орасан зор мәні бар осынау келіссөздер барысына күллі әлем құлағын түруде.
Алдын ала мәлім болғанындай, бұл күндері келіссөздер барысын күллі әлемге тарату үшін Қазақстанда тіркелген 100-ге тарта журналиске қоса әлемнің 200-ге тарта жетекші БАҚ өкілдері Алматыда тұрақтап тұр.
Е3/EU+3 тұрпатындағы Иран келіссөздерін жүргізуге Еуропалық Одақ атынан ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон қатысуда. Ал Иран тарапының сөзін Иран Ұлттық қауіпсіздігі жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалили айту үстінде.
Араағайындықта жүрген елдердің делегацияларының басында Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің саяси мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Саймон Гасс, Германия Сыртқы істер министрлігінің саяси мәселелер жөніндегі директоры Ханс-Дитер Лукас, Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрінің көмекшісі Ма Чжаосюй, Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков, АҚШ Мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Уэнди Шерман, Францияның Өкілетті кеңесшісі және Франция Сыртқы істер министрлігінің саяси және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бас директоры Жак Одибер бар.
Сонымен, Қазақстандағы жоспарлы келіссөздердің түске дейінгі кезеңінің жай-жапсарын былай суреттеуге болады. Әрине, шетелден арнайы келген 200-ге тарта журналист, Қазақстанның өзінен тіркелген 100 шақты БАҚ өкілдері құлағын қанша түріп отырса да, кездесулер жабық есік жағдайында жүріп жатты. Нақты дерек көздері «алтылықпен» өз мүддесін талқылауға келген Иран тарабы бастапқыда қол алысуға икем білдіргендей болғанымен, әр қадамы аңдулы делегация қол алысу рәсіміне рай білдіре қоймаған. Сондықтан әңгіме райы қалай болатындығын кесіп-пішу де қиын еді.
Сол сияқты Иран ядролық бағдарламасының келешегіне қатысты сөз айтуға келгенде, бұл күнде ең көреген саясаткердің өзі қандай да бір сәуегейлік айта алмайды. Айналасына бір шоқып, екі рет қарайтын делегация мүшелерінің қай тарабы болса да әр сөзіне абай.
Сондықтан, Қазақстан жерінде қандай да бір кесімді сөз, шешімді пікір айтылғанша әңгіме басына орала тұруға тура келеді. Иран ядролық бағдарламасының тарихы қай тұстан басталмақ?
Қысқасы, Қазақстандағы бұл басқосу аталмыш тақырыптағы келіссөздердің басы емес. Бұған дейін де 2012 жылы Теһран мен құрамына Ресей, АҚШ, Қытай, Франция, Ұлыбритания, Германия кіретін «алтылық» Ыстамбұлда (14 сәуір), Бағдатта (23-24 мамыр) және Мәскеуде (18-19 маусым) келіссөздердің үш кезеңін өткізген-ді. Бұл кездесулердің ешқайсысы да жөндем нәтиже көрсеткен жоқ. Осыдан кейін «алтылық» пен Иранның келіссөздері жылдан астам уақыт бойы саябыр тауып қалғандай-тын.
АҚШ пен Батыс елдері және Израиль Иран уранды бейбіт мақсатта өндіруді желеу етіп, ядролық қару жасауға ұмтылып жатыр десе, Теһран өзінің ядролық бағдарламасы елдің электр қуатына тапшылығын қанағаттандыру үшін бағытталған деп мәлімдеуде.
Иран атом бағдарламасы айналасындағы жағдай алай-бұлай болып тұрған кезде 90-жылдардың басында ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан мен өзге де елдер адамзат қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін ядролық бағдарламаларды жүзеге асыруға қарсы шыққан-ды. Дегенмен, бұл бастама бір бөлек, Иран ядролық бағдарламасына қатысты қордаланған әңгіме бір бөлек өмір сүріп жатқанын бүкіл дүние біліп отыр. Он жылға жуықтаған даудың нүктесі қойылмауына мүдделілік танытып отырған мемлекеттер де бар екені жасырын емес.
Оған қоса, осы мақсатта 1996 жылдың 24 қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясында қандай да бір ядролық сынақтарды жүргізуге қарсы бағытталған келісімге қол қойылғанын көзі ашық адамдар біледі. Соның ілкімді бір нәтижесі – 2009 жылдың желтоқсан айында Қазақстан бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.
Алайда, ядролық сынақтарға қарсы күрес әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ.
Ал Иранның ядролық бағдарламасы 1957 жылдан бастау алады. Осылайша, бұл ел келер жылы-ақ МАГАТЭ мүшелігіне өтіп, 60-жылдардың басынан бастап дамыған елдердің қатарында ұлттық бейбіт атом бағдарламасын, яғни жабық ядролық отын циклын құру мен 23 ядролық реактордың құрылысын жүзеге асыруды бастайды. Дегенмен, Ислам төңкерісі Иран ядролық бағдарламасын тоқырауға ұшыратқан еді.
Иран өз ядролық бағдарламасын қайта жаңғыртуға тек 1989 жылы қол жеткізеді. Негізгі құрылыс іргетасы 1970 жылы қаланған Бушердегі АЭС болатын. Алайда, 1980-жылдардың аяғына қарай жік шығып, халықаралық қауымдастық Иран ядролық қару-жарақты таратпау жөніндегі шартты бұзуда деп айыптай бастағаны аян.
Қысқасы, Иран ядролық қару жасауға әрекет етуде деген мәлімдемелер желдей есті.
Иранның ядролық бағдарламасы (ИЯБ) айналасындағы әңгіме 2002 жылға қарай тым ушығып кетті деуге болады. Иранның сонау 1974 жылы МАГАТЭ-мен ядролық қауіпсіздік туралы шартқа қатысты оны орындамаушылық орын алғаны анықталғандай болған еді. Бұған жауап ретінде Теһран жоғарыдағыдай нысандардың бар екенін алға тартып, МАГАТЭ инспекторларын шақырады. Осылайша МАГАТЭ басшысы 2003 жылы ирандық нысандарды аралап шығып, ядролық технологиялардың жоғары деңгейде екендігін атай отырып, өз баяндамасында 18 жыл бойы Иран бұл агенттіктен өздерінің ядролық бағдарламаларының бірқатар аспектілерін жасырып келгенін келтіреді.
Нәтижесінде Иран осы жылы Ядролық қару-жарақты таратпау туралы қосымша хаттамаға қол қойып, уранды байытуға ерікті түрде мораторий жариялаған еді. 2004 жылы «еуропалық үштік» (Франция, Германия, Ұлыбритания) бірінші рет Иранмен келіссөз жүргізіп, Ираннан тек қана бейбіт мақсатта ядролық зерттеулер жүргізуге кепілдікті беруін талап ететін арнайы келісімге қол қойғызады. Мәселе мұнымен мәреге жете қоймағаны тағы белгілі. МАГАТЭ Иран өзінің міндеттемесін толық орындамай отыр деген айыптауларын жалғастыра берді. Осыған байланысты 2006 жылы бұл агенттік өзінің кезектен тыс отырысында Иран ісі бойынша қарар дайындап, бұл мәселені БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне шығаруға ұсыныс жасады. Иран да қарап қалмай, егер агенттік өз мәліметтерін Қауіпсіздік Кеңесіне беретін болса, МАГАТЭ-мен әріптестіктен ғана емес, бұл дауды дипломатиялық жолмен шешу әрекетінен де бас тартатынын мәлім еткен еді. Осыған қарамастан, МАГАТЭ Иранға қатысты ядролық мағлұматтарды БҰҰ-ға беріп тынды.
Өз кезегінде Иран да қарап қалмай, Қосымша хаттама талаптарын орындауды тоқтатып, 2006 жылы уранды байыту ісін қайта жалғастырды. Келер жылы уранды өндірістік тұрғыда байытуға көшсе, 2010 жылы 20 пайызға дейін байытуға қол жеткізіп үлгерді. Ал 2011 жылы ядролық отын өндірісі циклын толық жолға қойды.
Соңғы жылдары ИЯБ аясындағы жағдай Теһранның МАГАТЭ инспекторларын осы елдегі нысандардың біріне жіберуден бас тартқаннан кейін-ақ тым ушығып кетті. Агенттік ол нысанда ядролық қару жасауға қажетті сынақтар жүргізуге арналған құрал-жабдықтар бар деген ұйғарымға келген еді. Қысқасы, соңғы жылдардағы МАГАТЭ-нің баяндамалары былай қорытынды жасайды. Иран МАГАТЭ Басқарушы кеңесі мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына қайшы келетін уран байытуға қатысты қызметін тоқтатқан жоқ, ядролық қару-жарақ жасап жатуы да ғажап емес. МАГАТЭ мәлім етіп отырғандай, «Агенттіктің беймәлім ядролық материалдардың жоқтығын растайтын және сенімді түрде ядролық қауіпсіздікке кепілдік беретін, нәтижесінде Иран ядролық материалдарды тек бейбіт мақсатта қолданып отыр деген қорытынды жасауына мүмкіндігі жоқ».
Осы себепті 2006-2011 жылдар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иран бойынша қатарынан алты рет тиісті қарарлар қабылдады. Осы қарарлар арқылы БҰҰ Иранға қатысты санкциялық шаралар қабылдап, Теһранға тез арада МАГАТЭ-мен толық ынтымақтастыққа баруға қадамдар жасауды міндеттеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кепілдемелерді ешқандай уәжсіз орындап, Қосымша хаттама ережелеріне сәйкес әрекет етуге шақырды.
Осы уақытқа дейін МАГАТЭ-нің Басқарушы кеңесі өз кезегінде Иранға қатысты 12 бірдей қарар қабылдады. Мұның бәрі қандай да бір ядролық қарудың жоқтығын растау үшін Иранды ашық әріптестікке шақырып, бұл елдің ядролық инфрақұрылымындағы барлық нысандарына жол ашып беруді талап етеді. Бұған қоса өткен жылы ғана АҚШ пен ЕО Иранға қатысты мұнай мен газды импорттауға және оны тасымалдау операцияларын сақтандыруға, Иранның орталық банктерімен қаржылық операциялар жүргізуге, тағысын тағы бір жақты шектеулер қабылдағанын тағы білеміз.
Енді не болмақ? Жоғарыда аталған келіссөздер халықаралық қауымдастықтың көңілін көншіте қоймады. «Р5+1» пішінінде өткен бастапқы екі келіссөзде делдал тараптар Иранды шешуші талаптарды орындатуға әрекет жасап бақты. «Алтылықтың» Теһраннан 20 пайызға дейін уран байытуды тоқтату және «Фордо» уран байыту зауытын жабу туралы талаптарын орындату әрекеті қазірше нәтижесіз деуге де болады. Егер бұл талаптар орындалар болса, онда «алтылық» бұған айырбас ретінде жаңа санкциялық шаралардың орын алуына жол бермейтінін алға тартып, сауда-саттықтағы қысымды азайтып, сондай-ақ «Р5+1» тобының өңделген ядролық материалдарды шетелге жіберу туралы талабын тоқтататынын ұсынуда. Алайда, Теһран бұл ұсыныстар теңдестірілмеген деп тауып, оны қайта қарауға шақырып келеді.
Келіссөздердің алғашқы күнінде бірде-бір делегация тарапынан да, Иран жағынан да ресми мәлімдеме айтыла қойған жоқ. Бұл олқылықтың орнын Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштонның баспасөз хатшысы Майкл Манн толтырып көруге ұмтылыс танытты. Бірақ күні бойы күткенімізде қысқа қайырылған баспасөз брифингі Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Алматыдағы келіссөздерде Иран жақсы бір мәмілеге келсе игі деген үміт отын тұтандырумен ғана түнді болдырды.
Бүгін, сәрсенбі күні, келіссөздер жалғасын табады. Иран ядролық бағдарламасына қатысты мәселе қазақ жерінде түпкілікті шешілмесе де, адамзат баласын ізгілікке жетелейтін ілкімді оқиғаларға орын табылып қалуы ғажап емес.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
–––––––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Юрий Беккер.