Дүниежүзіне даңқы кеткен көне шаһарымыздың бірі – Отырар. Ескіше айтсақ, Түркістанда, жаңаша бағамдасақ, Орталық Азияның орта ғасырлық тарихында аса маңызды рөл атқарған қаланың дәл өзі осы «соры қайнаған» Отырар. (Неге соры қайнаған? Оған дабыл мақаланы оқу барысында көз жеткізесіз.) Басқасын былай қойғанда, Отырар ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің Отаны райында да дүние-ғаламға кең танымал. Көне деректер қаланың тарихтың бір кезеңдерінде күллі түріктің, Түркістан атты тарихи аймақтың астанасы болғанын айғақтайды.
Алтын Орданың бас қаласының да бірі. Отырар – Қазақстан аумағында күміс, мыс теңгелермен қатар, алтын ақша соққан орта ғасырдағы жалғыз қала. Алып жатқан аумағы жағынан Қазақстандағы мейлінше үлкен қалажұрт болып саналады.
Отырардың аса құнды тарихи ескерткіш екенін, онда Жапонияның мақсатты қорының «Көне Отырар қалашығын сақтау мен реставрациялау» жұмыстарын жүргізгені, нәтижесінде Қазақстан үкіметі тарапынан ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енгізуге ұсынуы айғақтай түседі. Қазақ елі Отырардай сан рет бабалар мұратымен гүлдеген, гүлдеген де сан рет көздің құртына айналып күйреген көне өркениеттік қазынасымен мақтана білуі керек-ақ. Әрине, мақтаныштың жөні бір бөлек, мақтанудан алдымызға жан салмайтын халықпыз, шүкір. Бірақ мақтанудан бұрын осындай адамзаттық өркениетке үлес болып қосылған жәдігерімізді жәбірлемей, әбіржітпей сақтай білу – елдік парызымыз болса керек! Қаз, зертте, қалпына келтір, жаңғырт, қазына байлықты жаһанға жарлай насихатта, кейінгі ұрпақты Отырар рухында тәрбиеле. Мақтан осындай сипатта болса ғана жарасады. Қазіргі заманғы басты мақсат – Отырарды болашақ үшін қаз-қалпында сақтап қалу! Бұл аса маңызды міндет, үлкен жауапкершілік! Сақтап қала алсақ қана ол тарих үшін де, тәрбие үшін де, шетелдік туризм үшін де сарқылмас қазына болып шыға келеді.
Ортағасырлық Отырар қаласының қирандысы бізге Отырартөбе атты археологиялық ескерткіш болып арып-ашып, жадап-жүдеп жетті. Ол өңірдегі орта ғасырлық қалалар шоғырының қағбасы. Осы аймақтағы әр нысанда – төбе мен төбешіктерде, топырақ үйінділерінде, өртең, күл қалдықтары қабаттарында қазақтың, қазақ қана емес, күллі түрік халықтарына қатысты құнды тарихи ақпар сақталған. Ішіне тылсым сыр бүккен ондай ескерткішті зерттеп, тану арқылы қазақ және түрік әлемінің мәдениеті, ғылымы мен тұрмыс-тіршілігі туралы білімімізді толықтырамыз. Сондықтан да көне Отырар құландыларын сақтап қалу мақсатында 1979 жылы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ұйымдастырылған еді. Археологиялық қорыққа кіретін ескерткіштердің қорғау аймақтары айқындалып (белгіленіп), онда (қирандыда) археологиялық қазба жұмыстарынан басқа бөгде жұмыстарға тыйым салынды. Көп жылдар бойы осы қағида, обалы кәне, сақталып келді.
Алайда соңғы уақытта аспан астындағы музей болып табылатын Отырар аумағында тарихи ескерткіш келбетіне нұқсан келетін жойдасыз жұмыстар жүріп кетті. Ешбір тарихи негізсіз Отырардың рабад бөлігінде ұзындығы бірнеше жүздеген метрлік жасанды, қазіргі құрылыс материалдарынан соғылған қорған көтеріліп, қақпа тұрғызыла бастады. Бұл жасанды құрылыс (Қақпа) Отырардың аса құнды мәдени қабаттарын бұзу арқылы салынғаны анық. Осыдан қалашықтың тарихи келбеті (ландшафт) адам танымастай өзгеріске душар болды. Отырарды қорғауға міндеттелген Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музей басшылығының заңға қайшы әрекеттерге немқұрайлы қарап, үнсіз отыруы таңғалдырады. Қорғауға міндетті дейміз-ау, қорғау былай тұрсын, Отырарды ай-күннің аманында ойрандай бастаған сол музей сабаздары болса ше?! Жасанды қорған жасағаны аздай, енді олар әлгі жасанды қақпадан Отырардың орталық бөлігіне қарай мәдени қабаттарды сырып тастап, тасжол сала бастады. Жолды салу үрдісі рабад аймағынан асып Отырардың орталық бөлігіне сұғына еніп кеткен. Демек ішкі жағын да қамтып отыр. Демек Отырартөбенің ішкі ағзасына зақым келді. Бұл теңдессіз тарихи ескерткішке жасалып отырған көзсіз қиянат! Оқыған, мәдениет саласының адамы, Мәдениет және спорт министрлігінде вице-министрдің кеңесшісі (өз айтуы) болып істеген музей басшысының бұл тірлігін қалай сипаттауды білмей дағдарасың. Бәлкім, «вандализм!»
Отырардың «ойрандалуы» бір бұл емес.
1960 жылы Отырардың қолдан қиратылған кірпішін алған надандықты көріп, көңілі құлазып қайтқан қазақ археологиясының атасы – академик Ә.Х.Марғұлан Отырардай тарихи жәдігердің жойдасыз бұзылып жатқанын, ол өрескелдікке жергілікті үкімет орындарының араша түспей отырғанын ашына жазған еді. «...бұл қымбатты қазынаға Шәуілдір ауданының кейбір шаруашылық орындары осы соңғы 20 жылдың ішінде қол сұғып, оның ғасырлар бойы сыр болып келе жатқан мүлкін бұза бастады. Аудандық мекемелердің кейбіріне кіргенде оның едендері осы Отырар қаласынан алынған кірпіштен төселгенін көресіз», деді ашынып Әлкей Марғұлан.
1960 жылы «Өскен өркен» романдар желісін жазу мақсатында (1961 ж.) оңтүстікті аралап жүрген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те Отырарға атбасын бұрғанда көргені – қиранды төбені трактормен қайта қиратып, кірпішін алып жатқан пайымсыздар. «Оны не істейсіңдер?», «Шошқа базасын саламыз...» Алып жазушы мен әлгі надандардың арасындағы алым-берім тілдесу. Бет-аузы домбығып, қаракүреңденіп кеткен жазушы айтарға сөз таппай атбасын аудандық партия комитетіне қарай бұра тартып жүріп кеткен екен. Ол аз болса облыстың орыс басшысы Макаровқа (романда Карпов) кіріп мән-жайды жеткізе айтып, бабалар рухы алдындағы адам айтса нанғысыз надандыққа тосқауыл қойған.
Енді, бірсыпыра тыныстаудан соң, академик К.Ақышев бастап қазып, археологиялық мектебін қалыптастырып, әлемдік ғылым-білім дүниесіне Отырарды кеңінен танытып үлгерген, «консервация», «реставрация» жетілген бүгінгі күні Отырарды қайта ойрандай бастағанымыз не бассыздық?!
Бір қызығы, қақпа-қабырға тұрғызып, тасжол салып «Отырарды қайта ойрандау» жұмыстары сырттан шапқан жаудың әрекеті емес, дүние-ғаламнан турист тартып, туризм жүйесі бойынша ауданға қомақты қаржы түсіруді көксеген ауданның басшы-қосшыларының «іскерлігі». Әмір аудан әкімінен болғанда орындаушылары – Отырарды қорлауға емес, қорғауға тиісті «Отырар археологиялық қорық музейі» басшысы (Ерсін Тәжібаев). Жасанды қорғанды қалай алдырып тастауды білмей отырғанда «Қақпа арасынан туристер жүріп өтетін аяқжол салайық деген едік, ризашылық берсеңіздер!» – деп қолымызды сұрап, музейдің директоры жеткен. Түсінікті жайтты түсіндіре алмаған басшы қағазына қол қоюдан бас тарттық кезінде. Енді, міне, қолынан келгенде қонышынан басып отырысы. Бұл Отырарға турист тартып, оны әлемге таныту емес. Бұл – Отырарды қорлау! О заманда, бұ заман шетелдің әуесқой туристері қолдан жасалған жасанды қақпа және ескерткішке қиянат етіп салынған тасжол үшін келмек емес. Оларды адамзаттық құндылық болып саналатын көне өркениет құландысы қызықтырады. Туристер қолдан жасалған жалған қақпа, әйтпесе бүгінгі технологиямен жасалған тасжолды (аяқжол) қызықтау үшін келмейді. Ортағасырлық Отырардай ғажап өркениет қирандысын көруге, тарихтан сабақ алуға келеді. Оларды жасанды қоспалар емес, шынайы тарихи ескерткіш, археологиялық қазба кезінде табылған тарихи жәдігерлік қызықтырады. Адамзаттық ғажайыптарды қорғау ұйымына (ЮНЕСКО) сұранып тұрған Отырардай таңғажайып ескерткіші бар елдерде турист жүретін аяқжолды тарихи жәдігерге зиян келтірмейтіндей етіп, ағаш тақтайлардан төсейді. Сонда ескерткіш беті сырылмайды, тарихи орын қазылып бүлінуге ұшырамайды.
Қысқасы, өзіміздің білімсіз дүмбілез әрекетімізбен Отырардай таңғажайып ескерткішімізді өкпелеттік. Осындай өзімбілермен, орашолақ әрекетімізбен аруақтар наласына ұшырасақ керек ендігі жерде. Осындай білімсіздікке қалай жол беріледі? Мұндай жойдасыз әрекеттерге (вандализм) жол берілетін себебі – соңғы жылдары тарихи-мәдени, археологиялық ескерткіштерді қорғау мекемесінің басшысы қызметіне музей, тарихи-археология саласына маманданбаған (арнайы білімі жоқ) кездейсоқ азаматтардың тағайындалуынан деп білеміз. Отырардағы жағымсыз әрекет – «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына қайшы! Заңның 39-бабының 3-тармағында «Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады» делінген. 42-бабында Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау жөніндегі заңдарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатыны айтылған.
Біріміз археолог, біріміз арнайы музейдің оқуын оқыған (дипломды) маман – профессорлар райында дабыл қағамыз! Жойдасыз әрекетімізбен ЮНЕСКО-ға ұсынылған Отырарға (Отырартөбе) жақсылық жасап отырған жоқпыз. Жасап отырған жасанды әрекетіміз ЮНЕСКО талабына қайшы. Қазақстанның Заңына да қайшы! Отырарды ойрандау! Келешек ұрпақ алдында масқара болмай тұрғанда Отырардағы бассыздықты тоқтатуды талап етеміз!
Құлбек Ергөбек,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Мұхтар Қожа,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Түркістан облысы