Жуырда Алматы жұртшылығына арналған айрықша жоба қолға алынған болатын. Алматылықтар мен қала қонақтары шаһардың әрбір ауданында ашық аспан аясында кино тамашалау мүмкіндігіне ие болды. 10 шілдеде басталған шараға екі мыңнан көп көрермен келген. Бүгінге дейін 4 фильм көрсетіліпті.
Алатаудан ескен салқын самалмен тыныстап, ашық аспан аясында фильм тамашалауға келген тұрғындар ұйымдастырушыларға дән риза. Бұл көңіл-күйді көтеріп, жаныңа жылылық сыйлайды дейді қала жұртшылығы.
«Аталған шараның басталғанына 4 апта болды. Тамыз айы бойы жалғасын табады. Ендігі жұмадан бастап біздің жобамыз кеңейіп жатыр. Оның да графигі жақында жария болады», – деді «Алматы бас жоспар» ғылыми-зерттеу институты басшысының орынбасары Қуат БАЙЫРОВ.
Еске салсақ, алматылықтар әр сенбі сайын отандық кинотуындыларды тамашалай алады. Көрсетілімнің тұрақты өтетін орны Абай даңғылы, Гагарин мен Жароков көшелерінің ортасында. Толық ақпаратмен Q-Lab қалалық жобалар зертханасының фейсбуктағы парақшасы арқылы танысуға болады.