• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Тамыз, 2019

Таңбалытас тағдыры толғандырады

748 рет
көрсетілді

Маң дала маңғаз қалпынан жаңылмай көсіліп жатып алды. Ұшы-қиыры жоқ ұлан далада біз бабалар ізін іздеп келе жатыр едік. Баялышты, қара жусанды, қызыл изенді, жуалы жазықтың жұпар иісі бас айналдырады. Алдымыздан оқта-текте орғытып ор қоян өтеді. Қарсақ жолымызды кес-кестейді. Кешегі қойдай өріп жүрген киіктерді, ақбөкенді бүгін емге таппайсыз.

Шын мәнінде, Елбасы Н.Назар­баев­тың Ұлытаудағы толғауы руханиятқа қозғау салды. «Айғақ» телекомпаниясының бас директоры, облыстық мәслихаттың депу­таты Дулат Әбіш пен Созақ ауда­ны әкімінің біріккен жобасымен біз Қаратау мен Ұлытаудың жуан ортасындағы байырғы Шұ­бар теңізі жағалауында Нұра деген жердегі таңбалы тас­тың бүгінгі ахуалы және оны қор­ғау­дың жолдарына арналған экс­пе­дициямен суыт жолға шық­қан­быз. Экспедиция құрамына Бәйді­бек ауданындағы Қалдыбай Бай­менов атындағы жалпы орта мек­тебінің директоры Сәлкен Жора­беков, «Мырзаната» өнді­рі­стік кооперативінің төр­аға­сы Айдар Байысбеков, орда­ба­сы­лық өлкетанушы, тарихшы Сей­фулла Шадықожа, сондай-ақ қа­лам­герлер, тележурналистер енді. Созақ ауданы әкімдігінің жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Әбенұлы, Степ­ной кентінің әкімі Шекербек Оша­қапов, Жуантөбе ауылының биі Тұр­сынбек Әбілдаев экспеди­ция­­ға көмектерін көрсетіп, жолбас­шы болғанын айта кеткеніміз абзал.

Қыземшек кентінен ерте шық­қан біз Шеңгелдіге дейін шарша­май жеттік. Дәл осы тұстан таң­балы тасқа жеткенше әлі жиырма ша­қырым бар болатын. Мидай жазық далада қарауытқан белгі көрсек, арнайы бұрыламыз. Бірақ таңбалы тас тығылып қалғандай оңайлықпен табыла қоймады. Асылы, «тығылып» деген сөзді аузы­мызға Алла салып тұрған сы­ңайлы. «Қытайдың құпия ше­жі­ресі», «Моңғолдың құпия ш­е­жіресі» дегендерді әркім-ақ біледі. Кітабы, қағазы мен қаламы жоқ бағзы замандарда бабаларымыз Бетпақдаланың құпия қойнауында шежіресін сырт көзден таса жерге таңбалап кеткеніне көңіл кәдім­гідей иланады. Қабақ аталатын биіктен қарасаңыз, төменде теңіз табаны анық көрінеді. Бір замандарда мұнда телегей теңіз болғаны тарихтан белгілі. Теңіз жағалаулары қазірге дейін жақ­сы сақталған. Нұраның қара та­ба­­нында екі ақтаңдақ бірден көрі­­неді. Сорда тұздың мол қоры бар. Екі ақтаңдақтың бел омырт­қасынан батысқа қарай өрлесеңіз, шағын жыраның екі беткейін­дегі таңбалы тастың дәл төбесіне түсесіз.

Осы таңбалы тас туралы тұ­жы­рым қазақтың дара ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы­ның жазбаларынан табылған. «Бет­пақ шөлінде таңбалы Нұра деген жер бар еді. Сонда тасқа басыл­ған таңбалар бар. Үш жүздің баласы қазақтың таңбаларында т­алас болса, сол тасқа барып қа­­­ра­сады. Алаша ханның жар­лы­­ғы­мен басылған таңба десе­­ді», депті шежіреші. Әлкей Мар­ғұлан­ның жазбаларында да таңбалы тас туралы деректер бар. Ол: «Қазақ сахарасындағы мәде­ниет­тің бір жарқын түрі – тарихи дәуірлерде осы араны қоныстап келген тайпалардың тас бетіне қалдырған белгілері» деп жазады. Осы орайда таңбалы тасты 1840 жылы ресейлік ғалым А.И.Шренк зерттегені еске оралады. Шренк: «Таңбалытастың зор атаққа ие болуының себебі, бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған жері», дейді. Жазбаларға үңілсек, тайпалардың атақты билері мен батырлары осы жерде кеңес құрып, елді қо­ныс­тандыру мәселесін шешіп отыр­ған. Әр тайпаға арнап таңба беріл­ген. Сол таңба тасқа түскен. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың да таңбалы тасқа табаны тиген. «Қазақтың қазақ болған, ту тік­кен жері осы таңбалы тас өңірі», деп тұжырымдайды акаде­мик. Ал жазушы Ілияс Есен­берлин: «Керей мен Жәнібек хан тұсында қазақ рулары Нұраның Қаратұзына жиналып, үш жүздің жүйесін жасап, Асан қайғының ұйғарымымен таңба үлестірген», деп жазады.

Ұзақ жылдан бері Созақ жерін зерттеп жүрген тарихшы әрі қаламгер Сүлеймен Тәбрізұлының «Таңбалы тас – қазақ тарихының шоқтығы биік ескерткіші» атты кітабында Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай, Кенесары хандар кезінде Таңбалытасқа тәу еткен делінеді.

Шеңгелді, Нұра бойында кез­десетін қорымдар басындағы құл­пытастарда арабша жазулар мен таңбалар бар. Жыңғыл мен топырақтан араластыра тұр­ғы­зылған бейіттер бүгінге дейін бүтін жеткен. Олардың бастап­қы­дағы биіктігі 2,5-3 метрге дейін созылған. Кесектен тұрғы­зылған кесенелердің орындары әлі де көптеп кездеседі. Алайда, жырадан табылған жә­дігерді көріп, жылағымыз кел­ді. Осында аяғы жеткендердің көпшілігі Таңбалытасқа аттарын жазып, тарихи тасты бүлдіріп кеткен. Мұнда 1948 жылы арнайы экспедиция келген екен. Олар да соңдарына «мұра» қалдыруды ұмытпапты. Жыраның беткейінде жатқан жартастар үгітіліп, құлап қалған. Бұған саяхатшылардың да «үлкен үлес» қосқаны тайға таңба басқандай көрінеді. Шашылып жатқан тастардан таңба белгілерін құрастыру мүмкін емес. Жұмсақ құмдауыт жыныстарды жел кеулеп, үңгіп тастаған. Әлгі жыныс­тар мен үңгірлер ертегілердегі ға­жайып көріністерді көз алды­ңызға алып келеді. Әйтсе де баба­лары­мыздың ізі қалған, өсиеті қалған тарихи орынды бүгін­ге дейін күтімге алмаған кере­нау­­лығымыз күйіндіреді. Егер дәл осы таңбалы тасқа туристер тарт­сақ, ұялмай көрсететін жәді­гер­лік­тер әлі де жеткілікті.

Таңбалытастың талқандал­ған түрін көріп, жүрегіміз тулады. Ата-бабаларымыздың тарихи қолтаңбасы қалған жерді мұншалықты тоз-тозын шығарып бұзу ұлтымызға сын емес пе? Ендеше, әлі де болса таңбалы тас­тарды реставрациядан өткізіп, бастапқы қалпына болмаса да кейінгі кейпіне келтіріп қою қа­жет-ақ. Бұл орайда Созақтағы көне­­көз қариялардан, әуесқой зерт­­­те­ушілерден, жергілікті тарих­­шы­­лардан таңбалы тастың бұ­рын­­ғы бұзылмай тұрғандағы сурет­­терін іздестірсе әлі де табылады.

Жалпы, Созақ өңірінде тари­хи-мәдени ескерткіштер көп. Соның бірі – «Қаратау сілемдерінің таусылар тұсындағы Ақбикеш мұнарасы. 1254 жылы Кіші Ар­менияның патшасы І Гетум сонау Қарақорымдағы Мөңке биге барып, дәргейіне бас ұру үшін Созақ сахарасы арқылы өтеді. Ол осы сапарын егжей-тег­жейлі хатқа түсірген. Міне, сол жаз­баларда Хендахор қаласы (Ақ­сүмбе) туралы тоқталады. Жаз­баларда Ақбикеш мұнарасы жайлы дерек те бар. Ал Низам ад-дин Шами мен Шереф ад-дин Али Иезди «Зафарнама-и-Тимури» деген жазбасында «Ақсүмбе Қарашық (Қаратау) тауының биік жотасында сорайып тұрған мұнара» делінеді. Осы бір сегіз ғасыр бұ­рын­ғы көне мұнараның мұңын тыңдайтын да адам табылмай тұр.

Таңбалытастан шығып, оңтүс­тік-батысқа қарай бет алғаны­мызда бір қыраттың басында аға­рып тұрған белгіні көріп бұрыл­дық. Бұл Таңбалытастан алын­ған сынық көрінеді. Сили­кат кірпіштен тұғыр жасап, дөң­геленген таңбалы тасты осында орнатыпты. Тастың бетінде Ай бейнесі мен үш жүздің таңбасы бедерленген. Тұғырдың асты ойылып кетіпті де таңбалы тас бүйірлей құлапты. Егер осылай жамбастап жата берсе, көп кешікпей мұның да сынып бүлінері сөзсіз. Сондықтан бұл тасты биікте қалдырмай-ақ, тарихи орынына апарып, жыра беткейіне қойған дұрыс тәрізді.

…Баялышты, қара жусанды, қызыл изенді дала қараңғылық құшағында қалып барады. Менің ойыма ақын Жүрсін Ерманның «Баялыш» деген өлеңі түсті.

Жылдардан кейін соншама,

Санама менің жетті нық:

Нәсілің бұта болса да,

Бар екен сенде тектілік.

Әкемнің көзі деп біліп,

Шешемнің өзі деп біліп.

Отырмын енді отыңа,

Көзімнің жасын кептіріп!

Нәсілі құмдауыт болса да Нұра­дағы таста үлкен тектілік бар емес пе еді? Осындай киелі, қасиетті жерді қандай қол қалтырамастан қиратты екен? Енді бабалар сөзін бізге кім айтады? Осыларды ой­ла­ғанда жүрек қан жылайды. «Санасы оянған адамдар әлі-ақ Таңбалытасқа оралады. Оны қалпына келтіреді. Сосын бұл жерге туристер ағылады. Баба­лары­­­мыздың мықты екенін айтып мақ­танамыз», дейді мендегі үкілі үміт.

Иә, тарих табанымыздың ас­тында жатыр. Оған көз жұма қарап, таңбалы тасты тағылардай таптап, бүлдіруіміз кешірілмес күнә. Бағзыдан жеткен бабалар үні бізге осылай дейді.

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Түркістан облысы